Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қазақ баспасөз кеңістігінде «Халық кеңесі», «Түркістан», «Ана тілі», «Азия», «Алтын Орда», «Жас қазақ» тәрізді бірқатар басылымдар пайда болды.
AIQYN – айтары айқын басылым
575
оқылды

Өйткені кеңестік қыспақтан құтылған елдің саяси ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, руханият әлемін, жүрер жолын тәспірлеп отыратын үнпарақтар қажеттіліктен туындап жатқан еді. Жұрттың соны ақпаратқа сусап отырған кезі-тұғын. Содан болар, оқырманның жаңа басылымдарға деген ынтасы бөлек болды. 2000 жылдардың бас кезінде жаңа басылымдардың қатарын «Айқын» газеті толтырды. «Айқын» жарық көре салысымен ақпарат кеңістігіндегі орнын бірден ойып тұрып алды деуге болады.

Себебі біріншіден, басты ерек­ше­лігі – газеттің шығу жиілігі еді. Аптасына 5 рет шығу, тек ол кезде «Егемен Қазақ­стан­ның» ғана маң­дайына бұйырып тұрған кез болатын. Енді оған «Айқын» қо­­сылды. Екіншіден, «Айқын» жаңару­ды, жаңғыруды, жаңа­­шылдықты ұс­танды. Яғни, «Егемен Қазақ­­станға» қа­рағанда әлдеқайда еркін болды. Күл­­­­біл­телемей ашық жазды. Ақиқатты айтты. Қысқасы, «Айқын» ай­тары нағыз айқын басылым екенін танытты. Үшін­шіден, басылымға жазу өрнегі бөлек, білімді де білікті, тә­жірибесі мол, бір шоғыр талантты жур­налистер келді. Олар газетті бірден сара жолға түсіре алды деуге болады. Сондай-ақ «Айқын» жарық көрген уақыт – елі­мізде ғалам­тордың әлі дамымаған кезі. Қазіргідей қолдағы ұялы телефонға үңі­ліп, әлемнің бір қиырында болған оқыс оқиғаны демде көріп отыратындай жағ­дай жоқ еді. Содан болар, жұрт «Айқын» не жазды екен?» деп, газет дүңгір­­шек­­теріне жүгіріп жүрген заман-тұғын. Әл­бетте, бұл газеттің тиражын өсіруге үлкен се­бепкер болды. Қысқа ғана уақыт ішінде «Айқын» еліміздегі ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын қалып­тас­тырып үлгерді. Бұл жерде газетті басқар­ған редакторлар жөнінде үндемей өтуге бол­майды. Өйт­кені «Айқын­­­ның» «Ай­қын» болып қа­лып­тасуында олар­дың үлесі алабөтен. Газет алғаш шыққан кезде оны Серік Жанболат бас­қарды. Өзі де, сөзі де бөлек дарынды азамат. Ұзақ жыл­­дар елі­міздегі телеарналарда қызмет еткен. Тә­жірибесі жетерлік. Оның үстіне, өзіне орын­басар қылып газеттің «майын» іш­кен Әділбек Қабаны алды. Ал екі мықты тандем болған жерде газет қалай жаман болсын. Бірден түрленіп, гүлденіп жүре берді. Серік­­­тің өзге редакторлардан бір ерек­­шелігі – дом­быраны да, гитараны да тартып, әуелетіп ән салатындығы. Саз­герлік қасиеті де бар­шы­лық. Ұжым­ның той­­ларында әзіл әңгі­месін айтып, ортаға шы­ғып билеп кететін, өнерден де құр алақан емес-ті. Серік Жанбо­­­латтан ке­йін газетке басшылыққа Бауыржан Омаров келді. Баукең кешегі Алаш аза­мат­та­рының сарқытындай еді. Бол­мы­сы­нан бекзат­­тық­тың, дегдарлықтың, ақ­­­­­сүйек­тіктің лебі есіп тұратын. Лездеме кезінде көзілдірігін түзеп қойып, сыр­баздана сөйлегенде кешегі өткен Алаш арыстары Ахаң мен Жақаңның (Бай­­тұрсынұлы, Дулатов), Әлиханның (Бө­кей­ханов), я болмаса Әлімхан Ерме­ковтың бейнесін көргендей сезініп қа­­­­латынымыз рас. Қысқасы, Баукең бір бойына тектіліктің бар нұсқасын жи­нақтаған жан еді. Оның үстіне, газет ісін жетік біледі. Келді де кірісті. Небір жаңа айдарларды өзі қойды. Тың тақы­­­­рыптарды тауып, соларды жазуға нұсқау беріп отырды. Сол Бау­­кеңнің тұсында «Ай­қын» жаңа бір белеске көтерілді деп нық айтуға болады. Ал Нұртөре Жүсіп келген кезде «Айқын» мүйізі қарағайдай ірі басы­­лымға айналып үлгерген. Аты­нан ат үрке­тіндей, билік сана­­са­тындай деңгейде еді. Нұрекең журна­листи­кадағы жолын газеттен бастаған азамат қой. «Айқынның» жет­пей жатқан жағын жет­кізді, толмай жат­қан жа­ғын тол­тырды, болмай жатқан жағын бол­­дыр­­ды. Бір сөзбен айтқанда, га­зетті төрт ая­­ғынан тік тұрғызды. Сарабдал газетші, аба­­дан редактор екенін танытты. Өз басым «Айқын» газетінде 12 жыл 2 ай қызмет етіп­пін. Сол он екі жылда ба­сында атаған үш редактордың қара­ма­ғында жұмыс істеппін. «Айқында» жүріп айқындалдық, ысылдық, жазу стилімізді қалыптастырдық. Қысқасы, «Айқын» журна­листік жолымдағы үлкен мектеп, ұстахана болды десем артық айт­пағаным. 

Төреғали Тәшен, Берік Бейсенұлы, Айгүл Аханбайқызы, Жұмабек Жан­ділдин, Ғалым Сүлеймен, марқұм Жол­дасбек Дуанабай сияқты қарымды жур­налистермен қызметтес болдық. Бір қы­­­­зығы, «Айқын» «көшпенді» газет еді. Тұрақты отыратын орны болма­­ған­дықтан, әр­түрлі жағдайға байланысты араға бірер жыл салып тұратын жерін ауыстырып отыратын. Алматының өзін­де жеті жерге көшіп-қоныпты. Се­гізінші орны Астанаға көшіп, сонда тұрақтады. Сол «Айқын» газе­тінің шық­қанына да биыл 20 жыл толып жатыр екен. Еліміздегі ақ­парат кеңісті­­­гінде өзіндік орны бар, басылым ғасыр­­­­­­лық тойын тойлайтын күнге жетсін дегім келеді. 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

(«Айқын» газетінің 2005–2017 жылдардағы тілшісі)