Аiqyn газеті жарыққа шыққан 2004 жылы бала күтіміне байланысты демалыста болдым. Жаңадан газет ашылайын деп жатқанын естідім.
Гүлнар Жұмабайқызы: Мен үшін АİQYN-ның орны да, жөні де бөлек
фото: Aikyn газеті
636
оқылды

Дегенмен кемі үш жыл қыздарым балабақшаға барғанша қастарында боламын деген ойда жүргендіктен, онша мән бермедім. Бір күні «Жас Алаш» газетінде бірге жұмыс істеген белгілі журналист, талай жыл жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Әділбек Қаба ағам телефон соғып, жаңа газет ашылайын деп әзірлік жұмыстары жүріп жатқанын айтып, жұмысқа шақырды. Әзірге жұмысқа шығатын ойым жоқ екенін айтқаныммен, «Ертең жұмыс жаққа бір келіп кетсейші» деп мекенжайды айтып, әңгімені аяқтады. 

Сыйласып жүрген ағамның сөзін жерге қалдырудың есебін тап­пай, ертеңіне редакцияға келдім. Бөгенбай батыр көшесінде орнал­ас­қан жақсы кеңсе екен. Бала күті­­мімен біраз үйде отырып қалған­­­дықтан жан-жағыма үрке қарап, кеңсеге имене басып кіргенім есім­­де. Дегенмен бұрыннан сіз-бізіміз жарасқан Әділбек аға мен тек теле­­­дидардан ғана көрген, жүзбе-жүз алғаш рет кездесіп тұрған, жаңа га­зеттің бас редакторы Серік Жан­­­болат ағаның емен-жарқын қарсы алуы менің қобалжыған көңілімді бірден басты. «Экономика бөлімінің жұмысын саған тапсырамыз» деді ағалар. Әңгімелесу барысында Се­­рік ағам экономикаға қатысты бірер сұрақ қойып та үлгерді. Олар менің жағдай айтқаныма қараған жоқ, не керек сол жерден жұмысқа қабылдау туралы өтінішімді жазып бір-ақ шық­­тым. Бұл командаға бұрын бір­ге жұмыс істеген біраз әріптесім жи­налып үлгеріпті. Журналистер Жолдасбек Дуанабай, Роза Қараева, газет корректорлары Әйкен Мама­­таева, Бағдат Бәкірова апайлар да бар екен. Роза «Гүлнар, келгенің дұрыс болды. Балаларға күтуші табылады ғой» деп қайрап қойды. Бұл 21 ақпан болатын.

Біз осылайша, газеттің алғашқы нө­­мі­рін дайындауға кірісіп кеттік. Серік аға мен бас редактордың орын­­­­­­басары Әділ­бек аға небір идеяларды ортаға сала­ды. Басқа журналистер де қарап қалмай, қан­­дай мәселе көтеру керек, газет­­тің ди­зайны қа­лай болуы керек деген ойларын білдіріп жа­тады. Жаңа жарық көретін басылымның басты шарты – ақ­­па­­раттық газет бола­ты­ны. «Ақ сөйле!» айдарымен белгілі тұлға­лар, қоғам қай­­­раткерлерімен бір бетке тұтас сүбелі сұхбат бері­­летін болды. Үлкен форматта, апта­­сына бес рет шығатын га­зет­ті күн­­делікті ақпа­ратпен толтыру оңай бол­­­масы анық еді. Дегенмен 3 нау­­­рызда бір компанияға қарайтын «Литер» газеті, 6 наурыз күні Аiqyn-ның алғашқы нөмі­рі жарық көріп, қос газет көп ұзамай ақпа­рат айдынынан өз орнын ойып тұрып алды. 

Бірден айта кетейік, «Литер-медиа» ЖШС-ның материалдық жағдайы өте жақсы болды. Медиа-менеджер Ерлан Бекхожин ағамыз қос газеттің жақсы шы­­­ғып, қыз­­­меткерлердің алаңсыз жұ­мыс істеуі үшін бар жағдайды жасады. Ың­ғайлы кеңсе, техникалық құрал-жабдық­тар, тіпті күнделікті нөмірді дайындаған соң қызметкерлерді үйлеріне жеткізіп са­ла­тын көліктер де қарас­ты­рылды. Ол кез­де ұялы телефонның мүм­кіндігі қазіргідей болған жоқ. Астана мен өзге өңір­­­лермен байланыс жасап, ақ­парат алып, материал­дар дайын­­дау үшін редакцияда қалааралық байланыс теле­фоны үздіксіз жұмыс істеп тұр­ды. Ең бас­­тысы – қыз­­­меткер­­­лер­­дің жалақысы өзге басылымдарда іс­тей­­тін әріп­­тес­термен салыс­тыр­­ғанда ауыз тол­тырып айтар­лықтай жоғары болды. Серік аға «Бізде жұмыс істейтін қыз-жігіт­тердің әр­­­қайсысы кім бол­­­­­са да сана­сатын тұл­­ға болуға тиіс. Ма­­­­­териалдық жағ­­дайы жақсы болуы керек» деген­ді жиі айтатын. Расын­да, көп ұзамай қыз-жігіттердің алды көлік тізгін­деп, одан кейін пәтерлі бола бас­тады. Материалдық жағдайдың жақсы болуы жұмыс сапасына да оң әсерін тигізбей қой­ған жоқ. Қыз­мет­­керлер жұмысты бар ынта­­сымен жасады деуге болады. Аймақ­тар­да­ғы тілшілер де өз өңірлерінен өткір материал­дар ұсына бастады. 

Өзім экономика бөлімінде жұ­мыс істе­геннен кейін хабарым бар, «Қазақ­стан те­мір жолы», «Қаз­­атомөнеркәсібі» сияқты ұлттық ком­­­­паниялармен жақсы жұмыс жүргізілді. Көп ұзамай түрлі ми­нистрліктің тізгінін ұстап отырған мар­­қасқалар да «Ақ сөйле!» айда­­рының тұ­рақты «қонағына» айна­­­­лып, өз сала­лары туралы ағынан жа­­­­ры­­­­­­лып әңгіме айтатын болды. Ауызы дуалы ақын-жазушылар, ғалымдар Аiqyn-ның кейіпкеріне айналды. Лауазымды тұлғалар біздің тіл­шілердің сұра­ғына қом­­­сынбай пікір­лерін білдіре бастады. Айта кету керек, Мем­лекеттік қыз­мет істері агенттігінің тө­рағасы Әлихан Байменов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­­нистрі Гүл­­­шара Әбдіха­лықоваларға тікелей те­лефон соғып, талай пікірлерін алғанбыз (қазір қара­­­пайым тілші­­­лерге телефонмен жа­уап беретін шенеуніктер бар ма екен?) 

Көп ұзамай 32 беттік «Аiqyn-апта» шы­ғып, сайт іске қосылды. Бұл басы­­лым­ның салмағын бұрын­ғыдан да арт­тырып, жұ­мысты қыз­дыра түсті.

Жалдамалы кеңсе болғаннан кейін бе, біздің компания жиі қо­ныс аударды. Ке­зекті кеңсеміз Мақа­таев көшесінің бо­йында ор­на­ласқан еді. Заманауи үлгіде жаб­дықталған, көрген жан қызы­­ға­­­тындай әдемі кеңсе болды. әл-Фа­­­­раби атындағы ҚазҰУ-ды бірге тәмамдаған белгілі ил­люзио­нист, марқұм Алтынай Байтоқа­нова ре­дакцияға келіп сұхбат бергенде «Сендер дамып кетіпсіңдер ғой. Шетел­дерде жүр­генде «Шіркін, біздің қазақ журналис­тикасы қашан осындай дең­гейге жетеді?» деп армандаушы едім. Қан­дай жақсы, бәрі заман талабына сай. Мұндай жерде тек жұмыс істеу керек» деп шын ықыласын білдірген болатын. Міне, сол кеңсеміз бір демде өрте­­ніп кет­ті. Бәріміз жұмыс істеп отыр­ғанбыз. «Сыртқа шығыңыздар. Өрт шық­ты!» деген соң, компью­­­тері­мізді өшір­ген күйі жеке затта­­ры­мызды алып сырт­­қа бет­тедік. Электр желісінен шық­­қан өрт бір демде төрт қабатты ғимаратты шар­пыды. Осындай жағдай басымыздан өтсе де, газеттің бір нөмірі тоқтаған жоқ. Есік­тің алдына палатқа құры­лып, жур­налистер ноутбуктермен жұмыс істеді. Әбден өрт сөндірілген соң ғимаратқа кіруге рұқсат берілді. Қаншама жиһаз, компьютерлер жарамсыз болып қалды. Кеңседе намаз оқитын шағын бөлме бола­тын. Бір қызығы, сау-тамтығы қал­­ма­­­­ған кеңседен сол бөлме қабыр­ғасында ілулі тұрған Меккедегі қағ­­баның суреті аман қа­лыпты. Бұл құ­­діретке таңданбаған жан қалмады. 

2008 жылы газеттің бас редак­торы бо­лып Бауыржан Омаров аға­мыз келді. Тәр­­­тіп пен талапты жақ­­­­­сы көретін, бо­­саң­­­­­сығанды жаны қаламайтын Бауыржан аға­мыз жұмыс істеу стилінің басқаша еке­­нін бірден аңғартты. Газетте жаңа ай­­дарлар ашылып, жаңа ке­йіп­­керлер шыға бастады. Басы­лымның қатесіз, таза шы­­­ғуы да қатаң бақы­­­­лауда болды. Кезек­ші­­лік атқарған кейбір жігіттердің «Осы менің көзім қате көр­мейді» деп, кор­ректор қыз­­­дар оқыған бет­­тердегі қателер­ді көшіріп салып жү­ретіні сол кез ғой. 

2009 жылы газетке Нұртөре Жү­сіп бас редактор болды. Ком­­­­пания басшысы Ер­лан Бекхожин аға­­­мыздың «Нұрекең – бренд редактор. Аiqyn газеті бұрын­ғы­дан да жақсы шығатынына сенемін» дегені есте. «Ағымдағы ақпаратты қам­ты­ған жақ­­­­сы, ара-арасында «өлмей­тін», ескір­­­­мейтін дүниелерді де жазып оты­рыңдар» деген Нұртөре аға журна­лис­терге біраз ер­­­­кіндік берді. Осы кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша біраз журналистердің кітабы басылып шықты. Менің де эконо­­­мика тақырыбындағы сұх­­баттарым қам­­­тылған кітабым осы қатарда жарыққа шықты. Әлеу­­меттік ахуалымызға тікелей әсер ете­тін сала болғанымен экономика тақы­рыбын екінің бірі қызығып оқи қой­­­­май­тыны рас. Дегенмен эконо­ми­­­­каның түрлі са­ласындағы мық­тылармен болған сұхбат­тардың бір жинақ болып шыққа­­­­нына «Өзіміз үшін бір естелік болып қала­­­ды» деп қуандық. Осы кітапқа сұхбаты енген тех­ника ғылым­­дарының док­торы, про­фессор, та­­лай жыл «Қаз­жол» ҒЗИ-ын басқар­ғ­­­ан Бағдат Тел­таев ағамыздың «Бұл ел эконо­­микасының бір ке­­зеңін түгел қам­тыған жинақ болған екен» деген сөзін естіп, бір мар­­­қайып қалға­нымыз бар. 

«Өлмейтін», ескірмейтін әңгіме де­­мекші, кейіннен мен «Өмір өт­келдері» айдарын жүргіздім. Оған себеп болған академик Төрегелді Шарманов пен эко­номист, ел Премьер-Министрінің орын­­­басары болған Нығметжан Есенғарин ағаларымыздың сөзі түрткі болды. Бірде Төрегелді ағаға сұхбат алу үшін хабар­­­­­лас­­­­сам, «Өмір, достық тақырыбында әңгіме айтқым келе­ді» деді. Нығметжан аға да «Жур­налистерге қазақ елінің эконо­ми­­­­­­ка­сы, көлік және коммуникация саласы, оның үстіне теміржолы туралы талай сұх­­­­бат бердім. Енді өткен өмір жолым туралы еркін сұхбат бергім келеді» деді. Ағалары­­­­­­­мыздың сөзі қамшы болып, Аi­qyn-да жаңа айдар ашылып, қазақ елінің дамуына түрлі салада еңбегі сіңген аға-апалары­­­­­мызды әңгімеге тартып, ішкі сырын ақта­рып, еркін әңгіме жүргіздік. Елі­міздің тау-тұлғалары Сұлтан Жиен­баев, Талғат Би­гелдинов, Әмен Қай­дар, Герольд Бель­гер, Мақаш Тәтімов, Жақ­­сылық Үшкем­піров, Әшірбек Сы­ғай, Шот-Аман Уәлиха­нов, Ким Серік­баев, тағы да бір­қатар ағала­­рымыз бү­гінде өмірден озып кетті. Бірақ тасқа басылған сөзі қалды. Осындай қырық қайраткер қамтыл­ған қомақты кітап Мә­дениет және спорт министрлігінің қол­дауымен жарық көріп, еліміздің бүкіл кітап­ханасына таратылды. Бұл да Аiqyn-да қызмет еткен күндерден бір белгі, естелік болып қалды. 

2018 жылы Аiqyn редакциясы Аста­наға қоныс аударғанда менде қимастық сезім болды. Бір үйдің баласындай болып жұмыс істеген әріптестерімнің бір күнде басқа жаққа кетуі оңай тиген жоқ. Деген­мен Алматы қаласындағы меншікті тілші болып қалуым сәл де болса көңілге демеу болды. Уақыт өте келе басқа қызметке ауыстым. Он жеті жыл табан аудармай жұ­­­­мыс істеген Аiqyn газеті мен үшін қа­шан да ыстық. Орны да, жөні де бөлек. Әріп­тестерімді газетіміздің 20 жыл­­дық мерей­тойымен құттықтаймын. Әрқашан биіктен көргім келеді. Шығармашылық та­быс тілеймін!