Су тасқынына қарсы шаралар күшейтілген режимде жалғасып жатыр.
Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдар су астында қалды
614
оқылды

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте 70 мың текше метрден астам еріген су сорылып, 1 400 текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұдан бөлек, 1 910 қап инертті материал төселіп, 645 тонна инертті материал себілді. Тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

«30 наурыздың сағат 08.00-дегі жағдайы бойынша облыстағы автокөлік жолдарының 15 учаскесін су басты. Оның ішінде 2 республикалық маңызы бар автожол: Павлодар – Успен және Атамекен– Ертіс – Русская Поляна», – делінген департамент хабарламасында.

Облыстық маңызы бар тасжолының үш учаскесін де су басты. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданының 88 шақырымында, Успен ауданының Чернорецк – Ольгино – Успен автожолы, Павлодар ауданының Шақат – Восточное учаскелері. Бұдан бөлек, 10 аудандық маңызы бар жолда да су тасқыны бар.

Ал елді мекендердегі су тасқынына қарсы 9 учаскесі бақылауда тұр. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу қалалары, Павлодар, Ақтоғай, Май, Аққулы, Успен, Ертіс аудандарында су басу қаупін азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Облыста су тасқынына қарсы  шараларға барлығы 277 адам, 111 техника, 34 мотопомпалар, 2 жүзу құралдары жұмылдырылды.

ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге тәулік бойы, оның ішінде дрондардың көмегімен мониторинг жүргізіп жатыр.