Сотталушы сотта өз кінәсін мойындаған жоқ.
Қызылорда облысында әйелін өз-өзін өлтіруге дейін жеткізген ер адам сотталды
827
оқылды

Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігі (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотталушы Ә.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz аталған аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотталушы Ә.-нің жұбайы жәбірленуші Ә. өзіне қатыгездікпен қарап, қорқытып, адами қадір-қасиетiн үнемі қорланғанына шыдай алмай, тұрғын үй ауласында орналасқан мал қорада асылып өлген.

Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді қарап-тексеру хаттамалармен, жәбірленуші туыстары мен куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, жәбірленуші мен сотталушы арасындағы хат алмасулармен, жәбірленушінің ұялы телефонынан алынған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын растайтын жазбалармен және басқа да дәлелдемелермен бекітілді.

Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамады, оның жас балаларының болуы жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қабылданбады, себебі оның қылмысы жас балаларының анасына қарсы бағытталған және анасынан айырылуына алып келген.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сырдария аудандық сотының үкімімен сотталушы Ә. ҚК-нің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушыға қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы» түріндегі бұлтартпау шарасы «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертіліп, сотталушы сот залынан қамауға алынды. 

Азаматтық талап қоюшы Б. азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. 

Азаматтық жауапкер сотталушы Ә.-ден азаматтық талап қоюшы Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық зиян, 1 580 000 теңге өкілдің қызметіне және 189 437 теңге сотқа қатысуға байланысты шығындар өндірілді.

Үкім заңды күшіне енбеген.