Дені сау ұлт – мемлекеттің негізгі тірегі.
Дара болмысты дәрігер
2,397
оқылды

Ал оны қалыптастыратын біз мен сізден басқа, медицина қызметкерлері. Қай мамандықты алып қарасаңыз да, өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Алайда медицина саласы екі есе жауапкершілік пен шыдамдылықты, асқан білім мен білікті қажет етеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз де өз ісінің нағыз білгірі – Қожарипова Жаннат Шайхисламқызы. Қызылорда қаласында орналасқан №3 қалалық емхананың бас дәрігері«Amanat» партиясы әйелдер қанатының мүшесі.

Ізгі істе іркілмей, дара болмысымен дараланған ол өмірін медицинамен тоғыстырған.

«Дәрігер болу үшін білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Аталмыш салада бесаспап болу қажет. Әсіресе, тез шешім қабылдауға икемділік, дәрігердің пациенттің сеніміне ие болуы аса маңызды саналады. Өйткені  біздің басты міндет - сүрінгенге сүйеніш, құлағанға таяныш бола білу», – дейді Жаннат Шайхисламқызы.

Қызылорда қаласында туып өскен зерек жан  жастайынан ақ халатты  атануды мақсат еткен. Осылайша 1986 жылы Ақтөбе қаласында орналасқан медицина университетінде  «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, 1992-1993 жылдары көкжиегін одан әрі дамыту үшін  интернатураны «Акушер-гинеколог» бойынша тәмамдаған.

Ажалмен арпалысып, адам өміріне араша түсіп жүрген дәрігер  еңбек жолын 1993 жылы  қалалық перзентханада  акушер-гинеколог мамандығымен бастап, бұл салада 11 жыл қызмет атқарған. Ал 2004 жылдан бастап қалалық әйелдер консультанты, 2013 жылы облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері болып тағайындалған. 2013-2014 жылдар аралығында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары болған. Жалпы білімге деген құштарлығының арқасында Жаннат Шайхисламқызы біраз лауазымды қызметтерді атқарып,  өзін кәсіби маман ретінде  танытқан. 

Адам баласының болашағы таразы басында тұрған шақта мұқалмаған қайсар азамат күні бүгінге дейін көптеген адамның қуанышы мен бақытына  себеп болып, денсаулық майданында 31 жылдан бері шайқасып келеді.

Жаннат Шайхисламқызынан дәрігер болмысындағы 4 қасиетті сөзбен сипаттап беруін сұрағанымызда, ол:

– Біріншіден — табанды, екіншіден — алғыр, үшіншіден — ізденімпаз, төртіншіден — көпшіл,-деп жауап берген еді. 

Оның жұмысына сыйлы болып жүруінің басты сыры да аталмыш қасиеттер болса керек.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті