Бүгінгі қоғамда қазақ жастарының нәпақа табу үшін шетке кетіп, жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналды.
Шетелде жұмыс істеген қазақ: 6 айда 6 миллион таптым
2,494
оқылды

Қазірдің өзінде күнкөріс қамы үшін отбасынан жыраққа кетіп, құрлық асқан азаматтар саны көбеймесе, азаяр түрі жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің былтырғы дерегіне сүйенсек, шетелде 194 мың жерлесіміз еңбек етіп жүр. Оның ішінде, Ресейде – 162 мың, Польшада – 13 мың, Ұлыбританияда – 6 мың, Оңтүстік Кореяда 6 мың азамат ресми тіркелген.

Бұл көріністен елдегі еңбек, еңбекпен қамту және жалақы мәселесінің қандай сипатта екенін бағамдап, жұмыссыздық мәселесінің қылаң беріп тұрғанын байқауға болады. Егер олай болмаса, осыншама адам өзге елде күнкөріс қамы үшін еңбек етер ме еді?

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аслан да айлық табысының аздығынан, дәлірек айтсақ, еліміздегі әлеуметтік, экономикалық жағдайдың төмендігінен Англияға жұмыс істеуге барғанын айтады.

– Қазақстандағы табысым өз қажеттіліктерімді өтей алмады. Сол себепті ел жарыса айтып жатқан шетелге мен де барып, жақсы ақша тапқым келді. Жұмысқа қабылдау үшін арнаулы сайттарды кезіктіріп, соның біріне түйіндемемді жібердім. 25 күн өткен соң, жұмыс беруші бейнеқоңырау арқылы хабарласты. Осылайша, билет пен визамды алып, кезінде «дүниежүзілік шеберхана» атанған мемлекетте 6 ай тұрақтадым.

– Мен фермада «айсберг капуста» мен пияз тердім. Бір сөзбен айтқанда, қара күшті қажет ететін жұмыспен айналыстым. Қиын болғанымен, төленетін жалақы мөлшері жоғары болды. Сағатына 5 500 – 6 000 теңге аралығында, айына орта есеппен 900 мың – 1 млн теңге көлемінде төленді. Алайда ашық кеңістікте ауа райының суық екеніне, жаңбырдың жиі жауатынына қарамастан, жұмысты демалыссыз істедік. Өйткені талап солай болды. Қатарымызда молдаван, украин, өзбек, тәжік, болгардан құралған 150-ге жуық адам болды. Мен мұнда 6 ай жұмыс істеп, 6 миллион қаражат таптым, – дейді А. Дауенов.

Сөз арасында ол қазір әлеуметтік желіде «шетелге жұмысқа келіңіз, күректеп ақша табасыз» деген жалған жарнамалардың көбейіп, халықтың ертегідей өмірге сеніп, алданып қалып жатқанын да баяндады. Тіпті, тегін тұрған дүниені саудаға салып, қарапайым халықтан қыруар ақша талап етіп отырған компаниялар жайлы сөз етті.

– Жұмысқа орналасу үшін алдымен, сайттарға тіркеліп, сауалнаманы толтырасыз. Жоқтан бар жасап, соны ақыға жасап беріп жүрген алаяқ компаниялар көп. Төленетін жалақы мен тұрғылықты орынды хан сарайындай етіп көрсететіндер де жоқ емес. Десе де, ол әр фермаға байланысты. Кейбір жерде жалақы жақсы, кейбір жерде төмен. Мәселен, менімен барған қатарластарым көршілес фермада алма, жүзім, құлпынай терді. Олар төлемді жәшік санына байланысты алды. Сосын біз секілді 11 сағат емес, жарты күн істеді. Сондықтан төмен айлық алды. Достарымның тұратын жерінде жұмысшыларға жағдай жасалмаған. Жылытатын құрылғылары жоқ, бір «караванда» 6-7 адам тұрақтады. 40  адамға бір ғана жуынатын орын болды. Жалпы, жалақы төлемей қойған фермалар да кездесті, – деді Аслан.

Одан бөлек, мемлекеттік салық пен медициналық сақтандыру, «америкалық үй» аталатын «караванға» да өз қалтасынан ақша төлеген.

– Салықты жалақы мөлшеріне қарай төледік. Жалақың неғұрлым жоғары болған сайын, салынатын салық та соғұрлым жоғары болады. Мысалы, аптасына 700-800 фунт тапсаң, соның 150 фунтын салықтан ұстап қалады. Ал «караванға» аптасына 63 фунт, біздің теңгемен шаққанда, 30 000 теңге  төледік, – деді А.Дауенов.

Сонымен қатар кейіпкеріміз аталмыш жұмыстардың ішінде денсаулығы нашарлап, елге қайтқан азаматтар бар екенін жасырмады. Оған қоса, сол жердегі құнарсыз тағамға шыдай алмай, асқазаны ауырып, төсек тартып қалғандар турасында да айтты.

Ал Айсұлу есімді бойжеткен (аты өзгертілген) қазір Оңтүстік Кореяда кондиционер шығаратын зауытта жұмыс істейді. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу өте қолайлы екен. Қызмет көрсету деңгейі де жоғары.

– Мұнда ерлердің жалақысы 1-1,5 млн теңге. Ал әйелдер 800-900 мың теңге аралығында алады. Күніне 12 сағат жұмыс істейміз. Ең бастысы, еңбекақы елдегідей ай сайын емес, сағатына төленеді. Жұмыстың басым бөлігі – ауыр жұмыстар. Көбі шыдай бермейді. Кореяда зауыт пен егін алқабы көп. Құрылыс жұмыстары да жетерлік. Мұндағы жастар қара жұмысқа жоламайды. Сондықтан елде мигрант көп, – деді Айсұлу.

Екі кейіпкердің  де шетелге кетуіне  еліміздегі күнкөріс деңгейінің төмен екені мен баспана алудағы қиындықтар ықпал еткен. Бұл жағдайға қатысты  ҚазҰУ-дың Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының доценті міндетін атқарушы Айжан Шәбденова былай деп пікір білдірді:

– Жастардың шетелде жұмыс істеуінің себебін екі жақтан қарастырғанымыз дұрыс. Яғни, бұл тұста оң және теріс ықпалды салыстыра қарау керек. Теріс әсері: біз жастардың еңбек әлеуетін, олардың шығармашылығын, идеяларын, энергиясын және т.б. жоғалтамыз. Мұның бәрі өзге мемлекеттің  игілігіне жұмсалады. Сондай-ақ азаматтардың шетелде тұрақтауы еліміз үшін тиімсіз, өйткені онсыз да бізде халық саны аз. Ал оң ықпалына келер болсақ, ел азаматтарының көп бөлігі шет мемлекетте тәжірибе жинап, потенциалын арттырады. Қайтып оралғаннан кейін олар шетелде алған тәжірибелерін Қазақстанда бөлісе алады. Сонымен қатар олар біздің қоғамға өмір сапасының стандарттарына, толассыз ақпарат ағынына, менталитетімізге, жұмысқа деген көзқарасымызға әлеуметтік капиталды оңтайлы енгізе алады. Әрине, әр жеке тұлға қай жерде өмір сүріп, қай жерде жұмыс істейтінін өзі таңдайды. Десек те, бала тәрбиесінде ең алдымен, туған жерге,  Отанға деген сүйіспеншілікті басты назарда ұстауымыз қажет, – дейді әлеуметтанушы Айжан Базарханқызы.

Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 191 мың азамат  шетелде жұмыс істеп жатыр. Бұл пайыздық көрсеткішпен еңбекке жарамды халықтың 1,9%-ын құрайды. Әрине, бұқараның тұрмыстық жағдайды жақсарту үшін шетел асып, маңдай термен, адал еңбек еткені дұрыс. Мұны кезінде хәкім Абай да қолдаған десек, артық айқанымыз емес. Әйтпесе, кемеңгер «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп айтар ма еді?!  Жоқ. Сондықтан мүмкіндікті сырттан іздеп кеткен азаматтар елімізге жаңа идея, инвестиция алып келеді деп сенейік...

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті