Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.
Қазақстан Малайзиямен логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ
Фото: СІМ баспасөз қызметі
472
оқылды

Қазақстан елшісі Болат Сүгірбаев Малайзияның көлік министрі Энтони Локемен кездесіп, екі ел арасындағы логистиканы дамыту мәселелерін талқылады,-  деп хабарлайды Aikyn.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Малайзиядағы елшілігінің бастамасымен өткен кездесуге Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Польшаның елшілері, құрметті консулдар мен Малайзияның ірі теңіз порттарының басшылары қатысты.

Кездесу барысында Б.Сүгірбаев Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін арттыруға және әлемнің әртүрлі өңірлерімен логистикалық тізбектерді дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Дипломат Қазақстан мен Малайзия азаматтық авиация саласында белсенді ынтымақтаса бастағанын және Қазақстанның теңіз логистикасын кеңейтуге дайын екенін айтты.

Іс-шара аясында ҚР елшісі Малайзияның ірі теңіз порттарының басшыларымен де кездесіп, олармен теңіз логистикасы мен портты басқару саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады.

Э.Локе Қазақстан мен Орталық Азия халықаралық логистикада маңызды рөл атқаратынын, сондықтан Малайзия біздің өңірмен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Министр Малайзияның 2024-2025 жылдарға арналған Халықаралық порт ұйымына (IMO) қайта сайлануын қолдағаны үшін Қазақстанға жеке алғысын білдірді. Ол бұл ұйымның Малайзия үшін маңыздылығын атап өтті және Малайзия жүк тасымалының 90% теңіз көлігімен тасымалданатынын хабарлады.

– Малайзия теңіз логистикасы мен портты басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісуге ашық және оны басқа елдерден үйренуге дайын, – деп қорытындылады Э.Лок.

Тараптар көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы уағдаласты және елдер мен өңірлер арасындағы іскерлік байланыстарды сапалы жандандыру үшін бірлескен жоспарлар белгіледі.