Наурыз айында жауын-шашын мөлшері қалыпты шамадан көп болады.
Жауын-шашын, қар: Наурыз, сәуір, мамыр айларына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Қазақстан аумағы бойынша 2024 жылғы наурыз-мамыр айларына көктемге арналған маусымдық ауа райы болжамы жария етілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Наурыз – көктемнің бірінші айы. Алайда Қазақстанның солтүстік облыстарында наурыз қыстың жалғасы болмақ. Жекелеген күндері қыс мезгіліндей суық ауа райы болады, қар жиі жауып, бұрқасын, көктайғақ пен тұман болжанады. Бұл күндері температура фоны төмен, түнде 15-25 градус аяз болады.

Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 2-7°С жылыға дейін жоғарылайды, ал көктемдегідей жылы ауа райы айдың үшінші онкүндігінде қуантады, күндіз термометрлердің бағандары 5-15°С жылыға дейін жетуі мүмкін.

Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлерінде наурызда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі жауады. Ауа температурасы түнде 0,-10°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз 0,+10°С-тан +10+18°С-қа дейін ауытқиды.

Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болады. Наурызда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде – қалыпты шамадан көп, Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде қалыпты шамада болжанады.

Сәуір және мамыр айларында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады, тек мамырда елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға жуық болады.

Сәуірде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға жуық күтіледі, ҚР солтүстік-батысында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы аймақтарда нормадан көп болады. Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты шамада болады.