Техногендік апаттар тосыннан, ескертусіз келеді. Ал су тасқыны сияқты төтенше жағдайларды болжауға бола ма? Бірақ Қазақстанның өңірлерінде жылда қайталанатын, қар суының жылдам еруінен, көктемгі жауын-шашынның көптігінен болатын су тасқынын алдын ала болжау қиын мәселе болып қалуда.
Су тасқынының алдын алуға бола ма?
Су тасқынымен күрес жылда жүргізіледі. Фото Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтынан алынды
1,620
оқылды

Еліміздегі соңғы 25 жылда су тасқынынан, бөгеттердің шайылуынан бірнеше ірі төтенше жағдайлар тіркелді. Бұл оқиғалардың салдарын талдау арқылы Aikyn.kz жергілікті билік әлі де олардан сабақ алмағанын көрсетеді.  

Батыс Қазақстандағы 2011 жылғы су тасқыны. Фото Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен алынды

Ауа райына байланысты туындайтын төтенше жағдайлар әлемнің барлық елдерінде болып тұрады. Дегенмен қазіргі ғылым мен технологиялық жетістіктер оларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Қар суының көп болатыны, елді мекендердің орналасуы, өзендердегі арналардың тарылуы сияқты болжамды өлшемдерді аймақтардағы жергілікті билік жақсы білуі тиіс. Басты жауапкершілік те әкімдіктерге артылады.

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек берілер, мал шығыны мен қираған мүлік те орнына келер. Ең бастысы, адамдарды аман сақтап қалу. Сондықтан апаттың алдын алу адам өмірін сақтаудың да, артық шығынды болдырмаудың да ең тиімді жолы екенін төмендегі мысалдардан көруге болады.

Қызылағаштағы апат

2010 жылдың 11 наурызында Қызылағаштағы бөгеттің бұзылуы Қазақстан тарихындағы ең жойқын су тасқынының бірі. Апат наурыздың 11-нен 12-не қараған түні 12 сағат 37 минутта 3 мың тұрғыны бар Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының жоғары жағында болды.

Қардың қарқынды еруі, толассыз жауған жаңбыр, сондай-ақ жергілікті биліктің немқұрайдылығы Қызылағаш су қоймасы бөгетінің жарылуына әкелді. Қызылағаш су қоймасы жекеменшіктің қолында болған. Су қоймасының қожайындары жазға егістік суғаруға суды көбірек жинағылары келіп, судың деңгейін ескермеген. 

Жағалауды бекіту жұмыстары. Фото Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтынан алынды

Салдарынан биіктігі 2 метрлік толқын Қызылағаш ауылын басып қалған, 45 адам қаза тапқан, оның ішінде 10 ұл және 5 қыз бала бар. 300 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алып, 2 000-ға жуық адам эвакуацияланған. 146 үйді су шайып кеткен, 251 үй қирап, 42-сі бұзылған. Сол кездегі Қазақстан билігі қаза тапқан әрбір адам үшін 500 мың теңге (3,4 мың доллар) төлеп, қираған, жарамсыз болған баспананың орнына жаңасын салып берген.

Мүлікті орнына келтіруге болар, бірақ адамдарды қайтара алмаймыз. Сондықтан апаттың алдын алу адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолы екенін жоғарыда біз келтірген мысалдардан көреміз.

Су тасқынынан жеке шаруашылыққа көп шығын келеді.  Фото inform.kz сайтынан алынды

Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы су тасқыны

Дәл осы жылы 2010 жылдың наурызында Шығыс Қазақстан облысында да үлкен су тасқыны болды. Су тасқыны Тарбағатай ауданында қатты болды, ондаған елді мекенді су басып қалды, бірнеше мың адам үйлерін тастап кетті. 14 мыңнан астам мал басы шығын болған.

Ресми мәлімет бойынша, Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратты су басқан. Жергілікті билік олардың жартысы қайта жөндеуге келмейтінін мәлімдеген. Төтенше жағдайлар департаменті 3 079 адамды басқа жаққа көшірген, көшірілген тұрғындардың арасында мүгедектер, қарттар мен балалар көп болған. Су тасығанда тұрғындар дүние-мүліктерін алып шыға алмай қалған. 

Төтенше жағдайлар қызметінің деректері бойынша, 2010 жылғы су тасқыны салдарынан Шығыс Қазақстан облысының 7 300 мың адам эвакуацияланған.

Алматы облысында Қызылағаштағы су тасқынымен күреске жұмылдырылған құрылымдар Тарбағатай ауданынан жіберілген. Олар жергілікті төтенше жағдайлар құрылымына тасқын судан төнетін қатердің алдын алуға және тасқын зардаптарын жоюға көмектескен.

Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуының салдары. Фото vesti.uz сайтынан алынды

Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы апат және оның Түркістан облысына әсері 

2020 жылы 1 мамырда көршілес Өзбекстанның Сардоба су қоймасында бөгет бұзылып, көршілес екі елдің елді мекендеріне, коммуникациялық желілері мен егістікке зақым келген. Түркістан облысында 4 ауылды су басып, 620 үй қираған. Мақтаарал ауданында 2 мамырда түнгі сағат  00:00-де төтенше жағдай жарияланған. 

Өзбекстанның Сардоба су қоймасы 2010-2017 жылдары салынған ірі мемлекеттік жоба болды. Оған мемлекеттік бюджеттен 1,2 трлн сум жұмсалған. Су қоймасын салудағы мақсат Сырдария және Жызақ облыстарының егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету болған. Қоймадағы су көлемі шамамен 922 миллион текше метрді құрайды.

Алғашында су қоймасы бөгеті  қабырғасының бұзылуына қатты жел мен жаңбыр себеп болғаны айтылды. Бірақ кейіннен Өзбекстанның Бас прокуратурасы жүргізген тексеруден кейін су қоймасындағы бөгеттің құлауына келесі факторлар себеп болғаны анықталды: жобалаудағы және бөгет құрылысындағы қателіктер, бөгетті пайдаланудағы технологияның сақталмауы.

Бөгеттің бұзылуы салдарынан Өзбекстанның Сырдария өңірінен 90 мыңға жуық адам көшірілсе, Түркістан облысынан 31 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Өзбекстанда 4 адам қаза тауып, 1 адам із-түзсіз жоғалған.

2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасында су тасқыны болып, 4 елді мекенді су алып кеткен. Олар: Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) ауылдары. Жалпы, 620 үйге зақым келген. Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланған, онда 7 000-ға жуық адам орналастырылған. Ең бастысы, адам шығыны болмаған. Облыстық маңызы бар Мырзакент – Жеңіс – Жаңа тұрмыс тасжолын су басқан. Көлік жүруі мүмкін болмай қалған.

2017 жылғы Ақтөбе облысындағы су тасқыны. Фото Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен алынды

2023 жылы Ақтөбе облысындағы су басқан аудандар

2023 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында 185 тұрғын үйді, 78 саяжайды және екі әлеуметтік нысанды еріген су басқан. Құтқарушылар 1 165 адамды басқа жаққа көшірген. 

Ақтөбеде ондаған ауыл су астында қалды. Облыс басшылығы Үкіметке аймақта су тасқынына қарсы іс-шаралар 2022 жылдың қыркүйегінде басталды деп есеп бергенімен, 2023 жылдың наурызында күннің күрт жылынуынан аймақта қар қарқынды еріп, нәтижесінде 13 наурыздан Қобда және Ойыл аудандарында су тасқыны болған. Бұл аудандарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Ойыл, Байғанин, Темір, Қобда, Шалқар аудандарында тұрғындардың үйлерін су алған.

Биыл да облыстың Әйтеке би, Байғанин, Темір және Мұғалжар аудандарында су тасқыны тіркелген. 1  сәуірдегі жағдай бойынша, елді мекендердегі 800-ге жуық үйге залал келген. 3 700 адам уақытша эвакуациялық бекеттерді паналауда. Қобдада 237 үй су астында қалған. Ойыл ауданының Қаратал, Екпетал, Ақкемер ауылдарында 300 үй суға кеткен.

Атыраудағы жағдай

Кеше Құлсары қаласынан Атырау қаласына тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілгені хабарланды. 4000-нан астам жергілікті тұрғын, оның ішінде 1000 бала көшірілген. Құлсары қаласында 2500-ден астам жеке тұрғын үйді су басқан.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 745 адам мен 280-нен астам техника жұмылдырылған. Оған 4 мыңнан астам еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылған. 

Жем өзенінің өткізу қабілетін арттыру үшін жарылыс жұмыстары басталған. Жағаны нығайту үшін инертті материалдар салынған қаптар төселген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеуде. Фото Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтынан алынды

Қорытынды

Жылда қайталанып отырған су тасқынының алдын алуға бола ма? Бұл табиғаттың төтенше мінезі ме, әлде жергілікті биліктің немқұрайдылығы ма? Президенттің тасқын су басылған соң Үкімет пен әкімдіктерге қоятын басты сұрақтары осылар болады деп ойлаймыз. 

Ал қазіргі басты міндет адамдардың амандығы, оларды тасқыннан қорғау, үйсіз қалған адамдарға шұғыл қаржылай көмек беру, азық-түлік пен киім-кешекпен қамту, құжаттарын қалпына келтіру,  басқадай көмек түрлерін көрсету. 

Мемлекет басшысынан бастап, Премьер-Министр мен әкімдер бұл мәселелер шешіледі деп мәлімдеді. Зақымдалған үйлер жөнделеді, қираған үйлердің иелеріне жаңа баспана беріледі. Мұның бәрі тұтас ел болып, мемлекет пен қоғам болып шешіледі деп сенеміз.

Үкімет болса су тасқынын алдын ала болжау, олардың салдарын жұмсартуға байланысты кешенді әрі жүйелі шешімдерді ғалымдармен, әсіресе, гидролог, гидроэколог және гидротехник сияқты мамандармен ақылдасып барып қабылдаса дұрыс болар еді.