Еліміздегі ерекше қажеттіліктері бар 680 мың адамның 100 мыңға жуығы 18 жасқа толмаған бала екен.
Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны 100 мыңға жеткен
Анар Қоныс
798
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының өкілі Алма Мысырәлімова Мәжіліс отырысында бүгінде физикалық, неврологиялық, ақыл-ой кемістігінің қаупі бар балалардың үлесінің артып жатқанын қозғады. Ал оған себеп мерзімінен бұрын туған балалар санының өсуі және сәби кезіндегі проблемалары екенін сөз етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда патологияның алдын алу, балалардың денсаулығындағы ақаулықтарды диагностикалау, оларды емдеу мен дамуын ерте кезеңде анықтаудың және оңалтудың тиімді шаралары қажет.

Шала туған немесе босану кезінде ауыр жағдайға ұшыраған нәрестелерді бақылау тәртібі Қазақстан Республикасында неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартымен регламенттелген. Оған сәйкес әр өңірде көпбейінді стационарлар базасында немесе үшінші деңгейдегі перинаталдық көмек ұйымдарында 0-ден 6 жасқа дейінгі балаларға арналған бақылау және (немесе) катамнез кабинеті ұйымдастырады.

Бүгінде мұндай кабинеттер еліміздің 14 өңірінде ашылып, іске қосылған. Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Жетісу облыстарында 2024 жылы ашылу жоспарланып отыр. Оның ішінде облыстарда 28 оңалту және ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Жалпы, соңғы жылдары нәресте өлімінің көрсеткіші айтарлықтай азайды. Бірақ бұл үшін үлкен күш жұмсалды. Барлық шараға қарамастан, шала туған нәрестелермен жұмыс істеудің кешенді тәсілінде әлі де проблемалар бар. Себебі, елімізде диагнозды ерте анықтау баяу жүреді. Шынын айтқанда, ерте диагностика процесі артта қалып отыр. Оның үстіне мамандардың жетіспеушілігі және педиатриялық профильдегі дәрігерлердің тапшылығы тағы бар.  

Сондай-ақ, бұл жағдайда катамнездің жеке орталықтарының тәжірибесін Министрлік  қаншалықты зерттеп, әрі мемлекет өзара іс-әрекет барысында іс-жүзінде пайдалануын атап кетсеңіздер? 2023 жылы ретинопатия қаупі бар 7635 бала офтальмологиялық скринингпен қамтылды. Бірақ бұл өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының бақылауына және іске асыруына берілген. Дегенмен, осы санаттағы балалардың скринингті іске асыру сапасына, сондай-ақ негізінен қайырымдылық ұйымдарының күшімен шешілетін медициналық мекемелерді жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

Әрине, елде білікті және мамандандырылған медициналық көмектің үлкен тапшылығы бар. Әсіресе, балалар офтальмологтарына да қатысты. Олар перинаталдық орталықтарда консультанттар ретінде тіркеліп, айына бірнеше рет келеді . Ал жалақыдан 0,25-0,5 мөлшері бойынша 19 000-нан 75 000 теңгеге дейін ғана алады. Оларға жүктелген жауапкершілік еңбекақысынмен салыстыруға келмейді. Сонымен қатар, балалар офтальмологы, әдетте, бүкіл аймақ үшін 1 (бір) штат.  Егер ол болмаса оны ауыстыру мүмкін емес. 

Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты бірқатар тиісті шараларды қабылдау ұсынамын: Біріншіден, ерте диагностикалау, емдеу, оңалту жағдайларын одан әрі жетілдіре отырып, шала туылған балалардың проблемаларын шешу жөніндегі шараларды күшейту, осы жұмысқа жетекші медициналық жоғары оқу орындарын тарту керек. Екіншіден, әрбір аудандық ауруханада босандыру бөлімшелерін дамыту үшін жағдай жасау қажет; Үшіншіден, катамнестикалық байқау немесе өзара іс қимылдың басқа да нысандары саласында медициналық қызметтер көрсету мәселелерінде мемлекеттік тапсырысты іске асыруға, жеке медициналық ұйымдардың қатысу мүмкіндігін қарастыру; Төртіншіден, II және III деңгейдегі босандыру мекемелерін офтальмолог-дәрігерлермен қамтамасыз ету және олардың қызметтіне ақы төлеу тарифін нақты шығынға сәйкес қайта қарау керек, дейді депутат.