Жиынға «Болашақ» бағдарламасының түлектері де қатысты.
«Болашақ» бағдарламасы: шәкіртақы мөлшері қашан артады?
337
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысында «Болашақ» бағдарламасының даму перспективалары талқыланды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, кеңес мүшелерінің бірқатар ұсынымын тыңдады.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев аталған бағдарлама аясында білім алып жатқан стипендиаттарды және оған үміткерлерді толғандыратын өзекті мәселелерді атап өтті.

«Болашақ» бағдарламасына қатысты сұрақ көп. Шетелде білім алған жастарымыздың диссертацияларын пайдамызға жарата алмаймыз. Өйткені авторлық құқығымыз жоқ. Бұл да өзекті мәселе. Бұдан бөлек, стипендиаттар оқуын аяқтап келгеннен кейін, бұрынғы жұмыс орнына қайта орналаса алмай қалып жатады. Сонымен қатар, өткен отыз жылда мүмкіндігі шектеулі бір ғана отандасымыз осы бағдарлама аясында шетелде білім алды. Бағдарламада қарастырылған шәкіртақы мәселесі де өзекті. Өйткені стипендиаттардың ай сайын алатын шәкіртақысы өте аз», – деді ол.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Әлия Оспанова орталықтың атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде стипендиаттардың алатын шәкіртақысы олардың шығындарын толық өтей алмайды. Соның салдарынан соңғы жылдары мемлекет қаражатына шетелде білім алып жүрген қазақстандықтардың заңсыз жұмысқа орналасу фактілері жиілеген. 

«Бүгінде жауапты мемлекеттік органдармен бірге 2012 жылдан бері өзгермеген стипендия мөлшері мен шығыстар нормаларын қайта қарау мәселесі пысықталып жатыр. Жалпы, стипендия мөлшерін екі есе көбейту қажет», – деді Әлия Оспанова.

Бұл ретте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова шетелдегі нормаларды сапалы әрі жан-жақты талдау үшін әлемдік консалтингтік компаниямен жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Соның аясында стипендия мөлшерін арттыру мәселесін қарастыру үшін бюджетке өтінім әзірленеді.

«2022-2023 жылдары министрлік стипендияны 2 есе ұлғайту үшін бюджеттік өтінімдер берді. Алайда тиісті негіздеме болмағандықтан, өтініштер  қараусыз қайтарылды. Сол себепті осы мәселеге аудиторлық және консалтингтік қызмет көрсететін әлемге әйгілі «Big 4» компаниясын тарту арқылы талдау жасату жоспарланып отыр.  Сол талдау негізінде Қаржы министрлігіне тағы да өтінім жолдаймыз. Бәлкім осыдан кейін өтінім қабылдануы мүмкін», – деді ол.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім вице-министрі стипендиядан айырылған тұлғалардан қаражатты қайтару жұмысы жүйелі жүріп жатқанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, бюджетке ай сайын шамамен 160 млн теңге қайтарылуда.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби мамандардың тізімін баяндап, елге оралған стипендиаттарды жұмысқа орналастыру бойынша ведомство ұсыныстарын айтты.

Жиынға «Болашақ» бағдарламасының түлектері де қатысты.