Бұл туралы Маңғыстау облыстық NOMAD MMA федерациясының өкілдері мәлімдеді.
Ақтауда аралас жекпе-жек чемпионатында жасөспірім көз жұмды
612
оқылды

Ақтау қаласында NOMAD MMA спортынан өткен облыс чемпионаты кезінде жасөспірім бала көз жұмды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық NOMAD MMA федерациясының өкілдері мәлімдеді. Аталған чемпионат Ақтау қаласындағы «Батыр» спорт кешенінде өткен.

«Жекпе-жек кезінде 17 жастағы спортшы құлап қалды. Оған алғашқы көмекті «Батыр» спорт кешенінің медициналық қызметкерлері көрсетті. Оқиға орнына жедел жәрдем келді. Өкінішке қарай, жас жігітті өлімнен арашалап қала алмады. Турнир басталмас бұрын жаттықтырушы өтінім берген кезде қатысушының жарысқа дайындығын растайтын медициналық анықтама берді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Құзырлы органдар болған оқиғаның барлық мән-жайын зерттеп жатыр. Біз марқұм спортшының жақындарына қайғырып көңіл айтамыз»,  деді Маңғыстау облыстық Nomad MMA федерациясының өкілдері.

Маңғыстау облыстық чемпионаты 30-31 наурыз күндері өтіп, NOMAD MMA спортынан балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер бойынша 300-ге жуық спортшы сынға түсті.