Биыл су тасқыны қатты боп тұр. Соңғы жылдары мұндай табиғи апат елімізде болмаған шығар.
Құрсауында қызыл судың қалды ауыл...
440
оқылды

Соның ішінде ең қауіптісі елді мекендерге кіріп, үйлер мен қора-қопсыны басып қалып тұрған қызыл су болып отыр. Республика бойынша ауқымды құтқару жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше елді мекенде төтенше жағдай жарияланған. Кейбір аудан мен ауыл әкімдеріне сөгіс берілуде. Шығын болып жатқан мал-мүлік бар болар. Дегенмен Абай облысында жоғалып кеткен үш адам әлі табылмай жатыр.

Он бір облысты су басты

Тасқын су осы аптадан басталды. Со­дан бері он бір облыста тұрғындардан маза қашты. Олар – Ақтөбе, Қостанай, Абай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлы­тау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыс­тары. Өңір­лердің ретін ондағы жағдайдың күрде­лілігіне қарай келтіріп отырмыз. Сонымен республика бойынша ахуалды елестету үшін цифрларға кезек берелік.

«Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қ­азақ­­­стан, Ұлытау, Абай, Ақмола облыс­тарында 4 694 адам, оның ішінде 1 682 бала құтқарылды және эвакуацияланды. ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 2,3 млн текше метрден астам еріген су сорылды, 162 мың­нан астам құм толы қап және 31 587 тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 су айдау құралы және 55 жүзу құралы, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК, ҰҰ, жергілікті атқарушы орган­дардың 12 әуекемесі жұмылды­рыл­ды. «Жедел желі» телефонда­рына 392 қоңырау келіп түсті, еліміз­дің 12 өңі­рінде респуб­ликалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеуде. Еліміздің 7 өңірін­де 435 же­ке тұрғын үй мен 329 аула аумағы, сондай-ақ Ақтөбе облысында 75 саяжай үйі мен 9 ғимарат, көпқабатты тұрғын үйлер­дің 12 ауласы, Ақмола облысында балабақ­ша мен ТЖ ауруханасы су астында қалып отыр. 18 автожолды су шайды, оның ішін­де 4 көпір және 14 жол төсемі бар. 26 елді мекенде көлік қатынасы жоқ», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» ҰК-ның хабарлауынша, 29 наурыз күнгі мәлімет бойынша Абай облысында Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз тасжолы жабық. Қарағанды облы­сында Қызылорда-Павлодар тасжо­лының Красная поляна-Құлайғыр ауылдары арасындағы бөлігінде қозғалыс тоқта­тылған. Қостанай және Ақтөбе облыс­тарында Қарабұтак-Комсомольское-Денисовка-Руд­­ный-Қостанай тасжолы, Ақтөбе облы­сының өзінде Қандыағаш-Ембі-Шал­қар-Ырғыз жолының Қан­дыағаш-Ембі бөлігі жабылған. Ал БҚО мен Ақтөбе облыстары арасында Самара-Шымкент тасжолының Жымпиты кенті мен Ақтөбе облысымен, Қарабұтақ ауылы мен Қызылорда облы­сымен арадағы трасса жабық.

Жоғалған үш адам табылмай жатыр

Аягөз ауданында өзеннен кешіп өтіп бара жатқанда суға ағып кеткен үш адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. Олардың ал­ғашқысы – 23 наурызда Аягөз өзенінен өт­пек болғанда аттан суға құлап кеткен 46 жастағы ер адам. Сондай-ақ 26 наурызда Қарағаш ауылының азаматтары МТЗ-82 маркалы тракторымен «Шалқар» шаруа­­­шылығынан Қарағаш ауылына қарай бет алған. Трактордағы екі ер адам жолды қыс­қарту үшін өзенді кесіп өтпек болған, алайда олар өзеннің ортасында қалып қой­ған. Олардың қазір нақты қайда екені бел­гісіз. Содан бері су көлемі көбейіп, өңірдегі ахуал күрделі боп қалып отыр. Соның ішінде Ақсуат ауданында 28 нау­­рыздан бастап жергілікті ауқымдағы таби­­ғи си­паттағы тө­тен­ше жағдай жарияланды. Қар­ғын су салдарынан жол қатынасы үзіл­­­ген ауыл­дарды қажетті деңгейде азық-түлікпен, бас­қа да күнделікті тіршілікке қажетті заттармен қамту үшін тиісті сала басшыла­рына нақты тапсырмалар жүк­телген. Аягөз өзеніне жақын орналас­қан елді мекендердің тұрғын­дарын эвакуа­циялау жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды

Тасқын қатты болып жатқан тағы бір аймақ – Ақтөбе облысы. Мұнда Ақтөбе қала­сында және екі ауданда төтенше жағ­­дай жарияланды. Соның ішінде Шұбар­құдық ауылында су басқан 5 жеке тұрғын үйдің ішінен, 34 аула аумағынан суды со­рып шығару жұмыстары жалғасуда. Қобда ауылында тұрғындар эвакуация­­­­ланған. Еріген суды бұру үшін жағалау жолағы бе­кемделіп, бөгетті нығайту үшін инертті ма­териалдар төселген. Жалпы, облыс бо­йын­­ша су басқан үйлер мен аула аумақ­тарынан 51 мыңнан астам текше метр ері­ген қар суы сорылып, инертті мате­­­­­­­­­риалдар салынған 7,9  мыңнан астам қап төселіп, 543 текше метр қар шыға­­­рылды.

Ал облыс орталығында Сазды, Елек және Қарғалы өзендері тасыды. Соның салдарынан Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарын су басты. Түні бойы жүргізілген қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарының нәтижесінде адам шығыны болған жоқ. Эвакуациялық іс-шараларға облыс әкімі Асхат Шахаров­­­­тың өзі қатысты. Ал жалпы тартылған адам саны 547 болса, оның 300-і – Ұлттық ұлан сар­­­баздары. Сондай-ақ құтқарушылар, полицейлер, депу­таттар, жергілікті атқа­рушы орган өкілдері, ерікті азаматтар, волонтерлер мен жастар да атсалысты. Адамдарды тасы­­малдауға 80 автобус жұ­мылдырылды. Қала­дағы алдын ала дайын­далған 53 эвакуа­циялық пунктке 1 828 адам орналастырылды.

БҚО-да ахуал күрделі

Батыс Қазақстан облысында Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Онда қардың күрт еріп, жауын-шашынның көп түсуі себебінен 455 тұрғын үй, 5 жертөле, 17 әлеуметтік нысан су ас­тында қалған. Соның ішінде Қаратөбе ау­данында Жақсыбай өзені жағадан шығып, Қоржын ауылы су астында қалды. 400-дей тұрғын Қорғаныс министрлігінің 2 тікұша­ғымен қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Ақсу кентінде 46 үйден 200-дей адам эвакуация­ланды. Аққозы және Шалғын ауылдарында да құтқару жұмыстары жүргізілді. Ал Теректі ауданы Аңқаты ауылында 16 тұрғын үйге су кіріп, 8 аула аумағын су басқан. Сондай-ақ Сырым ауданында Өлеңті өзенінің тасуынан Өлеңті, Жымпиты, Бұлдырты ауылдарында тұрғын үйлерді су басты. 5 елді мекенде электр желісінде болған апаттан ұялы бай­ланыс үзіліп қалған.

«AMANAT» партиясы БҚО фи­лиа­лының «Жастар рухы» еріктілері Қара­төбе ауданы Қоржын ауылы тұрғындарына азық-түлік апарып берді, сондай-ақ обл­ыс­тық және қалалық мәслихат депутаттары зардап шек­кен ауылдарға материалдық көмек ұйым­­­­­­дастырды. Облыстық, аудандық фи­лиал өкілдері біркүндік жалақыларын аударуда.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Тө­тенше жағдайлар департаментінің маман­дарымен бірге тікұшақпен аталған елді мекендерге барып, тұрғындарды құтқару жұмыстарына жетекшілік етті. Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары ауыл тұрғынын тікұшақпен аудан орталы­ғына жеткізу жұмыстарын жүргізді. БҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстарға 953 адам, 411 техника жұмылдырылды. 25 наурыздан бастап облыс бойынша 351 мың текше метр еріген су сорылған.

Ең қатты зардап шеккен аймақ – Қостанай

Биылғы су тасқынынан қатты зардап шеккен Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандары мен Қостанай, Арқалық қалалары болды. Қос ауданда және Арқалық қаласында төтенше жағдай жария­ланды. Әсіресе, Жаңақала, Екідің, Ақкісі, Қызылжұлдыз ауылдары және тоғыз қыстақ­тың тұрғындары қатты зардап шекті. Олар­дың үйлері, қора-қопсысы су астында қа­лып, мал-мүлкі шығын болды. Жағ­дайдың қаншалықты күрделі болғанын Қорғаныс министрлігінің авиациясы бір түнде 140-қа жуық адамды эвакуа­ция­ла­ғанынан-ақ аңғаруға болады. Өйт­кені түнде құтқару жұмыс­тарын жүр­гізуге тек Әскери-әуе күште­рінің ұш­қыш­тарына ғана рұқсат етілген. Ал жалпы бар­лығы екі тәу­лік ішінде апатты аймақтан 19 132 әс­кери бөлімінің көліктік-жауын­­герлік тік­ұшақ­тардың эки­паждары 240 адамды, оның ішін­де 60-тан аса бала­ны құтқарған.

«Жергілікті тұрғындар апаттан аман қалу үшін үйлер мен басқа да ғима­раттар­дың тө­белерін паналады. Адамдарды борт­қа көтеру оңай шаруа емес. Көп­тонналық тікұшақ­тарды ғимараттардың шатырла­рына мүм­кіндігінше жақындату асқан шеберлікті қажет етеді. Зардап шек­кендер­ді эвакуация­лау кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтау да маңызды. Көрінетін жарық бағ­дарларының бол­мауына байла­нысты түнде ұшу қиын. Өйт­кені электр қуаты бар­лық жерде өшіп қалған. Ұялы байланыс желі­сінің төмендігі де тапсыр­маны орын­дауды күр­делендіре түсті. Біз бұл жағдайда адам­дарды құтқа­рудың жал­ғыз жолы екенін тү­сініп, қолдан келгеннің бә­­рін жасадық», – дейді экипаж коман­дирі, подполковник Миршат Са­ғындықов.

2024 жылғы 29 наурызда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқа­лық қаласында төтенше жағдай режимі жария­ланған өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-ша­ралар жөнінде жедел штаб отырысын өткізді. Облыстық штабының ақпараты бойынша, су тасқыны аймағынан 443 адам (Арқалық қ. – 307 адам, Амангелді ауданы – 46 адам, Жангелді ауданы – 90 адам) эва­куацияланған. Су тасқыны кезеңінде бар­лығы 200 мың текше метрден астам су со­рылып, 4 мыңнан астам қап  төселген, 500 тоннаға жуық инертті мате­риалдар үйілген. Табиғи апатпен күрес жұмыс­тарына жергілікті әкімдіктер, ТЖ, полиция, Қазавиақұтқару қызметкерлері қатарынан 900-ден астам адам жұмыл­дырылған. Барлығы 438 бірлік техника, оның ішінде 156 мотопомпа, 20 жүзу құ­ралы, 4 әуекемесі тартылған.

Су тасқынымен күрес жалғасуда

Иә, су тасқыны әлі саябырсыған жоқ. Ахуал күрделі. Босаңсуға болмайды. Әйтсе де қиын кезең өтті. Жергілікті атқарушы билік те, ТЖМ мен ҚМ да жоғары деңгейде әрекет еткенін атай кету керек. Мәселен, жағдай ушығып тұрған Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарына Астана қаласы, Маңғыстау, Қызылорда облыстары ТЖД және 52 859, 20 982 әскери бөлімдерінен күш-құралдары көмекке келсе, Алматыдан Оралға ТЖМ-ның 28 237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қол ұшын берді. Ел азаматтары да шет қалған жоқ. Апат салда­рын жою, құтқару жұмыстарына атса­лысқанымен қоймай, қаржылай-материал­дық та көмек көрсеткен олардың қатарында ерікті де, кәсіпкер де, депутат та бар. Мәсе­лен, Қостанай облысы ҚХА-ның этномә­дени бірлестіктері қаржы жинап, 1 000 қап, 500 жұп қолғап, күрек пен күрек саптарын сатып алған.

Әзірге аймақтарда келтірілген мате­риал­дық шығынның мөлшері айтылған жоқ. Десе де, өңір басшылары зардап шеккен­дермен кездесуде мемлекет тара­пынан көмек көрсетілетінін айтуда. Барлық өңірде залалды өтеу жөніндегі аудандық комис­сиялар құрылып, құрамына барлық қажетті уәкілетті органдар кірген. Шы­ғынды өтеу бағалау жүргізілгеннен кейін заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Шы­ғынды жергілікті бюджет есебінен өтеу үшін зардап шеккендерден өтініштерді жедел жинау жүргізілуде. Мәселен, су тасқынынан неғұрлым көп зардап шеккен «Қызыл жұлдыз» ауылының тұрғындарынан 185 өті­ніш жиналған. Оларға демеушілік және қайы­рымдылық көмек есебінен отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңге, барлығы 18 500 мың теңге сомасында жедел көмек көрсету туралы шешім қабылданды.

Нұрлан ҚОСАЙ