Петропавлда көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері «Құрт» акциясын ұйымдастырды.
Алғыс айту күнінде студенттер 20 келі құрт үлестірді
517
оқылды

Бастама авторы – жоғары оқу орнының Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы. Ал акцияның жүзеге асуына Еврей мәдени орталығы атсалысқан.

«Қазақтың ұлттық тағамы, қасиетті құрт – саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылған көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Тарихи оқиғаларға негізделген аңыз бар: «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарына қазақ балалары қоршаудан ақ тас лақтырған. Алғашында байғұс әйелдер оның мәнісін түсінбей, бұл әрекетті қорлау деп бағалаған. Кейін оның ас екенін біліп, құрттың көмегімен аштықтан аман қалған. Осылайша қазақ халқы құрт лақтырып, лагерьдегілерді тамақтандырған. Сол себепті құрт біз үшін қайырымы мол асыл тас», – деді жоғары оқу орны Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная.

Акцияға орай 20 келі құрт Көкшетаудан арнайы әкелінді. Ол университеттің барлық корпусында жастарға, ұстаздарға таратылды.

«Бүгін акцияға мен де қатысып, құрт тараттым. Құрттың түр-түрі бар: сүрленген, қышқыл, тәтті, ащы. Жалпы бұл мерекенің мен үшін маңызы зор. Ата-анаға, құрбы-достарымызға, университеттегі ұстаздарымызға алғыс айту үшін таптырмас сәт», – дейді студент Аягөз Қайыркен.