Соңғы бір жылда Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда байланысы 50 пайызға артып, 10 млн АҚШ долларына жуық­­та­ды.
Қатармен байланыстан не күтеміз?
2,120
оқылды

Cауда және ин­те­гра­ция ми­нистр­лігінің мәлі­ме­тінше, бұл 2022 жылмен салыс­тырғанда 6,6 млн долларға жоғары. Оның ішінде Қатарға экспортталған тауар көлемі былтыр 5,6 млн долларға жеткен. Ал импорт 4 есеге, яғни 4,3 млн долларға ұлғайды. Мем­лекет басшысы жақында Қатарға кезекті сапармен бар­ған болатын. Сарапшылар соңғы кезде Президент Парсы шығанағы елдері бойынша жұмысты жандандырып, елі­мізге инвестиция тарту ұл­ғайғанын айтады. 

Араб елдерінің инвести­циялық әлеуеті үнемі өсіп келе жатқаны белгілі. Бұл жолғы са­пар барысында ЖЭК және газ өнеркәсібін да­мыту жөнінде ке­лісімдерге қол қойылды. Эко­номист Сапарбай Жобаев­тың айтуынша, Қазақстан үшін бұл елдің инвестициялық әлеуеті маңызды болса, Қатар елі бізге азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету тетігі деп қарайды.

– Кез келген мемлекеттер ара­­сында саяси-мәдени, эконо­ми­калық байланыстың артқаны құп­тарлық іс, әрине. Бұл ретте, Қатар – бай мемлекеттердің бірі, сондықтан ол тиімді инвестиция жасау мақсатында көптеген ел­мен тығыз қарым-қатынас ор­натады. Біз үшін де бұл елдің ин­­­вес­тициялық әлеуеті маңызды. Мәселен, Америка Құрама Штат­тары санкция салғаннан кейін елімізде жұмыс істеп тұрған сол кездегі «Сбербанк» Қатар ин­вес­торларының араласуының арқа­сында «Береке банк» ретінде жұмысын жалғастырды. Мемлекет басшысының өзі де қаржы секто­рындағы бәсекелестікті арттыру мақ­­сатында халықаралық банк­терді отандық нарыққа әкелуді тапсырған еді, – дейді сарапшы. 

Экономист Расул Рысмамбетов те бұл пікірді қолдайды. Дегенмен сарапшы инвестициядан бөлек, Шығыс Араб елдерінен мықты стра­тегиялық серіктестер қажет деген көзқараста. 

– Қатар мемлекеті Қазақстанға энергетикаға, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салғаны қажет. Бұл – экономикамызды әр­тараптандыруға жақсы мүмкіндік. Бірақ қаражаттан бөлек қандай тиімді тұстары бар дегенге келсек, Қатарда бізді қызықтыратын көп компания жұмыс істейді. Себебі қазір ол шетелдік компаниялар үшін Шығыс Араб елдеріне жол ашатын хаб рөлін иемденіп тұр, – дейді Р.Рысмамбетов.

Эксперттер Қатар үшін де Қазақстанмен байланыс орнат­қан тиімді деген көзқараста. Са­парбай Жобаевтың айтуынша, Қатардың жер аумағы кішкентай әрі құм­­ды, сол себепті мұсылман елде­рінен азық-түлік алуға ын­талы. Қа­зақ­станнан ұн, бидай, ет, өсімдік майы сияқты өнімдерді бізден импорттауға қызығады. Бізде де олардың талабына сай азық-түлік өнімдерін әзірлеп беруге барлық мүмкіндіктер қа­рас­тырылған.

Экономистің сөзінше, энер­гетика саласында екі ел тығыз бай­­ланыс орната алады. Өйткені Қатар дүниежүзі бойынша ең көп газ өндіретін елдердің қатарында. 

– Ол Түркия, Еуропаның шы­ғысын газбен қамтамасыз етіп отыр­­ған мемлекет. Қазақстан да Түр­­кия одан әрі Еуропа елдеріне мұ­­най экспорттап отыр. Баку-Тби­лиси-Жейхан деген тұрба құ­бырымыз бар. Осы жағынан алғанда біз­дің логистикамыз ұқсас келеді және алдағы уақытта Қатардың ин­­вести­циялық жобаларында бірге жұ­мыс істеуіміз мүмкін. Мә­де­ни қарым-қатынасы жағынан универ­ситеттер филиалдарын ашып, ту­ризмдік байланыстар артады деген ойдамын. 

Cарапшы соңғы кездері жиі сөз болған транспорттық-көлік қаты­насы туралы да пікірімен бөлісті.

– Бұл туралы айтарым, Қатар еліміздің осы саласына инвестиция салмаса, біз Қатарға қарай жол тар­та алмаймыз. Ең қызығы Еуропа мен Қытай арасын қосатын жол Қазақстан-Түркмения-Әзер­бай­жан-Грузия-Румыния арқылы не­месе Түркия арқылы шығады. Бұл маршрутта Қатар шетте қалады. Бізде 90-жылдардан бері парсы шы­ғанағына шығу деген мақсат бола­тын. Осы мақсатта Түркмения ар­қылы Иранға дейін теміржол қосылған еді. Бірақ дамыған ел­дер Иранның атомдық байыту саясатына қарсы шығып, санкция жариялады да, Иран арқылы өту қиындады. Қазір Қатардың Суэц каналына шығуы да қиындап қал­ды. Сондықтан дәл қазір транс­порт саласы бойына Қатар мен Қазақстан мүддесі бір жерде түйі­седі деп ойламаймын, – деді ол.

Дегенмен экономист Расул Рыс­мамбетов тасымал саласында Қа­зақстан үшін маршрут картасын кеңейтетін уақыт жеткенін алға тартты. 

– Қазір елімізде отандық тауар­ларды экспорттауда біршама проб­лема бар. Мәселен, бұрын көп жағдайда тауарларымыз Ресей ар­қылы өзге нарықтарға жеткізілсе, бүгінде көршілес елдің теміржолы әскери мақсатта қолданылуда. Осыған сәйкес оңтүстікке бағыт бұ­­ра­тын кез келді. Себебі 80 пайыз тауары­мызды тек Ресей не­мес Қы­тай арқылы ғана экспорттай ал­май­­мыз. Бізге әрбір көршіміз ар­қы­лы сыртқы нарыққа отандық тауары­­мыздың 10-15 пайызын шы­­­­ғара ала­тындай мүмкіндік жасау қажет. Бұл тасымал сала­­сын­дағы тәукелдерді азайтады. Се­бе­бі мар­шуттар қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы. Осы тұрғыдан алсақ, Қатармен бай­ла­нысымызды арттыру тиімді, – дейді ол.

Мемлекет басшысы Қатарға сапары барысында Қазақстан Орталық Азияның жаңа бейнесін қалыптастырып жатқанын атап өткен болатын. Сондықтан Қатар­ды осы мәселеде белсенді серіктес болуға шақырған еді. Осы себепті сарапшылар алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық бай­­ланыстар нығаяды деген сенім­­де. Сондықтан болашақта Қатар Қазақстандағы ең ірі 10 инвес­тор­дың бірі болуы ықтимал.

Кәмила ЕРКІН