Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қо­шанов­тың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда депу­тат­тар бай­ланыс, цифрландыру және ақ­­парат­тандыру саласының инвес­ти­­циялық ахуалды арттыру және әйел­дердің құқықтары мен бала­лар­дың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету ­мәселелері бойынша заңдарды екінші оқы­лым­да қабылдады.
Зорлық-зомбылыққа жол берілмеуге тиіс
330
оқылды

Сон­дай-ақ оты­рыста Ғылым мә­се­ле­лері ту­ралы заң да қа­был­данды. Мем­ле­кет­тік қызмет сала­сындағы заң­на­маны Консти­туция норма­ла­рына сәйкес кел­тіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда ма­құл­данып, бірқатар халықаралық құжат рати­фика­цияланды. 

Жалпы отырыста байланыс, ци­фр­ландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша заң қа­былданды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін депутат­тардың бастамасымен әзірленді. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева заңда виртуалды байланыс операторларының рұқсат беру тәртібі қарастырылғанын айтты. 

– Пилоттық жоба аясында геоста­ционарлық емес спутниктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу қарастырылады. Пилоттық жоба­ның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайтын болады. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Е.Смышляева.

Депутаттың айуынша, Алматы қала­сындағы жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін байланыс опера­торлары өз желілерінде хабар тарату тех­нологиясының жұмыс істеуін қам­тамасыз етуге міндетті болады. Бұл төтенше жағдайдағы жедел SMS хабарламаларға қатысты. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде SMS әдеттегі (қара­пайым) технологиямен жіберілген және хабарламалар уақытында жетпеген. Заң Сенаттың қарауына жолданды.

Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңды да қабыл­дап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруді көздейді.

– Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, суи­цид­ті насихаттау, он алты жасқа тол­маған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да іс-әрекеттер кри­минализацияланды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттері нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібі реттелді, – деді жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова.

Тәртіп бұзушыларға жауапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар, азаматтарды қолдаудың психологиялық көмек оңалту бағдарламалары қарастырылған.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов түзетулер заң үстемдігі мен тәртіпті қам­тамасыз етуге тікелей бағытталғанын және оны әзірлеу барысында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Әйелдер мен балалардың қор­ғансыздығы жайындағы мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік же­ліде жиі көтерілуде. Агрессорлар мен абью­зерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тиіспіз, – деді Е.Қошанов. 

Ғылым мәселелеріне қатысты заңды депутаттар Президент тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі. Асхат Аймағамбетов түзетулердің басты мақсаты ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру екенін айтты. Қазір ғылыми-зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алады. 

– Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді 92 мың теңге алады. Ал ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта ол 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, яғни 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады, – деді А.Аймағамбетов. 

Сонымен қатар жоғары оқу орын­дарында және ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдарға ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау үшін бір жылға дейінгі еңбек демалысы беріледі.

Депутаттар кейбір заңнамалық актілерді Конституция нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Конс­титуциялық сот «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның кейбір баптарын еліміздің негізгі заңына сәйкес келмейді деп таныды. Осыған байланысты 16, 59, 61, 64-1-баптарға өзгерістер енгізілді.

– «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 16-бабы 3-тармағының 6-тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп со­ға­ды, әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай кел­мейді. Мерзімсіз тыйым салудың ор­ны­на мемлекеттік қызметке кір кел­тіре­тін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мем­лекеттік қызметке қабылдауды шек­теудің 2 жылдық мерзімі белгілеу ұсынылады, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Сонымен қатар Мәжіліс бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады. Оның бірі – екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға бағытталған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт. Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Қайрат Омаровтың айтуынша, елдер өзара экономикалық кооперацияны тереңдету, сауда айналымын, инвестициялық қызметті, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті нығайту және ұлғайтуға қолайлы жағдай жасайды.

ПЕДИАТР МАМАН ТАПШЫ

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екі ратификациялық заң жобасын таныстырды. Соның ішінде зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама. Оның аясында енді Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше кез келген мемлекет міндетті лицензия бойынша өндірілген өнімді экспорттай алады. Бірақ мұндай дәрі-дәрмек өндірісі халықтың денсаулығын сақтау мақсатында жүргізіледі, яғни коммерциялық мақсатта емес. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімова елімізде шала туылған нәрестелермен жұмыс істеудің кешенді тәсілдерінде әлі де проблемалар барын айтып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына депутаттық сауал жолдады. «Елімізде диагнозды ерте анықтау баяу жүруде. Мамандардың жетіспеушілігі мәселесі де бар, қазір педиатриялық профильдегі дәрігерлердің тапшылығы 665 штаттық бірлікті құрайды. Шала туылған балалардың проблемаларын шешу жөніндегі шараларды күшейте отырып, осы жұмысқа жетекші меди­циналық жоғары оқу орындарын тарту қажет. Әрбір аудандық ауруханада босандыру бөлімшелерін дамыту үшін жағдай жасау керек», – деді депутат.

Мәжілісмен республикада білікті әрі мамандандырылған медициналық көмектің үлкен тапшылығына тоқталды. «2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша аталған мамандармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға шаққанда 0,15 штат бірлігін құрады (бұл ауылда 11 дәрігерді қосқанда барлығы 106 дәрігер). Бұл балалар офтальмологтеріне да қатысты, олар перинаталдық орталықтарда консультанттар ретінде тізімделеді, айына бірнеше рет келеді және жалақыдан 0,25-0,5 ставка алады – 19 000-нан 75 000 теңгеге дейін, ал оларға жүктелген жауапкершілік олардың еңбекақысының осындай өте төмен жалақысымен салыстыруға келмейді. Сонымен қатар балалар офтальмологі, әдетте бүкіл аймақ үшін 1 (бір) штат бірлігі болып табылады және бұл маман болмаған жағдайда оны ауыстыруға мүмкіндік жоқ», – деді Айна Мысырәлімова.

Мәжілістің жалпы отырысында қаралған келесі құжат – ТМД елдерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім. Оның маңызды тармақтарының бірі – мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалардың іс-қимылының жеделдігі, төтенше жағдайлар туындаған кезде олардың мемлекеттік шекарадан өтуі қажет болған жағдайда ұзаққа созылатын рәсімдерді жою.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. «Жол жүрісі туралы» заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; туристік индустрияны қолдау мәселелері бойынша заң жобасы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. 

БЮДЖЕТТІ ТОЛТЫРУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, бүгінде бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Депутат осы мәселеге қатысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады. М.Жайымбетов еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге болғанын жеткізді. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни, тапшылық 7,5 трлн теңгені құрайды. «Алдымен квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Бұл – бір. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?» – деді ол депутаттық сауалында.

Бұған қоса, Мархабат Жайымбетов салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Де­путтаттың пікірінше, Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінде қолданылған салық жеңілдіктерінің сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құраған. Яғни, бұл бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер бел­гісіз мерзімге, ешқандай мақсатты ин­дикаторларсыз енгізілген. «Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30%-ға қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50%-ға жеткізуге болады. Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салығынан босатылған. Бірақ осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. 

Осы ретте мемлекет беретін жеңіл­дік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр», – деді депутат. 

Көбіне, жеңілдіктердің негізгі алу­шы­лары – ірі компаниялар екенін айтқан мәжілісмен депутаттық сауалында келесі мәселелерді қарастыруды ұсынды. «Бірін­шіден, салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қас­қарту қажет. Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту. Екінші, Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді бас­қару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру. Үшінші, ұлттық компаниялардың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз», – деді М.Жайымбетов.

СУДАН ШУ ШЫҚПАСЫН ДЕСЕК...

Елімізде суармалы егістікке байланысты бірқатар мәселе туындап отыр. Осының салдарынан шаруалар өздеріне тиесілі көмектерге қол жеткізе алмай жатқан жайы бар. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Түркістан облысының мақташыларының мәселесін жеткізді. Өңірде мақта саласында 83 мың шаруа қожалығы жұмыс істейді. Десе де, былтырғы жыл мақта шаруашылығына оңайға соқпаған. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атына жолдаған депутаттық сауалында Қ.Балабиев заңдағы қайшылықтардың салдарынан шаруалар өздеріне берілетін субсидияға қол жеткізе алмай қалғанын айтты. «Себебі Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының» (2015 ж. 30 маусымдағы №6-3/597) 1-тарауының 4-тармағына сәйкес, егіс алқабына су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Бұл талап биылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізілді. Осы орайда, құрметті Айдарбек Сейпілұлы, Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары 1-тарауының 4-тармағын алып тастауға ықпал етуіңізді және бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, «AMANAT» партиясының қатаң бақылауында болатынын ескеруіңізді сұраймын», – деді депутат.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Данабек Исабеков Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің атына жолдаған депутаттық сауалында су тапшылығы қаупі артқанына алаңдады. «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы 10 басымдықтың бірі – су мәселесін шешу екенін айтқан депутат министрге фракция атынан бірқатар ұсыныс жолдады. Мәжілісменнің пікірінше, ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, инфрақұрылымын жетілдіру қажет. Барлық салаға қажетті суды цифрландырып, «көлеңкелі су нарығын» шектеу керек. Онсыз суды үнемдеу мүмкін емес. «Шаруашылық су мен ауызсудың нормативін анықтап, көлік жуу орталықтарына ауызсуды қолдануды шектеу қажет. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша тәуліктік су тұтыну тәулігіне орта есеппен 198,9 мың текше метрді құрайды. Онтүстіктегі мегаполисте 195 көлік жуу орны бар. Бұл ресми тіркелген көлік жуу орны ғана. Енді қарапайым арифметики бойынша есептеп көрейік, бір автокөлікті толық жууға 50-60 литр су кетеді. Сонда бір тәулікте 195 көлік жуу орнында 10 көліктен жуылғанда 975 мың литр су, яғни 975 мың шаршы метр су шығындалады. Бұған ел аумағындағы қалалар мен кенттердегі мыңдаған көлік жуу орындарын қосыңыз», – деді ол. 

Өзекті мәселеге қазір мойын бұрып, іске кіріспесек, ертең кеш болатынын жеткізген депутат министрге су үнемдеу ісіне қатысты жұмыстың нәтижесін жақын арада хабарлауды сұрады.

Ұлағат БЕКБОЛАТ