Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев жаңа Құрылыс кодексін әзірлеуде 382,5 миллион теңге кеткеніне таңданды.
Министрлік Құрылыс кодексін әзірлеуде әр бетіне 1,6 миллион теңге төлеген – Елнұр Бейсенбаев
aikyn.kz
699
оқылды

Депутат Елнұр Бейсенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы жаңа Су, Салық және Қала құрылысы кодекстерін әзірлеуді тапсырғанын еске ала отырып, Үкіметтің бұл мәселені тым ұзаққа созып жібергенін сөз етті.

Оның айтуынша, кезінде Құрылыс кодексін Президенттің өзі сынап тастағанына қарамастан, Мәжілісте заң жобасы әлі талқылануда. Алматыдағы жер сілкіністерінен кейін Қала құрылысы кодексінің маңызы артқандай болды.  Дегенмен құрылыс нысандарының салынуы, белгіленуі, қабылдауы секілді сұрақтың бәрі Құрылыс кодексіне әкелген.

– Сарапшылардың көпшілігі Құрылыс кодексінің жобасы тек құрылысқа бағытталып, іске қосылған жобалардың құрылыс кезеңдерінің жік-жікке бөліп, нақты анықтамасы жоғын айтуда. Шынын айтқанда, құрылыстың жүзеге асуы – қаржының құйылуына негізделген. Бастысы құрылыстың қаржылануы тоқтамауы тиіс. Ал нысанды дайындау, оны жоспарлау, заңдарды, нормативтерді сақтау, құрылыстың сапалы салынуы ешкімді қызықтырмайды. Бәрінің ойлайтыны – ақша. Ең әуелі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамай, Қала құрылысы кодексінің Құрылыс кодексіне қалай айналғанын түсінбедік. Осыны толыққанды түсіндіріп берсеңіздер екен. 

Екіншіден, 2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге 382,5 миллион теңге жұмсалған екен. Бірақ "жаңа" кодексті бұрынғы нормалармен салыстырғанда, айырмашылығы бір ғана пайыз. Жалпы, бюджеттік кодекске сай кез келген заң жобасын дайындау қаржыланбайтыны белгілі. Тіпті, бүгінде қаралып жатқан бірқатар маңызды заң жобалары ешқандай шығынсыз дайындалды. Ендеше қоғамдық және кәсіби сынға төтеп бере алмаған Құрылыс кодексіне неге осынша ақша жұмсалды? Меніңше, 382,5 млн теңге қажетіне сай жұмсалмаған. Әйтпесе, кодекстің әр бетіне 1,6 миллион теңге жұмсалғанын қалай түсінесіз? Сонда 240 беттік кодекс толықтай дерлік көшіріліп жазылған дүниеге ақшаны шашып отырмыз ғой, – деді депутат.

Еске салайық, ақпанның ортасында Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Мәжіліске Құрылыс кодексінің жобасын ұсынған болатын. Егер қандай да заң бұзушылықтар анықталса, құрылысты тоқтату ұсынылған болатын. Ал қаңтардың аяғында сәулетші Алексей Әбілов Қазақстанда сәулет және қала құрылысы құжаттамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.