Қазақстанда қымбатшылық бой беретін емес. Ұлттық статистика бю­росы бағалардың тоқтаусыз көтеріліп бара жатқанын кезекті рет тіркеді.
Қымбатшылық қияға тартып барады
коллаж: Елдар ҚАБА
379
оқылды

Барлық бағаны құрықтай алмасын түсінген Үкімет ен­­ді тек халықтың кедей топтары көп тұтынатын тамақ өнімдерін қым­­батшылықтан құтқарып қалуға күш салмақ. Осы мақсатта әлеу­­меттік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын шектен тыс көтергендерге жаза қатайтылатын болды.

10 өңірді қымбатшылық жайлады

1 сәуірде Ұлттық статистика бюросы инфляцияға қатысты өткен айды қо­ры­тындылаған есебін жария етті. Жағ­дай мәз емес көрінеді: еліміздегі инф­ля­ция 2024 жылғы наурызда, жылдық мән­де 9,1% болды. Бұл 2024 жылғы ақ­­­­­пандағыдан (9,3%) шамалы аз. Әйт­кенмен бұл қымбатшылықтың тұсау­лан­бағанын білдіреді. 

Статистика мамандары түзген ин­ф­ляция графигі бір биік таудан екіншісіне өрмелеп бара жатқан альпинисті елес­те­теді, бірақ оның «өрмелеп шығып, кім болатыны» белгісіз. Сонымен өткен нау­рыз айында ақылы қызметтердің ба­ғасы 13,2%-ға (2024 жылғы ақпанда – 12,8%), азық-түлік емес тауарларға – 8,2%-ға (ақпанда – 8,5%), азық-түлік тауар­ларға – 6,9%-ға (ақпанда – 7,4%) өсті.  

Жалпы, инфляция бойынша жаһандық рейтингте көш бастап тұрған Аргентинада бағаның құнсыздануы жылдық мәнде 211%-ға, Ливанда – 192%-ға, Венесуэлада 190%-ға жетті. Бестікке 65 пайыздық ин­­­фля­­­­циясымен бауырлас Түркия да кі­­­ріпті. Бірақ бұған біз масайрай аламыз ба?

Өйткені ТМД көлеміндегі ең жоғарғы инфляция Қазақстанда қалыптасты. Мы­­­салы, Грузияда инфляция биылғы ақпан­­­ның қорытындысында бар-жоғы 0,3% ғана болған. 

Статистика органы елімізде баға құн­­­сыздануына сұрапыл серпін беріп жатқан драйверлерді атады. Былтырғы наурызбен салыстырғанда, мысалы, тарифтер кәрізге (су бұруға) – 42%, суық суға – 36,5%, орталықтан жылытуға – 33,2%, ыстық суға – 31,9%, қоқыс шығаруға – 30,7%, электр энергиясына 26,1% өсті. 

Басқасы да қалысар емес: медициналық қызметтердің бағасы – 12,7%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 12,6%, ұялы байланыс қыз­меттеріне – 12,4%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызмет­­­теріне 11,6% жоғарылады. Авиабилеттер – 16,8%, такси – 12,3%, қалалық автобус билеті – 9,3%, қалааралық автобус – 6,7%, пойыз билеті 5% көтерілді. 

Жаңа жеңіл автомобильдер құны – 16,8%, фармацевтикалық өнімдерде – 11,3%, жиһаз және үйге қажетті заттарда – 11,2%, киім, аяқкиімде – 10,9%, жеке қолда­­­нылатын тауарларда – 9,9%, ыдыс­та – 7,5%, құрылыс материалдарында 6,6% өсті. Дизель отыны – 15,1%, бензин – 13,6%, бал­­лондағы сұйытылған газ 13% қым­­баттады. 

Тұрмысы төмендеп, титықтаған бұқа­­­раға тамақ та қолжетімсіз болып барады. Тек ресми статистика бойынша өткен нау­­­рыз айында күріш бағасы – тағы 22,7%-ға, жұмыртқа – 19%, жаңа жиналған жеміс­тер – 17,9%, бөтелкеленген мине­­­­ралды жә­не ауызсу – 17%, салқындатылған су­сын­дар – 15,7%, жаңа ауланған балық – 12,8%, жеміс және көгөніс шырындары – 12,2%, сары май – 11,6%, сүт – 10,8%, то­қаш және кондитер өнімдері – 10,2%-дап, майлылығы 2,5% айран бағасы – 10,1% шарықтады. 

Кейбірі бойынша ғана төмендеу тір­­келді: пияз бағасы – 45%, қарақұмық жармасы – 25,1%, күнбағыс майы – 24,6%, картоп – 10,9%, құмшекер 10,1% ар­зандапты. 

Статистика мамандарының «Рес­­­публи­­кадағы жылдық инфляция – 9,1%» деген дерегі күмән тудырады. 2024 жылғы нау­­рызда өңірлердің тең жартысында инф­­ляция бұл көрсеткіштен көп асып кетті. Инфляция Қарағанды (10,8%), Маңғыстау (10,1%), Павлодар (9,8%), Солтүстік Қазақстан (9,7%), Шығыс Қазақстан (9,7%), Абай (9,3%), Атырау (9,2%), Жетісу (9,2%) облыстарын, сон­­дай-ақ Алматыны (9,7%) және Астананы (9,4%) үстемелете, дүлей соққының асты­на алып жатыр.

Бағамен күрес реформаға ұласты

Осы ауыр жағдайда мемлекет салада ре­форма бастап, инфляциямен күрес ша­раларын қайта қарады. Қым­­­бат­­шы­­лыққа қарсы шаралар пандемия кезінде бастал­­­ғаны мәлім. Сонда 2021 жы­лы бағалардың өсуін тежеу мақсатында Мемлекет бас­­шысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсыр­­ма­­сымен Өңірлердегі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Әр дүкенді мо­ниторинг топта­­­­рының аралағаны есте шығар. 

Постпандемиялық кезеңде, 2022 жыл­­дың тамызынан бастап, өңірлік комис­­­­сиялардың жұмысы қайта форматталды. Құрамы кеңейтіліп, қатарына басқа уә­­­кілетті органдар – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржылық мони­­­торинг агенттігі, Мемлекеттік кірістер ко­митеті қосылды.

Осылайша, өңірлерде апта сайын өңір­лік комиссиялардың отырыстары өткізіліп, онда азық-түлік тауарларына баға белгі­­леудің бүкіл тізбегі талданады, өнімсіз дел­­­дал­дарды тауып, жою жұмыстары жүргізіледі. 

Өңірлік комиссиялардың жұмысы ал­горитмі келесідей: біріншіден, комиссия Әкімдіктермен, тұтынушылардың құ­­қықта­­­­рын қорғау департаменттерімен бір­ге, жергілікті статорганның апталық есебі негізінде «бағасының өсу қарқыны жоғары тауарлардың тізбесі» айқындалады. 

Екіншіден, әрбір өңірде дәл сол қым­­­­бат­таған тауарларды өндіретін және өт­­­кізетін өндірушілердің, көтерме сауда­­­герлердің және сауда желілерінің тізбесі анықталады. Үшіншіден, Мемле­­­кеттік кі­­­рістер департаментіне сұрау салынып, «қара тізімге» кірген компа­­ниялардың электронды шот-фактураларын (ЭШФ) алғызады. 

Төртіншіден, ЭШФ-ларды талдау арқы­­­­лы белгілі бір мерзім ішінде бизнес субъектілерінің бағаны қалай құбылтқаны зерделенеді. Осы талдау барысында маман­­­­­дар сауда үстемесі 15%-дан асып кеткен биз­нес нысандарын, басыартық делдалдар­­­ды, баға бойынша ымыраласу фактісін әшкерелейді. 

Сондай фактілер бойынша ма­те­­риалдар өңірлік комиссияның қарауына шығары­­лады. Комиссия отырысына өндіруші­­­лер­дің, көтерме саудагерлердің және сауда же­­лілерінің өкілдері шақы­­рылып, жауап алынады, бағаның өсуіне объективті се­бептердің болған-болмағаны байып­­­­талады. ӘМАТ бағасы негізсіз көтерілді деген күдік туса, комиссия тиісті шара қабылдауы үшін құзырлы органдарға хат жолдайды. 

Өткен 2023 жылы барлық өңірлік комиссия жалпы саны 1 859 отырыс өткізді. Нәтижесінде, өңірлерде еш өнім өндірмес­­­тен, еш қызмет көрсетпестен, жолай ақы алып отырған 1 322 өнімсіз делдал жо­­­йыл­­ды. Кәсіпкерлер үстінен 674 әкімшілік хаттама толтырылған. 

Осы реттеуші құрал енгізілгелі қоз­­­­ғалған істер саны ғаламат қарқынмен өсті: 2020 жылы бірде бір іс болмаса, 2021 жылы 35 әкімшілік іс қозғалыпты. 2022 жылы әкім­шілік істер саны он еседей артып, 323-ке жеткен. 

Реформа аясында 2022 жылғы 30 жел­­­тоқсанда Президенттің тапсырмасымен ұлттық заңнамаға түзетулер енгізілді. Тиісті заң 2023 жылғы 3 наурызда күшіне енді. Оған сәйкес, сауда қызметін мемлекеттік бақылау жергілікті әкімдіктерден орталық­­­қа алып қойылды. Бұдан былай бағаларға Сауда және интеграция министрлігі жа­уапты. Заң аясында жергілікті атқарушы би­лік пен орталық мемлекеттік органның ӘМАТ-қа шекті бағаларды бекіту және олар­ды бақылау құзыреттерінің ара-жігі ажыратылды.

Жаңа функция берілгелі, яғни 2023 жыл­­ғы 27 сәуірден былтырғы жылдың соңы­на дейінгі аралықта Сауда және инте­­­грация министрлігінің Сауда комите­­тінің аумақтық бөлімшелері 760 әкімшілік іс қозғады. Соның ішінде 709-ы бойынша ескерту жасалған, кәсіпкерлер бағасы түсірілген. Қырсығып қалған тілазар 51-іне жалпы сомасы 12,2 миллион теңге айыппұл салынды. 

2024 жылғы екі айда тағы 225 әкімшілік хат­­тама толтырылды. 180-іне ескерту жа­салып, 22-сі айыппұл арқалаған.

Айтпақшы, Сауда министрлігіне «үйде­­­гі дүкендерге» (магазин у дома) көп шағым түсетін көрінеді. Сол себепті 2023 жылы 42 мың «үйдегі дүкендерді» мониторинг топтары апта сайын аралаған. Тексерістер барысында дүкендердің сауда үстемесінің лимитін сақтамайтыны анықталды. 

Делдалдар нарықтың дал-дұлын шығарды

Басқа шауып, төске өрлеген, Үкіметке дес бермеген инфляция қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз, пәрменсіз екенін паш етті. Осыған орай Сауда ко­­мите­­ті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) заңда белгіленген 15 пайыздан артық үстеме қосатындарды жазалауды қатайтпақ. 

Бұл «Әкімшілік құқықбұзушылық тура­­лы кодексіне өзгерістер мен толықты­­­рулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында қарас­­тырылған. Парламент қабылдаса, онда бұл шамамен 150 мың кәсіпкерлік субъектісін (146 854) қамтиды. Құжат ӘМАТ бо­­йынша сауда үстемесінің мөлше­­рін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкер­­­шілікті қатаңда­туды қарастырады. 

Қолданыстағы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңы бойынша көтерме саудагер­лерге, базарлар мен сауда орындарындағы алыпсатарларға, басқасына ӘМАТ өнімде­­ріне 15%-дан артық үстеме ақысын қосуына тыйым салынады. Алайда оны бұзғандар көпшілігінде ескертумен құтылады. Ма­ман­­­­­дар бұл талаптардың декларативті си­­патқа ие екенін, іс жүзінде ешкім сақтамай­тынын айтады. 

Жаңа заң қабылданса, әлеуметтік ма­ңызды азық-түлік тауарларына 15 пайыздан артық үстемеақы қосқан жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бірінші жолы – 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (129 220 теңге), ірі кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 150 АЕК (553 800 теңге) айыппұл салынады.

Бір жыл ішінде ӘМАТ бағасын қайта өсірсе, айыппұл екі есе артады: шағын кәсіп­­­керлерге – 10 АЕК-ке; орта кәсіпкер­лерге – 75 АЕК-ке; ірі кәсіпкерлік нысандарына 300 АЕК-ке (1 107 600 тең­геге) дейін жетеді.

Отандық өнім өндірушілер ӘМАТ баға­сын тұрақтандырудың ауыртпалығы бірін­­ші кезекте өз иығына түсетініне шағымда­­­нады. Көтерме сатып алушылар олардан өнімін арзанға беруді талап етеді. Әкімдік­­тер де баға түсіруді бірінші кезекте солардан сұрайды. Жергілікті биліктің «тілегін» ая­қасты етсе, содан кейін мемлекеттік қолдау, субсидия, жер телімі, басқасы тимей қалуы мүмкін. 

«Қазақстанда қымбатшылық көп жыл­дан бері белең алды. Соған қарамастан, ақыр­ғы тұтынушылар бірқатар әлеуметтік маңызды тауарды бұрынғы бағамен алып жүр. Өнімдердің өзіндік құны өсіп жатса, бұған қалай қол жеткізіледі? Біздің есе­­­біміз­­­­­­ден: өзіндік құнынан да арзан беруге тура келеді. Біздің шаруашы­­­лықтарымыз азықжем бағасына қатты тәуелді. Комму­нал­­­­дық қызметтер тарифі көтерілді, ЖЖМ құны шарықтады. Субсидия аламыз, бірақ ол бірде берілсе, бірде берілмейді. Содан жылдың бірінші жартысында шығынмен жұмыс істесек, екінші жартысында мау­­сым­дық сұраныс артқан соң бағаны көте­­­ріп, қосымша табыс тапқымыз келеді», – деді «Жас Канат 2006» ЖШС өкілі Игорь Шишов.

Әйтпесе, тұтас жыл бойы шығынды жұ­­­­мыс істесе, кәсіпкерлер салықты аз тө­­­­лей­­ді, жұмысшыларын қысқартуға тура ке­­­леді. Отандық өнімдер көлемі кеміп, экономика құлдырайды. 

Өндірушілер Үкіметке хатында бақы­лау­­­шы органдардан негізінен, сауда желі­­лерін және делдалдарды көбірек тексеруді ұсынды. Артық үстемеақыны да көбіне со­лар қосады. Мысалы, Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өнімдер өндірушіден сөреге жеткенше, жолай қаптаған делдалдың қо­лынан өтетінін анықтады. 

Сөйтіп, формалды түрді үстемеақы 15 пайыздан аспағанымен, іс жүзінде тауар еселеп қымбаттайды. Тексеру барысында өңірдегі негізгі ӘМАТ өндірушілердің өзі­­мен сыбайлас делдал кәсіпорындар құрып алып, өнімін солар арқылы өткізгені әшке­­­­реленді. Ол фирмалар бұрынғы және қатар­­­дағы қызметкерлер атына рәсімделген, бірақ олар оны шын мәнінде басқармаған. Әрбір делдал кәсіпорын сатып алу бағасына 11% үстемеақысын қосқан. 

Мұндайлардың табанына тас қойып, жойып отырмаса, Қазақстан нарығы дел­дал жайлаған күйде қалады, халық соларға жем бола береді.

Айхан ШӘРІП