Бұл заң жобасын Парламент үлкен қарсылыққа қарамастан қабылдады. Қазір заң жобасы Сенат депутаттары талқылап жатыр.
TikTok-қа тыйым салынады
Фото ferra.ru сайтынан алынды
1,394
оқылды

TikTok-тың қытайлық иесі өзінің меншігін басқаларға сатпаса бейне бөлісу платформасын қолданбалар дүкендерінде таратуға тыйым салатын заң жобасы АҚШ Конгресінде мақұлданғанын Financial Times хабарлады. Заң жобасының салдарларын Aikyn.kz британдық басылымға сілтеме жасап талдайды.

«ТiкТok менің өмірімді жақсы жаққа өзгертті» дейді Капитолий ғимаратының алдында тұрған америкалық. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Республикашылдар мен демократтар президент Джо Байден қолдаған, бірақ Дональд Трамп қарсы болған заң жобасын қолдап дауыс берді (352 қолдап, 65 қарсы).

АҚШ қауіпсіздік және барлау қызметкерлері соңғы күндері заң шығарушыларға құпия брифингтер өткізген. Олардың айтуынша, TikTok-тың қытайлық ByteDance компаниясының меншігінде болуы ұлттық қауіпсіздікті әлсіретеді.

Заң жобасы талқыланып жатқанда оған қарсы топ TikTok пайдаланушыларын Конгресс мүшелеріне қоңырау шалуға және шараға қарсы тұруға шақырған. Осы мақсатта олар TikTok-ты қолданған. Мұндай қарқынды лоббилік қысымды елемеген заң шығарушылар заң жобасын қабылдаған.

Конгрестің Өкілдер палатасының төрағасы Кевин Маккарти. Фото https://www.dw.com сайтынан алынды. Авторлығы: REUTERS / Evelyn Hockstein

TikTok болса: «Бұл процесс құпия жүргізілді және заң жобасы платформаға тыйым салуды көздейді. Енді Сенат заң жобасын қарап, сайлаушылардың пікірін тыңдайды және экономикаға, 7 миллион шағын бизнеске және біздің қызметтерімізге сенетін 170 миллион америкалыққа әсерін ескереді деп үміттенеміз» деген мәлімдеме таратқан. 

Ақ үй және көптеген заң шығарушылар TikTok-тың мұндай мәлімдемелеріне қарсы шықты және платформа Қытайға тиесілі болмаса, қызметін бұрынғыдай жалғастыра беретінін атап өткен. Міне, сөз бостандығы мен ақпаратты еркін тарату мен қабылдауды басты құндылық деп жариялайтын «үлгілі демократия елінде» де шектеулер мен тыйымдар ұлттық қауіпсіздікке қатерлі болған кезде оңай салынатынын көрсетті.

Конгресте 5 сағат жауап берген TikTok-тың бас директоры Шоу Зи Чу платформа АҚШ қауіпсіздігіне зиянды емес екенін айтады. Фото mobile-review.com сайтынан алынды

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан сейсенбіде (12 наурызда) бұл жерде басты проблема «меншік» мәселесі екенін айтты. «Біз TikTok платформасы америкалық компанияға немесе Қытайға тиесілі болғанын қалаймыз ба? Бізге TikTok деректерінің, балалар мен ересектер деректерінің Америкада қалғаны керек па әлде Қытайға кеткені дұрыс па? Бұл жерде талқыланатын іргелі мәселе және президент бұл іргелі мәселеде қандай ұстанымда болатынын анық біледі», – дейді Салливан.

Өкілдер палатасы қабылданған заң жобасы Сенат үшін  осы күйінде қарауға немесе TikTok-пен күресу үшін өз шараларын әзірлеуге жол ашады. Сенаттың бұл мәселені шешуге бағытталған бұрынғы әрекеттері сәтсіз аяқталған еді. Өйткені кейбір заң шығарушылар бұл мемлекеттік реттеуші органдарға көп құзыреттер береді деп есептейді. ByteDance компаниясын TikTok-ты сатуға мәжбүрлеу арқылы Өкілдер палатасы сенаторларға заң жобасына байланысты қысымды күшейтуі мүмкін.

Сенаттағы демократиялық көпшіліктің жетекшісі Чак Шумер. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Kevin Dietsch

Бірақ Сенаттағы демократиялық көпшіліктің жетекшісі Чак Шумер Сенат « бұл заң жобасын Өкілдер палатасы қабылдаған соң қарайды» деп қандай да бір міндеттеме алудан бас тартқан.

Заң жобасына қатысты Кентуккиден сайланған республикашыл сенатор Рэнд Пол да қарсы болып, сөз бостандығының салдары туралы алаңдаушылық білдірді. TikTok платформасы да бейне қосымшаны пайдаланушы 170 миллион америкалықтардың құқықтарына қауіп төніп тұрғанын айтып, өз жақтастарын Конгреске заң жобасын қабылдамау туралы талап қоюға шақырған.

ByteDance компаниясына 180 күн ішінде TikTok-ты сату керек. Фото app2top.ru сайтынан алынды

Сенаттың Сауда комитетінің Демократиялық төрайымы Мария Кантвелл: «Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді және екі палатаның мүшелері де оларды байыппен қабылдағаны дұрыс. Мен Сенаттағы және Өкілдер палатасындағы әріптестеріммен сөйлесіп, азаматтық бостандықтарды қорғайтын конституциялық жолды табуға тырысамын», – деген мәлімдеме таратқан.

Заң жобасы ByteDance компаниясына TikTok-қа қатысты шектеулер мен тыйым салуды болдырмау үшін 180 күн береді. Осы уақыт ішінде платформаның меншік иесі қытайлық емес басқа компанияға ауысуы керек. Сонда ғана платформа өзінің жұмысын АҚШ-та жалғастыра алады.АҚШ шенеуніктері ByteDance компаниясы Қытайдың ұлттық қауіпсіздік заңына сәйкес, америкалықтардың деректерін қытайлық органдарға беруге міндетті екеніне алаңдайды.

Дүйсенбіде Конгресс алдында куәлік берген ФБР директоры Кристофер Рэй, егер Бейжіңнен бұйрық түссе, онда ByteDance компаниясы TikTok алгоритмін соншалықты сәтті еткен деректерді қытайлық арнайы органдарға беруге мәжбүр болатынымен келісетінін айтқан.

Бұл заң жобасын 8 айдан кейін өтетін АҚШ Президентінің сайлауының алдындағы екі алпауыт мемлекеттің әлемдік көшбасшылыққа таласқан бәсекесінің жаңа парағы деп қабылдаған жөн.