Еуропада жасалған, сынақтан сәтті өткен ұшатын көліктің технологиясын қытайлық компания сатып алды. Қытайға жаңа технология бермеуге батыстық елдердің қауқары жетпейтін сияқты.
Еуропалық ұшатын көлік технологиясы Қытайға сатылды (видео)
Қытайдың ұшатын көлігі. Фото XPeng сайтынан алынды
1,399
оқылды

Кәдімгі көліктен екі минут ішінде ұшаққа айналатын гибридті қытайлық компания сатып алғаны туралы bbc.com сайты жариялады. Aikyn.kz  мұндай технологиялық трансферттің мағынасын британдық басылымға сілтеме жасай отырып талдайды.

AeroMobil көлігі де ұша алады. Фото nashipoezda.ru сайтынан алынды

2021 жылы BMW қозғалтқышы және бензинмен жүретін AirCar көлігі Словакияның екі әуежайының арасында 35 минутта ұшып барғаны белгілі. Бұл технология бойынша көліктен ұшаққа ауысуға екі минут қана уақыт керек. Енді осы технологияның негізінде жасалған көліктер Қытайдың «белгілі бір географиялық аймағында» жұмыс істейтін болады.

Штаб-пәтері Канчжоу қаласында орналасқан Hebei Jianxin Flying Car Technology компаниясы AirCar ұшақтарын Қытайда өндіруге және пайдалануға ерекше құқықтарды сатып алды.

Компания өзінің әуежайы мен ұшу мектебін басқа словакиялық ұшақ өндірушісінен бұрынырақ сатып алғаннан кейін салған. Бұл туралы AirCar-ды жасаған KleinVision компаниясының негізін қалаушы Антон Заяк мәлімдеді.Электрлі көлік революциясының көшін бастаған Қытай қазір ұшатын көлікке арналған шешімдерді белсенді түрде әзірлеуде. Өткен айда Autoflight компаниясы Шэньчжэнь мен Чжухай қалалары арасында жолаушылар таситын ұшқышсыз ұшақты сынақтан өткізді. Бортында жолаушы болмаса да, көлікпен үш сағатқа созылатын жолды ұшақ 20 минутта ұшып өткен. Ал 2023 жылы қытайлық eHang компаниясы қытайлық шенеуніктерден өзінің электрлі ұшатын таксиі үшін қауіпсіздік сертификатын алды. 

Ұлыбритания үкіметі 2028 жылға қарай ұшатын таксилер аспандағы қарапайым көрініске айналуы мүмкін екенін айтуда. Бірақ AirCar көлігі дрон тәрізді тігінен көтерілмейді немесе қонбайды, оған арнайы ұшу-қону жолағы қажет.

KleinVision технологияны қаншаға сатқанын айтудан бас тартқан. AirCar 2022 жылы Словакияның көлік басқармасынан ұшуға жарамдылық сертификатын алды және осы жылдың басында YouTube платформасында жарияланған видеода көрсетілді.Бұл көлік түріне инфрақұрылым, реттеу және технологияны қоғамдық қабылдау тұрғысынан әлі де айтарлықтай кедергілер бар.

«Жеке тасымалдаудың бұл батыл жаңа әлемі керемет қызмет етеді. Батыс кейде осыған байланысты істерді бәсеңдетуі мүмкін. Қытай мұны алға ұмтылу мүмкіндігі ретінде қарастыруда», – дейді авиациялық кеңесші Стив Райт.

Осыған ұқсас алаңдаушылықтар бір кездері Қытай әлемдік нарықта көшбасшыға айналған электр көліктеріне де қатысты айтылған. Словакияның AirCar көлігінің сатылуы Қытайдың ұшатын көліктер сегментінде де көшбасшы болуға ұмтылысын көрсетеді.