1-5 сәуір аралығында күндіз ауа температурасының жоғарылауы, жаңбыр түріндегі жауын-шашынның болуы және қардың қарқынды еруіне байланысты су деңгейі көтеріліп, өзен-су қоймаларында сең жүруі мүмкін.
Су тасқыны қаупі: Синоптиктер төрт өңірге ескерту жариялады
15,448
оқылды

«Қазгидромет» 31 наурызда еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер су тасқыны қаупі еліміздің төрт облысында әлі де сақталатынын болжады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе мен Ақтөбе облысындағы барлық өзен кенері белгіленген деңгейден асу қаупі бар. Ескерту: белгіленген межеден асқан кезде өзен ағысы бойынша төмен орналасқан елді мекендерді, шаруашылық нысандары мен тасжолдарды су басу қаупі туындауы мүмкін.

2024 жылдың 30 наурызы мен 5 сәуірі аралығында күн райының күрт жылынуы, аралас жауын-шашынның түсуі салдарынан қар суы Ақмола облысы бойынша өзендер ағысы бойымен қарқынды жүреді. 

Атап айтқанда, негізінен Көкшетау, сондай-ақ Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Шортанды және Зеренді аудандарын қызыл су жайлайды деп күтіледі.  Бұл ретте су деңгейінің белгіленген мөлшерден асу қаупі сақталады. Сондай-ақ елді мекендер мен шаруашылық нысандарды су басу қаупі жоғары. 

2024 жылы 30 наурыз бен 1 сәуір аралығында қатты жауын-шашынға байланысты Жетісу облысының таулы аудандары мен тау бөктеріндегі аймақта сай-салаға су толып, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Елді мекендерді су басу қаупі жоғары. Ескерту: өзендегі су кенерінен асқанда жайылмалы учаскелерде орналасқан елді мекендерді, шаруашылық нысандары мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады.

Түркістан облысының таулы ауданы мен тау бөктеріндегі аймақтарында болатын қатты жауын-шашынға байланысты 2024 жылы 30-31 наурыз аралығында өзендерде еңіс ағынымен су тасқыны жүреді. Су деңгейі көтерілуі мүмкін, мұндай жағдайда тасжолдарды, елді мекендерді және шаруашылық нысандарын қызыл судың басу қаупі жоғары.

31 наурызға жарияланған дауылды ескерту:

Түнде Алматы облысының оңтүстігінде арагідік қатты жауын-шашын (негізінен жаңбыр) болады, облыстың таулы аудандарында қар жауады. Облыстың таулы, тау бөктеріндегі аудандарында тұман болады. Желдің екпіні кей тұста 25 м/с дейін жетеді.

Алматыда түнде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, соққан желдің екпіні 15 м/с.

Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады. Соққан желдің екпіні 25 м/с дейін жетеді.

Қостанай облысының оңтүстігінде тұман түседі. Желдің екпіні – 15-20 м/с.

Астанада түнде көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман болады.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында түнде аздап қар жауады, күндіз қар аралас жаңбыр, көктайғақ болады. Желдің екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді. Петропавлда түнде аздап қар жауады, күндіз қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады.

Павлодар облысының оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында аздап қар аралас жаңбыр жауады, көктайғақ болады. Желдің екпіні – 15-20 м/с. Павлодарда аздаған жауын-шашын (қар, жаңбыр), көктайғақ болады деп болжанады. 

Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады. Желдің екпіні 15-20 м/с.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және облыс орталығы  Орал қаласында да тұман болады.

Түнде Түркістан облысының таулы жерлерінде тұман болады.