Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин мен Аманжол Әлтай малы жұттан қырылған тұрғындардың мәселесін көтерді. Елдің мұңын айтып Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Ұлытаудағы жұт: депутат ауыл шаруашылығын дамыту үшін алған несиеге кешірім жариялауды ұсынды
Фото: gov.kz
534
оқылды

Депутаттың айтуынша, Арқада мал қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына бір жарым айдан асты.

Тек қана Қаражалдың өзінде  566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама? Жұт тек Ұлытау жерін ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай қыспақ жыл да оңайға соқпайды. Осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезінде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды. 

Қыстың ортасында жауған жауынды көріп, біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады.

Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылығы министрлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады. 

Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр. 

Кешегі коронавирус пандемиясы кезінде Жаңаарқаның шаруалары бал қымызы мен шипалы саумалын Астана мен Қарағанды облысының ауруханаларына тегін жеткізіп, науқастардың сауығып кетуіне көмектесіп, пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге күш-қуат бергенін қалайша ұмытамыз?! Сары қымыз сапырған сәнді келіншектер қымызды күбіге құйып, күрпілдетіп пісіріп, бір уақытта 10 мың литр қымыз дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына еніп, қазақтың дәстүрін әлемге паш еткен Жаңаарқаға мұндайда қол ұшын созу, білген адамға міндет еді.

«AMANAT» партиясының фракциясы шаруалардың қиын мәселесіне бей-жай қарай алмайды.

Жұтап қалған елдің еңсесін көтеру мақсатында:

  1. Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малды санаққа енгізуге рұқсат беру (халық аузында «зеленый коридор» деп аталып кеткен);
  2. Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау;
  3. Жұттан титықтаған шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау;
  4. Мал өлекселерін жойып, малға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмысын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет.