Ұлының аман-есен оралуын тілеп отырған ана «VITA» еріктілер жасағының әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялады.
"Ұлым, үйге оралшы". Павлодарлық жоғалған жігіттің анасы видеоүндеу жасады
Фото: instagram
634
оқылды

Азамат Исмурзиновтың хабарсыз кеткеніне бір апта болды, – деп хабарлайды  Pavlodarnews.kz.

Ұлының аман-есен оралуын тілеп отырған ана «VITA» еріктілер жасағының әлеуметтік желідегі парақшасында бейнеүндеу жариялады. 

"Азамат, ұлым, үйге оралшы. Барлық мәселені бірге шешеміз. Өтінемін. Жаман ойларға бой алдырмашы немесе жағдайыңның жақсы екені туралы хабарлашы. Сенің жаның мен жүрегің ауырып тұрғанын түсінемін. Ал менің жаным өртеніп, жанып жатыр. Сенсіз тамағымнан ас өтпейді, көз ілмеймін. Түсінесің бе? Бір белгі берші. Біз барлығымыз сені күтіп отырмыз", – дейді жан жүрегі езілген ана. 

16 наурызда 47 жастағы қала тұрғыны полицияға хабарласып, ұлы Азамат Исмурзинов үйден кетіп қалып, оралмағанын мәлімдеген. Аталған факті Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінде дереу тіркелді. Бағдарлау жасалып, облыстың барлық аумақтық бөлімшелеріне және жақын облыстарға жіберілді. 

Авто және ТЖ вокзалы тексерілді, такси жүргізушілері, қалааралық рейстердің жүргізушілері сұрастырылды және сауалнама жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Полиция хабар-ошарсыз кеткен адамның орналасқан жерін анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жалғастыруда.

Еске сала кетейік, 1995 жылы туған қала тұрғыны рюкзак пен ноутбугын алып, Назарбаев көшесі, 42 мекенжайынан шығып кеткен. Жоғалып кетпестен бір апта бұрын әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіріп, қоштасу хатын қалдырған. 

Облыстық полиция департаментінде іздеуде жүрген адамның орналасқан жері туралы немесе қандай да бір ақпарат бар болса, 102 және Павлодар қаласы Полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімі іздестіру бастамашысына 8 (7182) 37-78-16 (ПББ), 37-78-05 (кезекші бөлім) телефондары бойынша хабарлауды сұрайды.