Бүгінде Алматы қаласы еліміздегі экономикалық маңызы зор аймақтардың бірі екенін ескерсек, тиісінше өндіріспен айналысуды мақсат тұтқан кәсіпкерлер мен жас ғалымдардың көпшілігі оңтүстік шаһарда шоғырланған.
Әтір жасайтын ару
538
оқылды

Олардың арасында елден жыраққа кетіп, шетелде білімін жетілдіріп келген тәжірибелі мамандар да бар. Солардың бірі «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қызметкері Гүлжан Түзелбаева. Ол қазір Қазақстандағы парфюм өндірісінде бірнеше әтір өнімдерін жарыққа шығарып, осы салаға кәсіби түрде бет бұрған маман. 

Бір қызығы кейіпкеріміз үш бірдей мамандықты иеленген. Оның алғашқысы – қаржыгер, екіншісі – актер, үшіншісі – парфюмер. Мамандық таңдау жолында бастапқыда өзге салаға назар аударса да, Гүлжанның парфюмерия саласына деген қызығушылығы мен ерекше ынтасы бұрыннан болған. Парфюмерия өндірісі елімізде әлі толық дамымаған. Сондықтан кейіпкеріміз білімін шыңдау үшін Францияда орналасқан Грасс парфюмериялық институтында білім алуға мүмкіндігі туып, шетелдік оқу орнында тәжірибесін жетілдіреді. Кейінірек әлемде пандемия басталған уақытта парфюмерия саласымен тұрақты түрде айналысуға білек сыбана кіріскен.

– Парфюмерлік өнімдерімнің ең басты ерекшелігі – Қазақстанда жасалуы. Біз хош иістерді шығарып, олардың құрамымен жұмыс істейміз. Қазір өсімдіктер мен гүлдерден табиғи ингредиенттерді жасап отырмыз. Мәселен, қазірдің өзінде алматылық раушан гүлінің сығындысы бар. Онымен қоса кейбір синтетикалық элементтерді синтездеумен айналысамыз. Парфюмерия – менің арманым. Осы уақытқа дейін маған түрлі хош иістегі әтір ұнайтын. Мен елімізде қазақша атауларға ие жеке брендімнің болғанын қаладым,– деп бастады әңгімесін парфюмер.

Парфюм әзірлеуде француз флакондарын қолданады

Гүлжан осы уақытқа дейін Қазақстанда парфюмерия ісін дамытуға талпынған кәсіпкерлердің аз болмағанын, алайда олар көбіне шетелдік маманды тартумен шектелгенін айтады. Парфюмерияның классикалық формулаларымен қоса ұлттық нақышты қатар қолданатын Гүлжан өнімдерінің халықаралық талапқа сай болуын басты назарға алады. 

– Мен тек жоғары сапалы шикізатпен жұмыс істеймін. Әлемдегі өзге парфюмерлер сияқты мен де біршама ингредиенттерді Франциядан аламын. Сондай-ақ өзім де ингредиенттерді әзірлеймін, бірақ бұл процесс әлі де алда деп ойлаймын. Мүмкіндігінше Қазақстаннан қосымша материалдар алып, ұзақ уақыт бойы ізденемін. Қорапшалар мен басқа да құрамдас бөліктерін Алматы қаласында жасаймыз. Ал флакондарға байланысты уақытша мәселелер туындады. Біз осы кедергілерді алдын алып, шешімін табуға барынша тырысамыз. Меніңше, Қазақстанда парфюмерия ісін дамыту үшін ең бастысы дамуға деген ұмтылыс маңызды. Сонда ғана ойлаған мақсатты өз елімізде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, флакондарды Қазақстаннан табу оңай емес. Сондықтан біз қазір парфюм әзірлеуде француз флакондарын қолданамыз. Негізі, Қазақстан парфюмерия өнімдерін импорттайды. Бізге парфюмерия өндірісін жан-жақты дамытып, осы салада алға жылжу қажет. Қолымыздан бәрі келеді, бәрі өзімізге байланысты, – дейді ол.

«Алматы апорты», ОТ, Nauryz

Кейіпкеріміздің алғашқы туындысы «Алматы апорты» деп аталады. Алғашында дипломдық жұмыс үшін шығарылған өнім кейіннен көптің көңілінен шығып, нәтижесінде парфюмды сатып алуға ниет танытушылар көбейген. Гүлжан иіс суларды шығару барысында оның неден жасалғанына, кімге арналғанына, сондай-ақ қандай затпен байланысы бар екеніне баса мән беретінін айтады. Парфюмер топтамадағы иіс сулардан бөлек, жеке адамға арнап жасалатын парфюмдарға тапсырыс қабылдайды. 

– Мен «Алматы апортынан» кейін «Жаңа апорт» деп аталатын жаңа алма хош иіс суын жарыққа шығардым. Көкжайлаудағы қайыңның хош иісі бар – AMIR, сондай-ақ «Алматы раушандарынан» «Минерал раушан» деп аталатын парфюм жасаймын. Одан өзге топтамамда трендте болған AIDA, JIU JITSU (спорттық иіс сулар), OT, Makhabbat және тағы басқа заманауи хош иіс сулары, жаңа иіс сулардың қатарында Nauryz және тәтті хош иісі бар SEN&MEN парфюмдері бар. Әзірге топтамада 10 парфюм бар, алайда бұл өндірістің баста­масы ғана. Жеке адамға арнап иіс су әзірлеймін. Әрине, әр адамның талғамына сай өнім дайындау қиынырақ, бірақ қызықты деп ойлаймын, – дейді жас ғалым.

Құны  30 000 теңгеден бастап бағаланады

Парфюмердің сөзінше, топтамадағы иіс сулардың ішіндегі ең танымал өнім – «Алматы апорты» болса, ерлер арасында – «ОТ» иіс суына сұраныс жоғары көрінеді. Сұхбат барысында кейіпкерімізден иіс судың бағасын сұрап көрдік. Мұнда әрбір парфюм құны оның жасалу процесінің күрделілігіне, құрамына қарай бағаланады.

– Қазір мен бәрін өз қолыммен жасаймын. Иіс суды әзірлеймін, ыдысқа толтырамын және соңында жабамын. Шынында, бұл аз уақыттың ішінде аяқталатын оңай шаруа емес. Сәйкесінше, иіс сулардың құны да қымбат. Парфюм құны 30 000 теңгеден бастап бағаланады. Одан бөлек, мен иіс суларға сай әдемі қорапшаларға, стикерлерге және жарнамалық материалдарға тапсырыс беремін. Әзірге парфюм бағасы әмбебап, бірақ кейбір иіс сулар құрамына байланысты қымбат тұрады, – дейді алматылық парфюмер Г.Түзелбаева. 

Гүлжан парфюмерия кәсібін дамытуға арналған жобасын ғылыми тұрғыда қорғауды көздеп отыр. Егер қорғау сәтті аяқталып, жеңіске жетсе жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтады. Ол болашақта парфюмерия өндірісін отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда түрлі шөпті өсіруді қолға алмақ. Онымен қоса, жас ғалым алдағы уақытта аймақтарға барып, сол жердің өсімдіктерінен олардың жергілікті ерекшеліктеріне сай парфюм жасап көргісі келеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы