Ол қазіргі ең басты дүние халықтың амандығы екенін атап өтті.
Үлкен өзгерістерді талап ететін мәселе көп – депутат
Фото: видеодан кадр
550
оқылды

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың талабын шетінен орындап жатқанын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, тұрғындар жаңа үй салынғанша уақытша паналайтын вагон әкеліп беруін сұраған.

«Жағдай өте қиын, көріп отырсыздар. Басқа аймақтарды айтпағанда, Құлсарының өзі суға кетті. Су басқан бірінші күннен бастап әріптестермен Ақтөбе өңіріне барған едік. Сол кездегі ағайынның айтқан талаптарын шетінен орындата бастадық. Құмсай сияқты тек малмен күнелтіп отырған ауылдар бар. Жарайды эвакуациялады, бірақ ағайын малын тастап қайда кетеді? Шығын есептеліп, үй салынғанша жоқ дегенде 3-4 ай кетеді. Оған дейін уақытша паналайтын вагондар болса деген. Астанаға арнайы келіп, әріптестер атынан депсауал көтергенмін. Бүгін міне тұрғындарға вагондар жеткізіліп жатыр», - деді депутат.

Ол қазіргі ең басты дүние халықтың амандығы екенін атап өтті. Сонымен қатар үлкен өзгерістерді талап ететін мәселе көп екенін жасырмады.

«Су басқан аймақтарға барып, тұрғындардың айтқан өтініш, қойған талаптарын шетінен орындатып жатырмыз. Мәжілістің төрінде отырып, мәселені көтеріп қана қоя салған жоқпыз. Жағдай өте қиын. Елдің елдігі осындай сын сағатта көрінеді. Ең бастысы – халқымыздың амандығы. Осы қиындықты еңсеріп алайықшы. Нақты, үлкен өзгерістерді талап ететін мәселе көп. Уәде беремін, үнсіз қалмаспыз!», - деді Мақсат Толықбай.