14 наурыз күні Ақтау жағалауында Роза Рымбаеваның концерті өтті.
Ақтауда өткен Роза Рымбаеваның концертіне небәрі 50 шақты адам келген
1,470
оқылды

Танымал әнші ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, іс-шараны тоқтатқан жоқ, деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІnAktau.kz басылымының жазуынша, Наурыз мейрамы мен Амал мерекесінің құрметіне Роза Рымбаева ашық аспан астында концерт берді.

Алайда  сол күні 112 қызметі облыстың барлық тұрғындарына жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін жел соғатыны туралы ескерту жолдаған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Роза Рымбаева концертінен бас тартпай, аздаған көрермен алдында өнер көрсетті.

"Концертті өткізбейік дегенбіз, бірақ Роза Рымбаева үзілді-кесілді бас тартты. Ақтаулықтар қашаннан мықты адамдар, олар бұл қаланы ыстықта, қақаған аязда, қатты желде және сусыз даланың арасында тұрғызған. Сондықтан бұл концерт ақтаулықтарға құрмет", – дейді ұйымдастырушылар.

Қатты желге қарамастан, концертке 50-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Әлеуметтік желіде қала тұрғындары концерттен түсірілген кадрлармен бөлісті, онда санаулы ғана адам жиналғаны  байқалады.

"Адамдар қайда?" – деп жазылған бейнероликке.

Ақтаулықтар концерттің ауызашар кезінде болғанын атап өтті. Сондықтан да болар, кейбір қала тұрғындары концертке келе алмаған.

Сонымен қатар Амал мерекесіне орай көптеген ақтаулық қонақ шақырып, отбасымен бас қосты, бәлкім сол үшін де концерттен қалыс қалды.