Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жыл көлемінде Үкіметке корпоративтік несиелендіруді жандандыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды бірнеше рет тапсырған болатын.
Несие – өндіріс ауқымын арттыруға негіз
коллаж: Елдар ҚАБА
916
оқылды

Тіпті,  Қазақстан халқына  арнаған биылғы Жолдауында: «Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады... Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді. Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ», – деп нақты тапсырмалар берген.

Сарапшылар да базалық мөлшерлеменің жоғары дең­гейде болуы банктердің үлкен пай­даға кенелуіне әсер еткенін ай­туда. Дегенмен Ұлттық банк ин­­­фляциямен күресу үшін ба­за­лық мөлшерлемені қаншалықты кө­тергенімен де, инфляция ре­кордт­тық көрсеткіштерге дейін өс­кен еді. Тек ұлттық валюта ны­ғай­ғанда ғана қымбатшылықтың қарқыны бәсеңдеген. Қазір кез кел­­ген нарықта несиенің рөлі өте маңыз­ды. Ол бүкіл экономикалық жүйе­нің алдында тұрған мәсе­ле­лер­ді шешеді. Себебі кредит ай­на­­­­лымда жүрген бос ақша құрал­да­рын капиталға қажеттілік туын­­­­­­­даған нарық субъектілеріне қолжетімді ете түспек. Осылайша, несие ақша ай­­налымы процесін жылдам­да­тып, сақтандыру, инвестициялар се­кілді бірқатар қаржылық бай­ла­нысты орнату арқылы нарықтық қатынастарды реттеуде маңызы үлкен. 

Еліміздегі несие жүйесінің қа­зіргі құрылымы индустриалды да­­­мыған елдердің моделіне жа­қын. Әрине, мамандардың сөзін­ше, кәсіпорындарға, ұйымдарға және халыққа қаржылық несиелік қызмет көрсету экономикалық құрылымдардың дамуында өте маңызды рөл атқарады. Тұтастай ал­ғанда елдің экономикалық даму қарқыны қаржылық тетіктердің тиім­ділігі мен үздіксіз жұмыс іс­теуі­не пара-пар. Сол себепті де Ұлт­тық банк экономиканы не­сие­лердіру барысында кәсіпкерлікке беріл­ген несие мен тұтынушылық несие арасындағы баланстың сақ­талуын жіті қадағалап, назарында ұстайды.

Соңғы уақытта елімізден санк­цияларға байланысты эконо­ми­каға несие беруші екі ірі субъекті на­рықтан шыққаны белгілі. Со­ның әсерінен былтыр Мемлекет бас­шысы отандық нарыққа тек эко­номиканы несиелендіруде тә­жі­рибесі мол, үш жаңа шетелдік банкті әкелуді талап етті. Қазір «Бәй­терек» холдингінің хабар­лауынша, катарлық инвесторға Bereke банкін сату бойынша бас­тапқы кезеңдегі келіссөздер жүр­гі­зілуде. Сарапшылар Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге тәуе­келі төмен жолмен 16,5% мүм­кіндік бергендіктен, қаржы ұйым­дары экономиканы несие­лен­діруге құлықсыз деген пікірде. 

Бірақ несиелік импульс бол­­маса, бір бюджеттің кү­­­­­шімен экономикалық көр­сет­кіш­терді көтеру мүмкін емес. Мә­селен, Қытай екі мыңыншы жыл­дары несиені қолжетімді ету ар­қылы экономикасын көтеріп, жыл сайын 8-12% - ға өсті, тек 2010 жылдардың ортасына қарай даму қарқыны 6-7%-ға дейін баяу­лағанын білеміз. Аспан асты елі­нің даму жолындағы алғы­шарт­тар, яғни ішкі инфрақұры­лым­ның төмендігі, арзан жұмыс кү­ші, банктердегі өтімділік дең­гейі біздің елге де тән. Демек қазір тек несиелік импульс жетіс­пей­тінін көреміз.

Несие өндіріс пен ақша ай­на­лымының артуын ынталандырып қана қоймай, макро және микро эко­номикалық деңгейдегі өнді­ріс­тің ауқымын кеңейтуге, ресурс­тық әлеуетті үнемді пайдалануға ықпал етеді. Сондай-ақ жеңіл­дік­пен берілетін несие, кәсіпкерлерге жыл­дам арада капиталын ар­т­ты­рып, бәсекеге қабілетті болуға мүм­кіндік алады. Бұл өз кезегінде стаг­нацияға ұшыраған немесе дағ­дарыстар әсерінен есеңгіреп ең­се­сін тіктей алмай жүрген кәсіп ие­лері үшін, өз қызметін қайта жан­­­дандыруға жол ашады.

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту жөніндегі агенттігінің де­рек­теріне сүйенсек, екінші дең­гей­дегі банктер 2023 жылы эко­но­ми­каға берген кредиттер көлемі 22,4%-ға ұлғайып, 27,9 трлн тең­ге­ге дейін өскен. 

2023 жылы ЕДБ 30,3 трлн тең­ге­ге жаңа кредиттер берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық. Заңды тұлғаларға бе­рі­летін кредиттер көлемі бір жыл ішінде 11,9%-ға, 9,7 трлн тең­­­­­геге өскен. «Жоғары пайыздық мөл­шерлемелердің сақталуына қара­мастан, кредит қабілеттілігін ба­ғалау бағдарламаларының нә­ти­жесінде 2023 жылы заң­ды тұл­ға­ларға кредиттердің жыл­дық өсуі соңғы 12 жылда ең жо­ғары көрсет­кіш­ке жетті», – де­лін­ген баянда­ма­да.

Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъек­ті­лерінің жиынтық несие көлемі был­тыр 16,7%-ға артқан. «Мұның бас­­ты себебі соңғы жылда ШОБ су­­­­бъектілеріне тиесілі несие көлемінің артуы болып отыр.Ол 58,6%-ды құрап 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Жалпы, алғанда былтыр жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілері 15,5 трлн теңге сомасына жаңа қарыз­дар алған. Бұл 2022 жылмен са­лыс­­­тырғанда 22,1%-ға артық» де­­­лінген реттеушінің хабар­ла­ма­сында.

«Экономикалық зерттеулер инс­титуты» АҚ бәсекелестік ор­та­ны зерттеу орталығының дирек­то­ры Дарина Кеңестің пікірінше, Ел тәуелсіздік алған күннен бас­тап жеке сектор Қазақстанның да­муына елеулі үлес қосып келеді. Сон­дықтан кәсіпкерлікті дамыту мә­селелері нарықтық эконо­ми­ка­ны қалыптастыруда маңызды рөл­ге ие. 

– 2023 жылдың 3 тоқсанының қо­рытындысы бойынша эко­но­ми­кадағы ШОБ үлесі 36,5%-ды құ­рады, бұл 2013 жылмен салыс­тыр­ғанда 2 есе көп. ШОБ даму ди­­намикасының оң көрсет­кіш­те­ріне қарамастан, бизнесте сапалы құ­рылымдық өзгерістердің жоқ­ты­ғы байқалады. Бұған бірқатар проб­лемалық мәселе, қаржы­лан­дыруға қолжетімділіктің төмен­ді­гі, әкімшілік кедергілердің болуы, мем­лекеттік бағдарламалардың тиім­ділігінің жеткіліксіздігі, бәсе­ке­лестіктің төмен деңгейі және та­ғы басқа әсер етеді. Жеке қар­жы­ландыру әлі де өте. Себебі екін­ші деңгейлі банктер несиені 12-ден 20%-ға дейінгі диапазонда пайыз­бен ұсынса, микроқаржы­лық ұйым займдары орта есеппен 21-45% дейінгі аралықта үстеме мөл­шер­лемемен беріледі. Сонымен қатар кепіл мүлкінің тапшылығы не­месе өтімділігі, әсіресе ауыл ша­руашылығы тауарын өндіру­ші­лер үшін өзекті мәселе. Бұл қар­жы­ландыруды одан әрі қол жетім­сіз ете түседі, – дейді ол.

Маманның пікірінше, кә­сіп­орын­дарда негізгі құралдарды жаңа­рту мәселесі өзекті. Мәселен, Ұлт­тық статистика комитетінің де­рек­теріне сәйкес 2022 жылы рес­публика бойынша кә­сіп­орын­дардың негізгі құралдарының тозу дәрежесі 46,2%, жаңарту коэф­фи­циен­ті 9,7%, тарату коэффициенті – 1,1% құрады. Бұл өз кезегінде тауар­­лардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді.

– Әлемдегі геосаяси жағдайды да ескеру қажет, осыған бай­ла­ныс­­ты еліміз кейбір кәсіпорындар үшін санкцияларды айналып өте­тін негізгі эпицентрге айналды. Мә­­­­селен, 2024 жылдың басында Қа­­­зақстанда жұмыс істеп тұрған ре­сейлік компаниялардың саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен са­­­лыс­тырғанда 19%-ға өсіп, 19 мың­­­нан асты. Сол себепті отан­дық биз­нестің мүдделерін ескере оты­­рып ашық экономика прин­цип­­терін ұстанған абзал. Қазір отан­дық кәсіпкерлік жалпы қо­сыл­ған құнның 35%-дан астамын құрай­ды, сондай-ақ экономи­ка­лық белсенді халықтың шамамен 45%-ын жұмыс орындарымен қам­­та­масыз етіп отыр. Салыс­ты­р­малы түрде жақсы көрсеткіштерге қа­рамастан, Қазақстанда кәсіп­кер­лікті дамыту деңгейі ЭЫДҰ ел­деріне қарағанда едәуір төмен. Атап айтқанда, мұнда шағын және орта бизнестің үлесі орта есеппен 50-60% құрайды. Негізгі себептің бірі ШОБ субъектілерінің өнім­ді­лігі төмен салаларда шоғырлануы жә­не олардың өмір сүру дең­гейі­нің төмендігі. 2024 жылғы 1 қаң­тар­дағы жағдай бойынша шағын кә­сіпкерлік субъектілерінің ша­ма­мен 75% – ы, ал орта бизнестің 55% -ы қызмет көрсету саласына тие­­сілі, – дейді Дарина Кеңес.

Сарапшы елдегі кәсіпкерлік секторында тұрақты өсу мен әртүрлілікті ынталандыру үшін бизнесті жүргізуге қатысты сая­сатты қайта қарау қажеттілігін атап өтті. Оның айтуынша, жо­ға­ры­да аталған факторлар өндірістің тиім­ділігі төмендеп және елдің әлем­дік нарықтардағы бәсекеге қа­бі­леттілігінің шектелуіне әкелуі мүм­кін.

– Бүгінде ШОБ секторында тір­келген субъектілер саны – 2,2 млн. Олар 4,3 млн азаматты жұ­мыс орындарымен қамтамасыз етіп, барлық коммерциялық кә­сіп­орындардың 85%-дан астамын құрап отыр. Шын мәнінде, ресми статистикаға сәйкес, шағын кә­сіп­керлік субъектілерінің шама­мен 30%-ы ғана он жылға дейін на­рықтағы бәсекелестікке төтеп бе­ре алады. Ал орта және ірі кә­сіп­орындар арасында жүз жылға жуық жұмысын жалғастыра ала­тындар шамамен 70% құрайды. Де­генмен отандық компания­лар­дың орташа жасы ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда 1,5 есе аз. Со­нымен қатар соңғы 5 жылда заң­ды тұлғалар арасында қызметін тоқтату үрдісі белең ала бастады. 2018 жылдан бастап 114 мыңға жуық жаңа кәсіпорын тіркелсе, ке­рісінше 142 мыңға жуық кәсіп­орын жойылған. Жаңадан ашыл­ғандар мен жұмысын тоқтатқан ме­кемелердің қатынасы 1,2-ні құ­­райды. Бұл Қазақстандағы кә­сіп­орындардың өмір сүру дең­гейінің төмендігін айқындайды, – дейді Экономикалық зерттеулер инсти­тутының маманы.

Сондай-ақ ол елімізде «мәж­бүрлі» кәсіпкерліктің деңгейі жо­ға­ры және кәсіпкерлердің құқық­тық мәдениеті төмен екенін сөз етті. Себебі отандық кәсіпкерлер ара­сында шынайы кәсіпкерлерге тән емес құндылықтар әлі де ба­сым. Сондықтан Қазақстанда биз­­­нестің өркендеуі туралы айту ер­те­рек деген пікірге тоқталды ма­ман.

Бұл мәселені Мемлекет бас­шысы да айналып өткен жоқ. Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Кәсіпкерлер арасында ескі әдіспен әрекет ету­ге, өз мүдделерін қолдауға, же­ке мә­селелерді мемлекет есебінен ше­шуге деген ұмтылыс бар» деп сын айтқан болатын. Президент «биз­нес капитандары барлық са­ла­да белсенділік танытып, отан­дастарына қол ұшын созу арқылы әлеуметтік жауапкершілігін ат­қару қажетін еске салды. Сонда ға­на тұтас әрі бәсекеге қабілетті эко­номиканың негізі қаланбақ.

Кәмила ЕРКІН