Биыл елімізде тұңғыш рет «AMANAT» партиясының қолдауымен, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы РҚБ ұйымдастыруымен республикалық командалық айтыс өтеді.
Алғаш рет командалық айтыс өтеді
2,169
оқылды

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы Орталық аппаратында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы мен айтыскер ақын, жыршы Еркебұлан Қайназардың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.

Іс-шара барысында сөз алған Аманжол Дүйсенбайұлы байқаудың негізгі шарттары туралы баяндады.

«Аталмыш жоба 9 наурыз Сыр елі Қызылорда төрінен бастау алады. Бір жарым жылға созылатын мега байқау 4 кезеңнен тұрады. Онда айтыскерлерден бөлек, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілерден құралған командалар бәсекеге түседі. Әрбір аймақтың мәдени, өнер байланысын нығайту мақсатында осы іс-шараны қолға алып отырмыз.

Оның үстіне биыл айтыстың форматы жылдағыдан өзгеше, жаңаша нұсқада ұйымдастырылмақ. Яғни бірінші кезеңіне еліміздің барлық аймағынан 20 команда қатысады. Жеңіске жеткен 10 команда жобаның екінші айналымына жолдама алады. Бұл кезеңнен өткен 4 команда үшінші кезеңде бақ сынасып, соңында іріктеліп келіп, 2 команда жүлде үшін таласқа түседі», – деді депутат.

Бұдан бөлек спикер байқаудың негізгі ерекшеліктері мен биыл өтетін іс-шараларды да сөз етті.

Командалық айтыстың негізгі ерекшелігі – айтыстың көне түрлерін жаңғырту, әсіресе сүре айтыс, қайым айтыс, түр айтыс, қыз бен жігіт айтысын дамыту. Ақындар осы аталған бағыт бойынша жүлдеге таласады.

2024 жылы «Ақындар мен жыршы термешілер» Халықаралық Одағы бірнеше жаңа жобаны жоспарлап отыр. Оның ішінде ұрпақ сабақтастығын негізге ала отырып, оқушыларды, жастарды  ұлттық өнерге тарту мақсатында 3 негізгі деңгейлі жобаны өткізбекшіміз. Нақтырақ айтсақ,  бұған оқушылар айтысы «Қола домбыра», жастар айтысы (студенттер қатысады) арасында «Күміс домбыра» және  майталмандар  арасында өтетін «Алтын домбыра» айтысы жатады.  Және ең маңыздысы, биыл  «Алтын домбыра» байқауының ережесіне өзгертулер енгізілді. Аталмыш байқаудың қорытынды кеші  енді тек елордамыз Астана қаласында ғана өтеді. Айтыс өнері «Amanat» партиясының қамқорлығында болғандықтан, биыл болатын жобаның барлығы партия қолдауымен өтеді.

Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта қырғыз-қазақ арасында еларалық айтыс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұнда да облысаралық командалық айтыстың форматы секілді  қатысушылар бірнеше дәстүрлі өнердің жанрлары бойынша тартысқа түседі. Оның негізгі ұйымдастырушысы – Мәдениет және ақпарат министрлігі», – деді А.Әлтай.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті