Сарайшықта өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады деген пікір білдірді.
Үштаған философиясы: адал адам – адал еңбек – адал табыс
830
оқылды

Сарайшықта өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады деген кесек пікір білдірді. Президенттің тікелей бастамасымен ұйымдастырылған үшінші құрылтайдың Жайық жағасында, Алаштың көне астаналарының бірі Сарайшықта өткізілуінің астарында үлкен философиялық астар жатыр.

Тарихқа бір мезет көз тастар болсақ, елді елең еткізер басты құрылтайлар елдің тарихи маңызы зор ордаларында өткізіліп келгенін байқаймыз. Үшінші рет өткізіліп жатқан Ұлттық құрылтай өткен ғасырлардағы ұлы құрылтайлардың заңды жалғасы болып отыр. Ол туралы Президент: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», – деп тарихи сананы серпілтті.

Қоғам арасындағы зиялылардың орны туралы сөз қозғаған Президент ондағы мәселелерді де атап өтті. «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе6 елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деді.

Аталмыш құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық  ұлтымыздың жаңа келбеті болуы шарт екенін астын сыза айтты.

Жақыпбек Алтаев, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының профессоры, «Парасат» орденінің иегері, фарабитанушы