Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында сараптама нәтижесі шыққанын мәлім етті.
Әнші Бейбіт Қорған «Астарлы ақиқат» бағдарламасын сотқа бермек
Фото: shalkarfm.kz
6,805
оқылды

Жақында Атырау қаласынан Нұргүл Зиханова есімді әйел «Астарлы ақиқат» бағдарламасында бес жасар баласының әкесі Бейбіт Қорған екенін айтқан болатын. Ол әншіден баланы емдетуге көмектесуін талап етіп, сотқа арыз түсірген.

Осыдан кейін Бейбіт Қорған Атырауға барып, арнайы зертханада ДНҚ сараптамасын тапсырған. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында сол сараптама нәтижесі шыққанын мәлім етті.

«Достар, азаматша Нұргүл Зиханова үстімнен Атырау облысының сотына арыз жазып, КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында мені баланың әкесі деп заңсыз айыптаған болатын. Осыған байланысты қазір ДНҚ сараптамасының қорытындысы шықты», – деп жазды Бейбіт Қорған Instagram желісінде.

Әншінің адвокаты ДНҚ қорытындысы бойынша Бейбіт Қорған баланың әкесі емес екені анықталғанын жеткізді.

«Бейбіт Болатұлы Қорғанға қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергім келіп отыр. Мен Атырау облыстық қорғаушылар алқасының мүшесі, адвокат Орынгүл Ұзаққалиевамын. Аталған азаматтық іс бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істеймін. Бейбіт Қорғанның адвокаты ретінде сот процесіне қатысқан едім. Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне Нұргүл Зиқановадан арыз түскен. Оның тарапынан баланың әкелігін анықтау және алимент өндіру туралы талап-арыз келіп түсті, азаматтық іс қозғалып, соттың тарапынан баланың әкелігін анықтау туралы сараптама тағайындалды.  Сот ұйғарымы бойынша 24 қаңтарда Бейбіт Қорған сот биологиялық үлгілерін тапсырды. 27 ақпанда соттың барлық қатысушысының көзінше сот сараптамасы ашылды», – дейді адвокат.

Ол ДНҚ қорытындысы бойынша Бейбіт Қорған баланың әкесі емес екені анықталғанын, сондықтан Нұргүл Зиқанова өз арызын қайтарып алғанын айтты. 

Сонымен қатар сот сараптамасы шықпай «Астарлы ақиқат» бағдарламасының қатысушылары Бейбіт Қорғанға тегіне, ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер айтуына байланысты сотқа жүгінетінін мәлімдеді.