«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» марафоны өтеді.
«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» марафоны өтеді
691
оқылды

Іс-шараға Мәжіліс және Сенат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері,  өнер мен мәдениет, ұлттық спорт өкілдері және ерекше ісі мен ерлігі арқылы көзге түсіп жүрген қазақстандықтар қатысады.

Шарада арнайы құрылған этноаумақ, түрлі тақырыптағы талқылаулар өткізілетін дискуссия алаңы, сұхбат және ұлттық ойындар алаңы болады.

Дискуссия алаңында түрлі сала өкілдері, отандық этнограф ғалымдар «Наурызнама» (Наурызды заманға сай мерекелеу дәстүрін қалыптастыру), «Ұлттық сезім» (ұлттық киім әдебі, музыка, кино, спорт, театр саласындағы жетістіктер), «Жаңа заманның адамы» (бүгінгі заман адамы қандай болуы керек?) тақырыптарында талқылаулар өткізеді.  

Марафонға Алматы облысының Іле ауданында автобус апаты кезінде жолаушыларды аман алып қалған 8-сынып оқушысы Ақжол Герой, боранда жолда қалған жүкті әйелге көмектескен Ерейментау аудандық Төтенше жағдайларды жою бөлімінің қызметкері Амангелді Доскенов, мұз ойылып, суға түсіп кеткен 17 жастағы елорда тұрғынын құтқарып қалған Мереке Едресов, 1500-ге жуық музыкалық аспапты жинап, сақтап жүрген қолөнер шебері, музыкатанушы Азамат Бақия, бүркітші, Qazaqstan телеарнасынан шығатын жаңа «Бүркітші қыз» телехикаясының кейіпкері Айшолпан Нұрғайып, қазақстандық алып күш иесі, Гиннесс кітабының рекордшысы Сергей Цырульников қатысады және Алматыдағы жер сілкінісі кезінде ота жасауын тоқтатпаған Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының хирургі Ахыт Бағдат тікелей эфирге шығады.

Марафон қатысушылары бұдан бөлек, Қызылорда облысындағы 10-нан астам ұлт өкілі тұратын Интернационал-3 ауылындағы Наурыз тойына куә бола алады. Іс-шара аясында концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар сайысы, айтыс, күй тартыс  пен ұлттық киімдердің сән үлгісі ұйымдастырылады.