Зауытта Германия, Оңтүстік Кореядан әкелінген әлемдік стандарттарға сай келетін материалдардан жасалынған жүзден астам өнім шығарылады.
Альберт Рау Атыраудағы бірнеше зауыттың жұмысымен танысты
719
оқылды

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы аясында ҚР Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау мұнайлы өңірдегі зауыттардың жұмысымен танысты. 

«Atyrau Oil Service» ЖШС 2021 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Компания мұнай саласындағы құрал-жабдықтар шығару және жөндеу бағытында қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта зауытта Германия, Оңтүстік Кореядан әкелінген әлемдік стандарттарға сай келетін материалдардан жасалынған жүзден астам өнім шығарылады. Онда жиырмадан астам жұмысшы қызмет етеді. 

«Atyrau Oil Service» ЖШС басшысы Ерлан Аткиевтің айтуынша,  кәсіпорынның негізгі бағыты –  жергілікті өнім үлесін арттыру – импортқа тәуелділікті азайту. Зауытта жылына 150-ден астам сорғыларды шығару жоспарланған. 

ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау  жергілікті өнім жасаушы зауыттың әлеуетіне жоғары баға берді. Оның мүмкіндіктерін алға тартып, зауыт басшылығына осы бағытта бірқатар тапсырмалар берді. 

 Арнайы делегация «WIKA Кazakhstan» өндіріс орнында ұйымдастырылған кәсіпорындар жәрмеңкесіне де барды. «WIKA Кazakhstan»  зауыты – Атырау облысы бойынша электроесептегіш құралдарын шығарады.  Жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындар көрмесінде «Emerson Атырау», «KMG Automation», «Borkit Safety», «Sigma  Solutions» «Centech», «ЗаманКвантор», «Studbolt manufacturing», «Казахстан Интегрейтид Сервисез», «Safetyline» сынды кәсіпорындар өздерінің өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында арнайы киімдер, ірі құрылыстарға, жүк тасымалдауға арналған белбеулер, электр қалқандары, электр есептегіш құралдар, арнайы жұмыс қолғаптары тағы басқа өнімдер қойылды.  

ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт  Рау елімізде жергілікті өнім өндірушілерге басым бағыттар беріліп келе жатқанын атап өтті.

«Атырауда өткелі отырған үшінші Ұлттық құрылтай аясында Атырау облысына келдік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өңірдің индустриялық дамуымен де танысып, жергілікті зауыт жұмыстарын аралап көрдік. Атырау өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға, жергілікті кәсіпорындардың өнімдеріне жоғары баға беремін. Жалпы соңғы жылдары өңірлерде бірінші кезекте жоғары сапалы құрал-жабдықтардың жергілікті жерде шығарылуы, оның сұранысқа ие болуы, қолданылуы жақсы жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта осы қарқында жұмыс жалғаса беретін болса, қазақстандық өнімді жақын күнде  шетелге экспорттауға да мүмкіндік туындайды», - деді ҚР Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт  Рау журналистерге берген сұхбатында.  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА