Ол Батыс Қазақстан облысында қарғын судан қатты зардап шеккен Сырым ауданының орталығы Жымпитыға барған болатын.
Депутат: Дәл қазір бізге керегі – әрбір отандасымыздың амандығы
Фото: gov.kz
564
оқылды

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясының мүшесі Нартай Аралбайұлы еліміздегі су тасқынының салдарын барша жұрт бірігіп қана жоя алатынын жеткізді.

Ол Батыс Қазақстан облысында қарғын судан қатты зардап шеккен Сырым ауданының орталығы Жымпитыға барған болатын.

«Еліміздің бірнеше аймағы қарғын судың астында қалды. Арнасынан адасып аққан қызыл су үй-жайларды, қора-қопсыларды, мал-жанды түгелдей шайып кетіп жатыр. Судың нөпірімен құлаған көпірлерде, тас-талқаны шыққан трассаларда есеп жоқ десек болады. Мынау Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облысы секілді еліміздің бірнеше аймағынан келіп жатқан ақпаратты естігенде қабырғамыз қайсады. Дәл осындай сіз, біз болып, мынау жергілікті апат аймағында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар, еріктілер, Төтенше жағдайлар қызметі, үлкен жүректі азаматтарымыз бар. Барлығымыз бірігіп қана тілсіз жаудың алдын ала аламыз. Салдарын жоя аламыз десек те болады», - деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат қазір әрбір азаматтың амандығы ең басты мәселе екенін айтты. 

«Мемлекет басшысы үндеуін жариялады. Президент төтенше жағдайға тап болған, жапа шеккен барлық азамат мемлекет қамқорлығынсыз қалмайтынын, барлығына келтірілген шығын толықтай өтелетінін айтты. Дәл қазір бізге керегі – әрбір отандасымыздың амандығы», - дейді ол.