Тектілердің ізі қалған Түр­кістан – елі­міздегі халық са­ны қарқынды өсіп жатқан ай­мақ саналатыны белгілі. Өңір­дегі екі милионнан астам тұр­ғынның тең жартысын әйел­дер құрайды.
Мейірім бар жерде адамгершілік бар
891
оқылды

Әрбір алтыншы қазақстандық дүниеге келетін өңірдің ардақты аналары, бел­сенді қыз-келіншектері осы аймақта мәңгілік дамыл тап­қан Домалақ ананың рухымен қанаттанып, ар-ұят пен адал­дықты өмірдің шырағына айналдырған. Осы орайда, біз оңтүстіктің өжет қызы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Парасат» орденінің ие­гері, Түркістан облысының құр­метті азаматы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, осы партияның өңірлік Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреқызымен сыр-сұхбат жүргізген едік.     

– Қалыйма Жантөреқызы, ес­туі­мізше, партияға келмес бұрын жеке бизнесіңіз болған. Бизнесіңізді жоғалтқаныңызға өкінбейсіз бе? Партияға қалай келдіңіз? Жалпы, партиядан не ұттыңыз? 

– Мен біріншіден, осында мұңын айтып келген елге, халыққа жәр­демдесіп келемін. Бизнес менің тез ойлау қабілетімді арттырды, ал пар­тияға келсек, мәселе ауқымды: өзің­нің күн көріп жан бағуың, өркендеп бақуатты болуыңды, жалғыз басың­ды ғана емес, бүкіл айналаңды ой­лай­сың. Бизнес-бәсекелестіктегі сәтті қадамдар партияда пайдасын тигізгенін жасырмаймын. Партия менің ең алдымен танымалдығымды арттырды. Қазір билік пен халықтың арасында байланыс орнатып, та­лай жанның, елді мекендердің түйін­ді мәселелерінің шешілуіне ық­пал етіп дәнекер болып келемін, де­пу­таттығымның жөні бір төбе. Алдыма келген жандардың басынан өткен оқиғалары, әлемдегі түрлі көзқарас, сан қилы оқиғалар, әртүрлі ой ме­ні бірден шешім шығаруға, қа­лам ұстауға жетелейді. Партияға кел­мегенімде мықты кәсіпкер болар ма едім, кім білсін?! 

– Жалпы, ана мен бала, қыз-келіншектер мәселесіне бей-жай қарамайтыныңызды білеміз... 

– Иә, шамам келгенше ана мен бала мәселесін қозғаймын. Әйел­дер қанатының Түркістан об­лысы бойынша кеңесшісімін, 10 бағыт бойынша қоғамдағы әйел мәселелеріне әсер етуді көз­дей­міз. Өзімнің қоғамдағы кей­бір мәселелерге үн қататын жазу-сызуыммен де керекпін деп ой­лаймын. Партияға алғаш кел­ген жылдары 585 баланы тегін ме­ди­ци­налық тексеруден өткізгенмін. Мық­ты жоба болған еді. Қыздардың тағ­дырына осыдан кейін ойыстым. Неге қыздар ерте жүкті болып қала­ды, неге олар алданады? Неге балалар тастанды? Балалар үйіндегі 2-3 жасқа толмаған құлағы керең, көзі көрмей қалған балаларды көп көр­дім. Мұның көбісі қыздар жүкті болып қалған соң, оны түсіріп тас­тай­мын деп дәрі ішкеннен болады екен. Жалпы, тағдыры осындайға тап болған қыздардың бәрі бірдей жаман емес, ол туралы зерттедім де. Қоғамның бұл проблемасы – өзекті мәселе.

– Ұмытпасақ, «Қошқаратадағы қыз» атты болған оқиғаға негізделген әңгімеңіз осындай жағдайға тап болған қыздың тағдырына құрылған емес пе еді?

– Иә, «Қошқаратадағы қыз» әңгімесі көпшіліктің көңілінен шық­қан туынды болды. Бұл туындыда Шымкент қаласындағы Қошқарата өзенінің бойында өмірден кеткісі келген қызды аман алып қалғаным, оның тағдырына араласып, бұл ойы­на себепкер жанды тауып, олар­дың қайта қосылуына жәрдемші болғаным баяндалады. Сол қызбен әлі күнге дейін араласатыным, от­­ба­сылық дос болып кеткеніміз жақсы суреттелген. Шым-шытырық оқиғаға негізделген туынды алданып қалған қыздың өмірі жайында. 

– Соңғы екі шақырылымда да депутат болдыңыз. Депутат болып жүріп тағы нендей мәселені шешуге ықпал еттіңіз? 

– Депутат халықтың мұңын би­лікке жеткізуші, шешуге атсалысу­шы. Саяси реформалардың арқа­сында, әйелдерге квота берілді. VII шақырылымда 35 депутаттық сауалымның 31-і шешіліпті. VIII ша­қырылымда бір жыл көлемінде 21 депутаттық сауал жол­даппын. 70 пайызы шешілсе қалғаны қаралу үстінде. Азаматтардың өті­ніші орындалып, алғыстарын өз ауыз­дарынан естіген кезіңде тө­бең көкке жеткендей сезінесің. Об­лыстық мәслихатқа Кентау қа­ласы бойынша түстім. Ыбырай Алтынсарин көшесіндегі №11 үйдің тұрғындары аталған үйдің апатты жағдайда тұрғанын, осы мәселені реттеуге ықпал етуімді сұрады. Іргесі қирауға шақ қалған бес қабатты тұрғын үйдің іргетасын бекемдеп, сейсмикалық тұрғыда күшейтуге және күрделі жөндеуден өткізуге депутаттық сауал жолдадым, жетпіс отбасыны алаң күйге салған мәселе облыстық мәслихат сессиясында қаралып 108 млн теңге бөлінді. Уәде бердім, орындалды, тұрғындар алғысын жаудырып жатыр. Кен­тау­дан сайланған депутат ретінде қа­ла­дағы ең күрделі мәселе – №5 жылу энергия орталығының қа­лыпты қызметін қадағалауда ұстап келемін. Жылу беру орталығын модернизациялау бойынша 2022 жылы облыс бюджетінен 793 млн теңге қосымша 498 млн теңге бө­лінуіне ұйытқы болдым. Қазір бұл нысан «AMANAT» партиясының ба­қылауына алынып, кешенді мо­дернизациялауға республикалық бюд­жеттен 14 млрд теңге бағыт­тал­ды. Сауран ауданы Оранғай елді мекенінде психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған 50 орындық медициналық-әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу бойынша депутаттық сауа­лым қолдау тауып, құрылысы бітуге таяу. Өзекті мәселе партияның сай­лауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының іс-шаралар тізбегіне енгізіліп, «AMANAT» партиясының бақы­лауына алынды. Қамкөңіл аналар­дың ар­манын орындауға осылайша маңыз­ды қадам жасалды. Ұлттық тәрбиенің мәйегі Ясауи тәр­­бие­сін балалардың бойына сіңдіру мақсатындағы депутаттық сауалым қолдау тауып, «Бала Ахмет» анима­циялық фильмі түсірілді. 

– Ел ішіндегі осынау ауқымды істерді ер азаматтармен иық тіресе атқарып жүрсіз. Ойыңызда үнемі тұратын, жан дүниеңізді мазалайтын мәселе бар ма? Жалпы, өмірден не іздейсіз?

– Мейірім бар жерде адамгер­шілік бар, адамгершілік бар жерде әділет бар, өйткені адамгершіліктен ештеңе асып кете алмайды. Қазір ұлт тәрбиесі ең өзекті болып тұр. Тіл білген жақсы, бірақ өз тіліңді құр­метте деген тағы бар. Рухани жаң­ғыру бізде еңсесін көтеріп ашыла қоймады, мағынасы терең еді, өкі­нішке қарай, киелі жерлерді ғана түгендеуге басты назар аударылып кетті, оның діңгегі сапалы намысты ұлтты қалыптастыру еді. Түркістан қаласына рухани астана атағын беріп жатыр. Мұнда енді тек Ясауиды ғана емес, басқа ұлыларымызды да осы жерге топтастыру керек. Қалай дейсіз? Алаш ардақтыларының топырағын әкеліп, пантеон жасасақ, өте керемет жұмыс болар еді, оған сүйекті сүйрелеудің қажеті жоқ. Тарихта ұлты, елі үшін жанқиярлық танытқандар көп қой. Мұстафа Шоқайды алайық, кешегі Алаш арыстары сынды мықтыларымыз көп. Түркияда болғанда пантеон­ды көрдім. Атилла деп сырттан кел­гендерге мықтыларын көрсе­тіп отыр. Сол сияқты Алаш ардақ­ты­­ларынан бастап қазақтың көр­нек­тілерін пантеонда дүйім сырт­тан келушілерге таныта алсақ, ұлт ал­дындағы жасаған еңбегіміз бола­тыны сөзсіз. Әрине, ол күні кеше қайтыс болғандарға емес, тарихи тұлғаларға арналуы тиіс. Сонда туристер ағылар еді. 

– Бүгінде зейнет жасындасыз. Арагідік «жастарға орын бермей ме» деген сөздер тікелей өзіңізге бағытталмаса да зейнеткерлерге қатысты айтылып жатады. Бұған не айтар едіңіз?

– Партия мемлекеттік қызмет органына жатпайды. Ол саяси-қоғамдық ұйым. Яғни, ұйымда жас ерекшелігі бойынша шектеу қойылмайды. Қоғамда беделі бар, тәжірибесі толымды, халықтың сұранысына сай қызмет ете білетін азаматтар әрдайым партияның бетке ұстар азаматтары болып та­была бермек. Шетелдерде жасы үлкен сенаторлар баршылық. Орта жас пен үлкен кісілердің идеясы толығып, бірге жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Ақыл тоқтатқан, елге танымал, сөзі өтетін адамдардың да идеясы керек болады. Қаңтар оқи­ғасы кезінде екі кештің ортасында Кентау қаласындағы алаңға шыққан жастардың алдына барып, оларға басу айтқан жалғыз депутат болдым. Ол кезде мен жоғарыдан рұқсат та алмадым. Бұл менің азаматтық ұс­та­нымым. Ертесіне үйді-үйлеріне барып, түсіндірме жұмыстарын жасадым. Жалпы, барлық іс-әре­кеттер ел үшін, ұлтты біріктіру үшін болуы керек. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Ажар ӘЖІБЕК