Елімізде автобус жүргізушісі тапшы.
Жүйкесі жұқарған, ашушаң жолаушы көп – автобус жүргізушісі
2,294
оқылды

Шағын қалаларды айтпағанда, ірі мегаполистердің өзінде бұл проблемаға айналған. Автопарк басшылары бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеді. Жақында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек те осы жайтты тілге тиек еткен болатын. Әкімнің айтуы бойынша, 1,5 млн халқы бар қалада автобус саны 2 мыңнан асуы қажет. 

Тағы бір маңызды жайт – енді автобус жүргізушілеріне қойылатын талап жеңілдеуі мүмкін. Көлік министрі Марат Қарабаев жақында Алматы облысына барған сапарында тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатқанын айтты. 

Жалпы, жолаушылар көлігін тізгіндеу – жауапты жұмыс. Арамызда жауапты қызметті абыроймен атқарып, бақытын осы істен тапқан жандар аз емес. Соның бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Абылай Сартаев. Астана қаласында №45 бағдардағы автобусты тізгіндеп жүрген жүргізушіні әңгімеге тартып, жұмысының қыр-сыры туралы сұраған едік.

 

Жастайынан техниканың тілін меңгерген жігіт ағасы Түркістан облысының Жетісай ауданында өмірге келгенін айтады. Отбасындағы алты баланың үлкені болғандықтан, ата-анасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан. Бүгінде соның жемісін де көріп отыр. Ең бастысы, бұл – бала кезден армандаған сүйікті ісі.

«Кішкентай кезімнен техникаға әуес болдым. Әкемнің аппақ «Жигулиі» болатын. Алғаш жүргізген көлігім сол болды. 2005 жылы Астанаға келдім. 2-3 жыл такси жүргізушісі болып, кейін автобус тізгіндедім. Содан бері қалада жолаушы тасымалдап жүрмін. Өзім көпшілікпен, халықпен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бір ай еңбек демалысына шыққан кезде жұмысымды кәдімгідей сағынып қаламын. Қазір №45 бағдардағы маршрутты жүргіземін, Орталық базар мен Ильинка шағынауданының арасында қатынаймыз», – дейді кейіпкеріміз.

Автобус жүргізушісі таңмен таласа оянады: графикке қарай сағат 5-те, кейде 6-да. Жұмыс медициналық тексерістен басталады. Жолға шықпас бұрын маман жүргізушінің қан қысымын, дене температурасын анықтайды. Одан кейін механик көліктің жай-күйін көреді. Бәрі дайын болған соң жүргізуші жолға шығады. Қоғамдық көлікке әртүрлі жолаушы мінеді. Оның біразы Абылай Сартаев таныс болып та қалған. Көңілді жолаушылар таңмен күлімдеп амандасып, сәттілік тілейді. 

Көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес, әрине. Түрлі оқиға болып жатады. Кейде, кешігіп қалатын сәттерде ұрсысатын жолаушылар да бар. Жүргізуші мұндайда кешірім сұрап, жолаушының көңілін табуға тырысады. Алайда түрлі адам бар емес пе? Ашуы оңайлықпен басылмаса ше? Жүргізуші мұндай мәселенің де шешімін тапқан. Мектепте әдебиет пәнін сүйіп оқығанның пайдасы осындайда тиеді екен. Еш мүдірместен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, Шал ақынның өлеңдерін оқи жөнеледі. Осыдан кейін жолаушының ашуы тарқап, сабасына түскені былай тұрсын, ризашылығын білдіріп, ақ жол тілеп шығарып салған сәттер талай болған.  

 

Абылай Сартаев – бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген көпбалалы әке. Бүгінде екі қызын ұзатып, енді ұлын үйлендіруге дайындалып жүр. Кейіпкеріміз ер жігіттің алған жары жақсы болса, жұмысы да алға жүретінін айтады.

«Құдай 8 бала берді, қазір жетеуі бар. Бала-шағаның қамы үшін еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Артымыздан еріп келе жатқан жастарға, інілерге жар таңдаудан қателеспеу керек екенін баса айтқым келеді. Қазір ойланып қарасам, өмірдегі ең басты дүние осы екен. Алған жарың жақсы болса, көңілің орнында болады, биікке өрлей береді екенсің.

Көдек ақын: «Әйелің долы болса, бажылдаған. Түскенің тірі көрге қазылмаған. Ғұмырың өксіп өтер, жаның жасып. Кез қылар бір ауруға жазылмаған», – деген екен. Сол сияқты Шал ақын: «Әйел алсаң қарап ал ақылдысын. Сол болар өмірлік жақын кісің. Ағайынға, туысқа қайырылса, Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің», – дейді. Қазір осы сөздердің мағынасын терең түсінгендейміз. Өзім атамның тұңғыш немересі болдым. Еркелетіп өсірді, көрші ауылдың қызына құда түсіп, ертерек үйлендірді. Жарымды атам таңдады. Жұбайымның атасымен үзеңгілес болған. Үлкендердің ақылын тыңдағаныма тек қуанамын. Нағыз махаббат отбасы болғаннан кейін басталады деп ойлаймын. Үйде бәрі жақсы болса, жұмысың да алға басады. Біздің жұмыста терең ойға салынып, стреске түсуге болмайды. Жолдасыма алғысым шексіз», – дейді жүргізуші. 

 

Адамның ортасы қандай болса, өзі де сол бағытпен жүреді. Кейіпкеріміз бағытынан жаңылмай жүргеніне сенімді. «Бір-біріне қолдау көрсететін ортаң,  емен-жарқын әңгіме айта алатын әріптестерің, ұжымың барда уақыттың қалай өткенін білмей қаласың, қандай қиындықты болсын, жеңе аласың», – дейді ол. 

Кейіпкеріміз жұмыс істейтін бағдарда отыз шақты жүргізуші қызмет етеді. Олар бір үйдің баласындай тату. Арасында біреуінің көңіл күйі болмай жүргенін байқаса, бәрі қолдау көрсетеді. Жиналып, мәселесін бірге талқылайды. Ал үлкендері жаңадан қосылып жатқан жастарға білгенін үйретіп, жол көрсетіп, бағыт береді. 

 

«Бір-біріңе жанашыр болып, қарайласып жүргенге не жетсін?! Адамға бір жылы сөздің өзі қуат береді ғой. Адамға орта көп әсер етеді. Әріптестермен отбасымызбен араласамыз. Қуанышты да, қайғыны бөлісіп, бір-бірімізге демеу болып жүреміз», – дейді Абылай Сартаев.

Сан түрлі жолаушыны тасымалдаған жүргізуші жұмысы аяқталған соң, көлігін жуып-шайып, қас қарайғанда үйіне қарай аяңдайды. Жақсылап тынығуы керек. Өйткені ертең тағы да жолға шығады...