Такси қызметі Лос-Анджелесте кеңейіп, қаланың кейбір аудандарында тегін қызмет көрсете бастады. Бірақ бұл таксилерде жүргізуші болмайды.
Такси жолаушыларды тегін таситын болды
Жүргізушісі жоқ такси. Фото green.obob.tv сайтынан алынды
3,336
оқылды

Пилотсыз таксилердің қызметі америкалық ірі қалаларда жылдам дамып жатқанын Quartz сайты жазды. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасап, тегін такси қызметінің себептерін талдайды. 

АҚШ-тың ең ірі төрт қаласында роботаксилер қызмет көрсетеді. Фото hightech.fm сайтынан алынды

Google-дің еншілес кәсіпорны Waymo бүгіннен бастап (14 наурыз) АҚШ-тың екінші ірі қаласы Лос-Анджелесте өзін-өзі басқаратын көліктерді шақыру қызметіне тіркелген 50 000-ға жуық адамға тегін сапарлар ұсына бастады. Waymo алғашқы айларда Лос-Анджелестегі роботаксиде жүру үшін ақы алмайтынын жариялады. Әзірге Waymo-ның Лос-Анджелестегі тегін сапарлары Санта-Моникадан қала орталығына дейінгі 101 шаршы шақырым аумақты қамтиды. 

Калифорния реттеушілері роботаксилерге Сан-Францискода тәулік бойы қызмет көрсетуге рұқсат бергеннен кейін жеті айдан кейін Waymo АҚШ-тың екінші ірі қаласы Лос-Анджелестегі жұмысын кеңейтуді бастады. Өзін-өзі басқаратын көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген жергілікті биліктің қарсылығына қарамастан, реттеуші органдардың қабылдаған шешімі болды.

Роботаксидің есігіндегі Waymo логотипі. Фото AP Photo сайтынан алынды. Авторы: Jeff Chiu

Waymo жылдың соңында Остинде (Техас штаты) коммерциялық операцияларды бастауға үміттенеді. Пилотсыз такси қызметін көрсетуді Google құпия жоба ретінде бастағанына 15 жыл болды. Бүгінде компания өзінің роботакси қызметін АҚШ-тың төрт ірі қаласында қолжетімді етті.

Пилотсыз көліктің кенеттен тоқтауы мен жиі істен шығуы адам өміріне қауіп төндіреді деген пікірлерге Waymo такси қызметін Лос-Анджелесте бастап кетті. Өткен қазан айында Сан-Францискода General Motors компаниясына тиесілі өзін-өзі басқаратын Cruise такси қызметінің көлігі жаяу жүргіншіні 6 метрге дейін сүйреп апарған кезде роботаксиге қатысты ең қорқынышты айыптаулар айтыла бастады.

Бұл оқиғадан кейін Калифорния реттеушілері Cruise такси қызметінің мемлекеттік лицензиясын тоқтатып, бұл қызметті жетілдіретін көптеген өзгертулер енгізілген еді. Әзірше Waymo роботаксиі әлі ешқандай үлкен апатқа ұшыраған жоқ. Дегенмен ақпанда Сан-Францискода Waymo робот-таксиі велосипедшіні қағып кеткені туралы Aikyn.kz мақала жариялаған. Бұл оқиғада ешкім зардап шекпегенін айтқанбыз.