Спортшының қазасын Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов ресми түрде растады.
Қазақ балуаны АҚШ-та белгісіз жағдайда көз жұмды
Фото: Спорт комитеті
1,013
оқылды

2014 жылы Жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы олимпиада ойындарында чемпион атанған қазақстандық еркін күрес балуаны Мұхамбет Қуатбек 27 жасында АҚШ-та белгісіз жағдайда қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мұхамбет Қуатбек 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарып, кейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Чемпионның қазасы жайлы белгілі спорт журналисі Данияр Кәрімжан мәлімдеді.

«Мұхамбет балуан 16 наурыз күні АҚШ-та көз жұмды. Ол соңғы екі жылда Филадельфияда тұрған. Оның неден қайтыс болғаны белгісіз. Қазіргі таңда балуанның денесін елге әкелу мәселесімен елшілік айналысып жатыр», – деді журналист Данияр Кәрімжан.

Мұхамбеттің қайтыс болғанын Қазақстан күрес федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов та ресми түрде растады.

«Өкінішке қарай, осындай хабар алып отырмыз. Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарған балуанымыз Мұхамбет Қуатбек өмірден өтті. Туыстары мен ата-анасына қайғыра көңіл айтамыз. 27 жастағы балуан соңғы жылдары АҚШ-та өмір сүрді», – деді Есенжолов.