Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ғалымдары автоклавты газобетон блоктарының жылу техникалық әлеуетін анықтаумен айналысып жатыр.
Еліміздің ғалымдары құрылыстағы газобетон блоктарының сапасын зерттеуге кірісті
88
оқылды

Бұл құрылыс саласындағы нормативтерге өзгеріс енгізуге септігін тигізетін сәтті қадам екені сөзсіз. Зерттеу PhD докторы Әсел Ермекқызы Жексембаеваның жетекшілігімен «Қазақстанның құрылыс, жол-құрылыс секторының аккредиттелген қызметтерінің толық циклын көрсету бойынша құрылыс-техникалық инжинирингтік орталығын құру» мегажобасын жүзеге асыру аясында іске асып жатыр.

«Біз елдегі ірі зауыттар әзірлеген автоклавты газобетон блоктарының жылу техникалық әлеуетін тексеруге кірістік. Ол үшін арнайы құралдардың көмегіне жүгінеміз. Бір блоктан 15-тен 21-ге дейін бөлік алып, тексеруге болады. Қала берді әр блокты бір емес, бірнеше мәрте тексеріп, ортақ арифметикалық өлшемін шығарамыз. Осылайша, әлгі блоктың жылу техникалық жағдайын анықтаймыз. Негізі, құрылыстың жоба-жоспарларында осыдан 20 жыл бұрынғы мәліметтер қолданылып келеді. Газоблок технологиясы жаңа болғанымен, стандарттар, қолданып жүрген ақпараттар ескі. Біз әзірге Астана, Алматы, Қарағандыдағы 5 ірі газобетон блоктарын шығаратын зауыттан өнім әкелдік. Елде кішігірім зауыттар да жетіп артылады. Бірақ, олар да бәсекеге қабілетті болу үшін ірі зауыттарға ілесіп, жаңарады деп ойлаймыз. Жалпы, ірі зауыттардан жеткен газоблоктардың сапасы тәуір болғанымен, өте тамаша деп айта алмаймыз», – дейді осы бағытта зерттеу жүргізіп жатқан ғылыми топтың мүшесі, техника ғылымдарының докторы Серікболат Есенқабылов.

Ғалымдар алдымен материалдың құрғақ кездегі жылу өткізгіш қасиетін тексереді. Көп ұзамай ылғалдағы әлеуетін байқайды. Неге десеңіз, газобетон блоктары үнемі құрғақ қалпын сақтамауы мүмкін. Құрылыс кезінде жауын-шашын болса, өнімнің жылу өткізгіш қасиеті маңызды. Ғалымдар мұны да тыңғылықты зерттеп, тексереді.

Негізі газобетон ылғалды жақсы сіңіретін қасиетке ие. Құрылыс барысында физикалық заңдылықтар сақталса, ыңғайлы, сапалы әрі жеңіл өнім ылғалды ұстап тұрмай сыртқа шығарады.

Айта кетейік, мегажоба аясында Еуразия университеті Қазақстан автоклавты газобетон өндірушілерінің қауымдастығымен шаруашылық келісімшарт жасаған. Соған сәйкес университет ғалымдары өздерінің базасында зерттеу жүргізеді. Кейін өнімнің сапасы талапқа сай болмаса, ғалымдар олқылықты реттеудің жолын ұсынады. Ғылым мен өндіріс арасында осылай байланыс орнайды. Нарықта белгілі бір өнімнің сапасы тәуір болса, оған сұраныс артатыны белгілі.