Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде енген жаңашылдықтың бірі – алқабилер соты қарайтын қылмыс түрлері санының артқаны.
Алқабилер сот болуға дайын ба?
фото: Aikyn газеті
691
оқылды

Бұрын олардың қарайтын ісі 31 түрлі болса, енді 44-ке жетті. Жаңадан қосылған баптардағы қылмыстардың кейбірі бұрын алқабилерсіз аудандық және қалалық соттарда қаралатын. Енді бұған жаңа санат қосылды.

Халықтың сот билігіне деген сенімін нығайтады

Осылайша, алқабилер қарайтын қылмыстардың құрамына ҚК-ның 116-бабының 2, 3-бөліктері, 335-баптың 4-бөлігі, 337-баптың 4, 6-бөліктері, 345-баптың 4-бөлігі, 345-1-баптың 4-бөлігі, 346-баптың 5, 6-бөліктері және тағы басқалары қосылды. Олар – адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қоюмен байланысты, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу және заңсыз аңшылықпен байланысты, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына байланысты тағы да басқа қылмыстар. Десе де, төтенше жағдайлар мен жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру қылмысы; бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыстың негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қыл­мыс­тар; террористік және экстремистік қылмыстар; соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар; қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар алқабилер қарауына жатпайды. Қалай болғанда да бұл жаңашылдықтар аталмыш институтты дамытуға тың қадам екені рас.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында «Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өткен болатын. Негізінен, алқабилер соты институты Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде оның қоғамдық мәртебесін нығайту, халықтың биліктің тәуелсіз тармағы ретінде соттарға сенімін нығайту үшін қажет. Алқаби дегеніміз – санасы заң қағидаттарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін басшылыққа алатын заң талабы аясында іріктеліп алынған адам. Осы орайда алқабидің кәсіби судьямен бірігіп өз төреліктерін айтып, шешім қабылдауының өзі халықтың сот билігіне деген сенімін нығайтады деп есептеймін», – дейді Ақтөбе облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алтынбек Сабыров.

Оның айтуынша, жалпы азаматтардың алқабилер институты туралы түсінігі бары сот процесі кезінде, яғни іріктеу басталған сәтте анық байқалады. Дегенмен азаматтардың арасында алқаби болып қатысуға ықылас білдірмейтіндері де баршылық екен. Себебі көбісі қыл­мыс­тық іс бойынша шешім қабылдауға жүрексінеді, жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Әртүрлі сылтаулар ай­тып, сотқа қатыспаудың амалын іздей­тін­дері де бар. Алқабилер жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әлі де болса ақпараттандыруды қажет етеді. Себебі көптеген елді мекендегі халықтың алқабилер, олардың жұмыстары туралы көп біле бермейтіні шындық. Бұл жерде жергілікті атқарушы органмен бірігіп, басқа да қоғамдық ұйым­дар немесе белсенділер тобы ар­қы­лы алқабилердің жұмысы, олардың қалай іріктелетіні және ең маңыздысы еңбек­ақы төленетіні туралы толыққанды ақ­парат таралуына жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар қазір сарапшылардың арасында «кеңесу бөлмесінде судьяның қатысуынсыз алқабилер өздері кіріп, шешім қабылдауы керек. Әйтпесе, бұл жерде судьяның ықпалы басым» деген де пікірлер айтылып жүр.

«Әлемде алқабилер сотының 2 моделі бар: англосаксондық және континенталды. Қазақстан романо-германдық құқық жүйесін басшылыққа алатындықтан, еліміздегі алқабилер соты континенталды үлгіге жатады. Англосаксондық үлгіде шешімді кәсіпқой судьяның қатысуынсыз, алқабилер алқасы кеңесу бөлмесінде қабылдайды. Біздің Қылмыс­тық-процессуалды кодексте алқабидің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Оған сәйкес, кеңесу бөлмесінде төрағалық етуші судья алқабилер кеңесіне басшылық етеді және солармен бірге отырып шешім қабылдайды. Сондықтан алқабилердің қорытынды шешім қабылдауына судья ықпал етуіне мүмкіндік болмайды деп санаймын. Шығарылатын үкім ақтау немесе айыптау болатындықтан тараптардың келіспейтіні белгілі, сол себепті сарапшылардың да қай тарапты қолдап тұрғанына да байланысты осындай пікірлер болуы мүмкін», – дейді  А.Сабыров.

Оның айтуынша, алқабилер – қарапайым халық арасынан заңға сәйкес іріктеліп алынған азаматтар. Шын мә­нінде, заңгер болмағандықтан көп нәрсені түсінбейтіні рас, сондықтан судья оларға іс барысын заңға сәйкес түсіндіріп отырады. Алқабилердің арасында сотталушыға өлім жазасы немесе 15, 20 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін білген жағдайда тіпті қобалжитындары да болады екен. Олар судьямен бірге шешім қабылдайтын болғандықтан кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға болмайды. Осы жерде ақтау немесе айыптау үкімі алқабилердің қатысуымен қабылдағанымен, барлық жауапкершілік судьяға түседі. Осы тұрғыда барлығы жан-жақты болуы керек, өйткені сотталушының кінәлі немесе кінәлі еместігі туралы шешімді бір өзі ғана қабылдамайтынын түсіну қажет. 

Толыққанды азаматтық қоғам қалыптасуы керек

Батыс немесе Еуропа мемлекеттерінде дамыған кейбір институттарды сол қалпы көшіріп алғаннан елімізде ол дамып кете қоймайды. Өйткені біздің өзіндік психологиямыз, мәдениетіміз, тарихымыз, дәстүрміз бар. Сондықтан біздің үкіметтік делегацияның кейде барған елінен зерделеп қайтқан түрлі тәжірибелерді сол күйі тықпалай бергені дұрыс емес. Бұл тек алқабилерге емес, жалпы еліміздегі қай бастамаға да тән. Ал алқабилерге келсек, англо-саксондық құқық моделінде бұл өміршең институт болуы мүмкін. Қазақстан қолданатын континенталды құқық моделінде оның сіңісе қоюы қиындау. Сондықтан да бұл мәселенің тарихи да, заманауи да факторлары бар. Бұл – белгілі қоғам белсендісі Ән­уар Түгелдің пікірі.

«Бұған дейін бұл мәселе өзекті болатын. Бірақ пандемиядан кейін көптеген сот отырыстары онлайн жұмыс түріне ауысып кеткендіктен, алқабилердің қатысуымен сот өткізу қолданысқа келмей қалды. Өйткені ол үшін, техникалық жағын айтпағанда, шешендік өнер керек, пікірталас керек. Виртуалды түрде оның әсерлі бола қоймайтыны анық. Бұл – бір. Екінші тұсы – қазір алқабилер қарайтын адам өлтіру сияқты жеке басқа қарсы жасалатын аса ауыр қылмыс­тар азайып келеді. Оның орнына экономикалық, коррупциялық қылмыс көбейді. Оның белгілі бір ауырлау бөлігі олардың қарауына жататыны рас. Бірақ бізде жемқорлықпен ұсталғандар алқабилерге жүгінуге құлықсыз. Өйткені қоғам оларға деген теріс көзқараста. Сондықтан оның кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар бола тұра, сотқа қатысушы азаматтар оған қарсы дауыс беруі мүмкін. Үшіншіден, біздің қоғам – патриархалды қоғам. Жершілдік, рушылдық, ағайын­шылдық басым. Бір сөзбен айт­қанда, бізде әлі азаматтық қоғам қалыптасып болған жоқ. Оның үстіне, Қазақстанның сот жүйесі толықтай тәуелсіз емес. Қалай болғанда да тергеу кезіндегі тұжырымдарға, прокурорларға байланысты ұстанымдардан аса алмай қалып жатады», – дейді ұзақ уақыт адвокаттық салада қызмет кеткен тәжірибелі заңгер Әнуар Құрманбайұлы.

Оның айтуынша, ықпалды Парламент, әділ сайлау, алқабилер институты, тәуелсіз сот, азаматтық қоғам деген нәрселердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты дүниелер. Олар сағаттың механизміндей бірдей жұмыс істеп кетпесе, әр сала өз бетінше ақсай бермек. Ал жалпы бұл институттың елімізде дамығанына прокуратура әу бастан қарсы. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде күштік құрылымдардың позициясы қатты күшейіп отыр. Оны дұрыс түсінгеніміз жөн. Өйткені ел тыныш­тығын шайқалтатын мұндай оқиғалардың қайталануына жол беруге болмайды. Десе де, осы тұста прокуратураның кәсіби соттарды қолай көріп, өздері дайындаған дәлелді айғақтар базасын азаматтық тұлғалар алдында қорғауға ықылассыз келетінін жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне, біздің қоғамда қылмыстық қудалау орындарына деген сенімсіздік бар. Осы сенім деңгейі жоғарыламай, бұл соттың да өз қызметін объективті түрде атқарып кететініне үміт арту қиын. Ол үшін, тағы да сол, толыққанды азаматтық қоғам қалыптасуы керек.

Азаматтар судьядан аса алмайды

Алқабилер сотын құрудағы мақсат халыққа билік өкілеттігін беру болатын. Бірақ бұдан да өзге көптеген бастамалар секілді оның да шикілігі бар. Бірінші кезекте ол құрылғанына 17 жыл болса да, баяу дамып келді. Соның бір себебі: сарапшылар алқабилердің қорытынды шешім қабылдауына судья қатты ықпал етеді деп санайды.

«Бізде сотталушының кінәлі немесе кінәлі емес екенін ешқандай заң білімі жоқ, сот, тергеу деген нәрседен алыс, өз шешімін ар-ожданы мен ішкі тұжырым­­дарын басшылыққа ала отырып қана, тікелей соттағы зерделенген айғақтардың негізінде қабылдайтын қарапайым адам­дар анықтайды. Бірақ мұны олар кәсіби судьямен бірге жасайды. Бұл дұрыс емес! Соның кесірінен бізде алқабилер институты инфантильды, яки судьяның ықпалынан аса алмай, іс нәтижесіне салғырт қарайтын адамдар тобының сотына айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда, азаматтар судьялардан аса алмайды. Естеріңізде болса, бастапқы бес жылда кеңесу бөлмесіне 10 алқабимен бірге бір емес, екі бірдей судья кіретін. Ондайда қайдан әділеттілік болсын?» – дейді адвокат Нұрлан Жолболов.

Оның айтуынша, бұл институтты іске қосуды Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдердің қысымымен ықылассыз істеп келген. Сондықтан да оның дамуы кенжелеп қалған. Ендеше ендігі жерде судьялар түсіндіруі керек заңнамалық тұстар мен кәсіби ұғымдарды былайғы уақытта айтып, шешім қабылдау кезінде бірге болмауы керек. Судья ғана емес, алқабилер де бір-бірімен сөйлеспей, жабық дауыс бергені жөн. Оған елімізде алғышарт бар. Жалпы, еліміздегі алқабилер соты тараптардың тартысуға қабілеті, дербестігі, объек­тивтілігі, кінәсіздік презумпциясы деген принциптерге сәйкес келеді. Әрбір ал­қаби де, судья да бір-бір дауысқа ие. Ше­шім көп дауыс санымен қабылданады. Судья тек қандай шешім қабылданғанын хабарлайды. Бірақ қалай болғанда да оның ықпалы жоқ деп түбегейлі айтуға болмайды.

Демократиялық бағыт жолында

Әрине, алқабилер сотының елімізде жетістігі де барын жоққа шығарудан аулақпыз. Бұл институттың пайда болғанының өзі – Орталық Азиядағы ілгері ел екеніміздің дәлелі. Өйткені көрші қыр­ғыз елінде ол келесі жылы енгізілуі мүмкін болса, Өзбекстанда әлі қарастырылуда екен. Түрікменстан мен Тәжік­стан­дағы саяси-құқықтық жағдай бұл елдерден алыс емес. Ал Қазақстанның азды-көпті 17 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде алқабилер сотының өндірісі шеңберінде тараптардың «бәсекелестік және тең құқықтылық» қағидасы бірқатар дәрежеде жүзеге асырылды. Алды- мызда тұрған ендігі мәселе – саланы жетілдіре түсу.

«Өзінің қалыптасып даму тарихында алқабилер институты белгілі бір кезеңнен өтті. Республика аумағында әр облыста аса ауыр қылмыстарды алқабилердің қатысуымен қарауға уәкілетті қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. ҚІМАС бүгінде өміршеңдігін танытып отыр. Осы сотқа жүгінген әр азаматтың құқықтары мен заңды мүддесін пәрменді қорғалуына кепілдік беретін ұтымды жүйе екенін дәлелдеді. Отырысқа 10 ал­қаби мен 1 судья қатысады десек, негізгі құрамдағы азаматтық тұлғалардың кейбірі сот отырысына қатыса алмай қалған жағдайда олардың орынын алмастыратын 2 қосалқы алқаби қарастырылған. Бұл істі созбалаңға салмай аяқтауға мүмкіндік береді. Кандидаттарды іріктеу бұрын бюрократия­лық жолмен жасалатын болса, соңғы жылдары автоматтандырылған электронды түрге ауыс­ты. Одан да басқа жетістіктер көп. Алқабилердің судьядан тәуелсіз екені сөзсіз. Шешім көп дауыспен қабылданғаннан кейін судья сол шешім бойынша ғана жұмыс істейді. Сотта­лушы кінәлі болса, жазасын тағайындайды, кінәсіз болса, ақтау үкімін шы­ғарады», – дейді Ақтөбе облыстық сотының Қылмыстық алқа судьясы Гүлжан Әжіғалиева.

2007 жылы енгізіліп, содан бері түрлі кезеңдерден өткен бұл институт елімізде баяу дамып жатқаны рас. Мәселен, 2007-2009 жылдары жылына шамамен 50 шақты іс қаралған болса, 2010 жылы – 270, 2011 – 339, 2012 – 289, 2013 жылы 198 іс қаралған. Бірақ бұл көрсеткіш 2014 жылы – 65, 2015 – 42, 2016 – 47, 2017 – 72, 2018 жылы 44 іс боп тым төмендеп кеткен. Тек былтыр ғана бұл сан 136-ға көбейген. Енді биыл 950-ге дейін жетуі мүмкін деп болжанып отыр. Сөз соңында назар аударта кететіні, қо­ғамда үлкен резонанс тудырған «Би­шімбаев ісі» сотқа жіберілді. Осы ақпаратқа жапсар, оның адвокаттарының бірі алқабилер соты таңдалып алынуы мүмкін екенін айтты. Егер бұл расқа айналса, онда біз сөз етіп отырған алқабилер инс­титуты үшін үлкен сынақ болмақ. Әрі бұл істі жаңа кезеңнің басы деп те қарастыруға болады. Ендеше біз­дің қоғам сот төрелігін жүргізуге қаншалықты дайын екенін уақыт көрсетпек.

Нұрлан ҚОСАЙ