Қазіргі таңда кәсіпорынның тоқтап қалу қаупі туындап отыр.
«Жасыл даму» компаниясы Жетісу облысындағы кәсіпорыннан 85 миллиард теңге утильалым талап еткен
Коллаж: Halyq Uni
442
оқылды

Өңірлердің дамуы «AMANAT» партиясының үнемі бақылауында. Осы ретте Мәжіліс депутаты Болат Керімбеков Жетісу облысында мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған, өңірдің ең ірі салық төлеушісі болып табылатын «Қайнар» аккумулятор зауытында орын алған мәселені көтеріп, ҚР Премьер-Министрі мен Бас прокурорына сауал жолдады.

«Қайнар» аккумулятор зауыты 1975 жылы іске қосылған. Кезінде Талдықорғандағы қорғасын аккумулятор зауыты КСРО-дағы бес аккумулятор өндірушілерінің бірі болған.

«Бүгінгі күні зауыт аккумулятор батареяның барлық бөлшектері мен құрамдас бөліктерін шығаратын отандық өндіруші, яғни толық өндіріс циклын қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын. Зауыт өнімінің 70% экспортқа шығарылады және ішкі сұраныстың 85% аккумулятормен қамтамасыз етеді. 

Қазіргі таңда бұл кәсіпорынның тоқтап қалу қаупі туындап отыр. 

Елге аты шулы болған бұрынғы РОП, қазіргі «Жасыл даму» «Қайнар» кәсіпорнынан 2022 жылдың 1 тоқсанынан 2023 жылдың 1 тоқсанына дейінгі кезеңде 85 миллиард теңге мөлшерінде утиль төлемін төлеуді талап етіп отыр. Осы уақытқа дейін «Қайнар» кәсіпорны бұндай төлем төлемеген.

Себебі Экология Кодексінің 386-бабына сәйкес аккумулятор батареяларын, оларды өндіру үшін тиісінше Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделген және кәдеге жаратылған, пайдаланылған аккумулятор батареяларының кемінде отыз пайызы пайдаланылған жағдайда, өндірушілерге кеңейтілген міндеттемелер қолданылмайды. Яғни, заң бойынша бұл зауыт утиль төлемін төлемеу керек», - деп атап өтті депутат.

Депутаттың айтуынша, осыған қарамастан, «Жасыл даму» аталған норманы басшылыққа алмай, зауыттан негізсіз төлем төлеуді талап етіп отыр.

Бұл ретте, «Қайнар» кәсіпорны «Жасыл дамуға» пайдаланылған аккумуляторлық батареялардың қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдықтардың көлемін растайтын есепке алу құжаттамасын ұсынуға дайын екендігін білдірген. Алайда «Жасыл Даму» қайта өңделген өнімге қатысты құжаттарды қабылдаудан бас тартқан. 

«Осы жағдай кәсіпорынның жұмысына теріс әсер етуде. Сондай-ақ, кәсіпорын әскери мақсаттағы өнім өндірушілердің тізіліміне енгізілгенін және Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушы ретінде әрекет ететінін атап өткен жөн.

Бұл мәселе бірнеше рет Бұқаралық ақпарат құралдарында да көтерілді. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» дейміз. Бірақ өңірлік кәсіпорындарға қолдау көрсетудің орнына, олардың жұмысына кедергі келтіреміз.  

Мекеменің жылдық табысынан едәуір көп, жоқтан пайда болған төлемді төлейтін болса, онда зауыт өз жұмысын тоқтатады. Немесе банкрот боламыз деп дабыл қағуда. Осы жағдай мекемеде жұмыс істейтін 1200 жұмысшының тағдырына қатысты мәселе болып отыр», - деді депутат.

Тура осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да орын алған. Автомобиль дөңгелектерін иморттаушы және қайта өндеуші «Кама Қазақстан» және «ALTRA TYRES» компанияларына «Жасыл даму» 1 млрд. 131 млн теңге мөлшерінде утиль төлемін төлеуді талап етуде.  Аталған мекемелерде 600-ден астам адам жұмыс жасайды. 

Осы ретте Болат Керімбек Үкімет басшысы мен Бас прокурордан түсініктеме беруді сұрады.

«Құрметті Үкімет басшысы және Бас прокурор! Жоғарыда айтылғандардың негізінде Жетісу облысындағы «Қайнар» аккумулятор зауытының және Батыс Қазақстан облысындағы «Кама Қазақстан» және «ALTRA TYRES» компанияларында орын алған мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң аясында түсініктеме беруіңізді сұраймын», - деп түйіндеді Б.Керімбек.