Қарапайым ережелерді ұстану арқылы сіз гүлді қалай ұзақ сақтауға болатынын біліп жүресіз.
Гүлді қалай ұзақ сақтауға болады?: лайфхак
11,728
оқылды

Гүлді сатып алғаннан кейінгі күтім

Негізінен, түбі кесілген гүлдер тасымалдауға төзе бермейді. Сол себепті флористің гүл шоғын қағазға мықтап орауына және оны үйге мүмкіндігінше тез жеткізуіне баса мән беріңіз. Егер діттеген жерге жеткізу, шамамен 30 минуттан көп уақытты алса, гүлдерді ыдысына салып қоюды естен шығармаған жөн. Немесе әр бұтақтың ұшын дымқыл қағазбен, сүлгімен орау қажет. Гүлді үйге әкелгеннен кейін бірден оны суға салуға асықпаңыз. Оған жаңа температураға үйренуіне уақыт керек, сондықтан арнаулы орамада 5-10 минут жатқаны дұрыс.

Енді суда тұрып шіріп кетпес үшін гүлдің төменгі үштен бір бөлігінен жапырақтарды алып тастаңыз. Шамамен, 2 сантиметр сабақты 45 градус бұрышпен кесуге тырысыңыз. Тек осылай ғана гүлдер сұйықтықты жақсы сіңіріп, ұзаққа шыдайды. Мұны ауа көпіршіктері қоректік заттар кіретін түтікшелерді бітеп тастамас үшін су ағынының астында жасау керек. Сонымен қатар орамадағы гүлдердің түрі сан алуан болса, онда оларды әртүрлі вазаға бөлген дұрыс. Себебі кейбір гүлдер басқа өсімдіктермен қатар тұрған жағдайда ұзаққа шыдамайды.

Гүлді қандай суға салу керек?

Вазадағы су таза, сүзгіден өткен және бөлме температурасының шамасында болғаны жөн. Букет ұзақ "өмір сүруі" үшін келесідей дүниелерді суға қосуға болады:

Қант пен сірке суының қоспасы. Біріншісі гүлдердің ұзаққа дейін сақталуына көмектеседі, ал екіншісі бактериялардың көбеюін баяулатады. Бір литр суға 2 ас қасық қант пен сірке суын қосып, жақсылап араластырып алыңыз. Сондай-ақ сірке суының орнына бірдей мөлшерде лимон шырынын қолдануға болады.

Тәтті сода. Құрамындағы қант пен қышқылдардың арқасында гүлдің сақталу мерзімі ұзаққа созылады. Бір литр суға 50 милилитр тәтті сода құю жеткілікті.

Алкоголь. Алкоголь гүлдердің қурап қалу процесін баяулатуы мүмкін. Бір литр суға бір шай қасық алкоголь жеткілікті.

Орын да маңызды

Гүл шоқтарының ұзаққа сақталуына дұрыс орынды таңдау да маңызды. Гүлді тікелей күн сәулесінен, жылыту құрылғыларынан, ашық оттан алысырақ ұстаған дұрыс. Бөлменің ауасы салқын әрі ылғалды болғаны жөн. Сонымен қатар гүл шоқтарын асүйге қойсаңыз, оған жақын жерде жемістер мен көкөністер, әсіресе банандар жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Өйткені аталған жемістер гүлдердің қурап қалуын тездететін этилен шығарады.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

 

       ұлттық университетінің 4-курс студенті