Орал қалалық мәслихатының 9-сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың EGEMEN QAZAQSTAN газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттерді жергілікті атқарушы және өкілді органдардың іске асыруы туралы және бұдан бөлек 12 мәселе қарал­ды.
Өзекті мәселелер – мәслихат таразысында
786
оқылды

Сессияда қалалық мәслихаттың шешімімен бөлшек саудадағы салық 4 пайыздан 3 пайызға төмендетілді. Бұл бастаманы  «AMANAT» партиясының Орал қалалық филиалы көтерді.   

Орал қалалық мәслихатының 9-сес­сиясына жиналған депутаттар күн тәртібінде көтерілген әр мәселеге қатысты пікір білдіріп, сұрақ қойып, ерекше белсенділік танытты. Алдымен депутаттар алдына Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев шықты. Қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың EGEMEN QAZAQSTAN газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттерді жергілікті атқарушы және өкілді органдардың іске асыруы туралы баяндады. 

– Мақалада Президент тағы бір көкейкесті мәселеге назар аударды. Ол – зорлық-зомбылық. Елде болған оқиғаларға байланысты Президент өз сұхбатында зорлық-зомбылыққа арнайы тоқталып кетті. Атап айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы әзірленетінін жеткізді. Осы рет­те қаламызда қолға алынған жоба ту­ралы айта кетейін. Шаһарымыздың бар­лық мектептері мен колледждерінде және қоғамдық көліктерде Komek Stop bullying ақпараттық жүйесі өз жұмысын бастады. Оқушылар мен студенттер ар­найы QR-код арқылы өз шағымын тастай алады. Бүгінде 700-ден астам хабарлама келіп түсті. Біз өз кезегімізде хабарламаларды инспекторлармен және мектеп әкімшілігімен бірге саралап, тек­се­ріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал­да­ғы уақытта осындай QR-кодтарды көп­қабатты үйлерге орналастыру бойынша жұ­мыс істеп жатырмыз, – деп баяндады қала әкімінің орынбасары Арсен Зинатұлы. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев EGEMEN QAZAQSTAN газетіне берген сұхбатында ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы және басқа да өзекті тақырыптар жайында мәлім еткен болатын. Осы сұхбатта Мемлекет басшысы болашаққа мін­деттер мен мақсаттарды айқындап бер­ді және өткен саяси оқиғаларға өз баға­сын берді. Ендігі кезекте жергілікті атқарушы органдар осы аталған бағыттар бойынша жұмыс істейді. 

Мәслихат сессиясындағы басты жаңалық кәсіп­кер­лер үшін жағымды болды. Олай дейтініміз, «AMANAT» партиясының бөлшек саудадағы салықты тү­сіру туралы ұсыныстары қолдау тапты. 

– Салық туралы кодекстегі 699-баптың 5-тармағына сәйкес жергілікті өкілетті органдар салық мөлшерін төрт пайыздан екі пайызға дейін түсіре алады. Біз «AMANAT» партиясы соның ішінде мен өзім «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі ретінде осы мәселені былтырдан бастап көтеріп келеміз. Бүгін біз мәслихаттың отырысында осы салықты төмендету туралы ұсынысымызға қолдау таптық. Енді бөлшек саудадағы салық мөлшері төрт пайыздан үш пайызға түсті, – деп атап өтті Орал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Бауыржан Мұхамбетжанов.

Бұл жаңалық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тауып, бәрі бірауыздан дауыс берді. 

– Бұл салық режимі  тек былтыр  күшіне енді. Бұл норма қабылданғанда төрт пайыз болып бекітілді. Бірақ заңда жергілікті мәслихаттар салықты екі пайызға дейін түсіруге құқылы деп жазылған. Осыған орай кәсіпкерлік бөлімі аталған салық жобасын дайындап, бірнеше кезеңнен тұратын эксперттік тексерістен өткіздік. Атап айтсақ, бұл жоба қоғамдық кеңестің талқысында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексерісінен оң қорытынды алды. Енді мәслихат депутаттарының алдына шығарып отырмыз. Бұл салық режимінің оң жақтары баршылық. Бұрынғы ережеге сәйкес кәсіпкерлердің табысы 70 млн теңгеден асып кетпеуі керек болатын. Енді жаңа ережеге сәйкес кәсіпкер 2 млрд теңгеге дейінгі аралықта табыс тауып, жұмысқа 200 адамға дейін тарта алады, – деп жаңа салық режимінің оң жақтары туралы Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрам Хайыров атап өтті. 

Сессия барысында депутаттар осы салықты тү­сіруге қатысты партияның ұсынысын бірауыздан қол­дап, дауыс берді. Сессия жұмысы басқа сұрақтарды талдаумен жалғасты.