Премьер-Министрдің орынбасары Атырау облысының әкімімен бірге Құлсары қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аумақты тікұшақпен ұшып көрді.
Атырауда төтенше жағдай режимі жарияланады
2,717
оқылды

Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы. 

Бүгін мен Жылыой ауданының Құлсары қаласында болдым.  Ондағы жағдай күрделі, бірақ  жаппай дүрбелеңге салынуға негіз жоқ. Өңірде су тасқынымен күресуге арналған барлық ресурстар бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдарға орта есеппен 3-4 күн қажет. Іс-қимылдың нақты жоспарын жасау, қажетті ақша сомасын бөлу, қажетті техниканы, сондай-ақ адами ресурстарды тарту қажет,  деді Қанат Бозымбаев ТЖ жөніндегі жедел штаб отырысы кезінде. 

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Атырау облысының әкімімен бірге Құлсары қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аумақты тікұшақпен ұшып көрді. Қанат Бозымбаев Жем өзенінің жай-күйін бағалады, сондай-ақ өңір басшылығына су тасқынына қарсы күрес бойынша бірқатар нақты тапсырма  берді.  

Мен Қазақстан теміржолы басшылығын шақырдым, өйткені, кейбір жерлерде үлкен суды ағызып жіберу мақсатында теміржолдың кей бөлшектерін тесіп жіберу қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде  Иректі су қоймасынан ағып жатқан су көлемі секундына 2 500 текше метрді құрайды, алға қарай ол көрсеткіш секундына 4-4,5 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан  бізде су тасқынына дайындалу үшін 20 күн бар. Біз төтенше жағдай режимін халықты дүрбелеңге салу үшін емес, су тасқынына қарсы күрес бойынша нақты іс-қимыл жасау үшін жариялаймыз, деді Бозымбаев. 

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, өңірде суды Атырауға жеткізбей Каспий теңізіне тікелей құятын су айдындарына бұру үшін арналар қазу қажет.

"Біз үшін ең басты міндет  Атырау жағалауын барлық жағынан нығайту",  деді Қанат Бозымбаев. 

Еске сала кетейік, 4 сәуірде Жылыой ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды, 2 500 үй су астында қалды, елді мекендерден 15 000 адам қауіпсіз орындарға көшірілді.

Баян Жанұзақова