Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кеңейе түсті.
Үйден шықпай-ақ қаржылық сауаттыңызды арттыра аласыз
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
835
оқылды

Биыл жобаға еліміздің бүкіл өңірімен қоса, республикалық маңызы бар 3 ірі қала – Астана, Алматы, Шымкент қосылып отыр. Осыған орай отандастарымызға барынша ыңғайлы болуы үшін Qogamfin.kz арнайы білім беру платформасы әзірленді.

Енді үйден шықпай-ақ қаржылық сауаттыңызды арттыра аласыз. Былтыр іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасының цифрлық платформасы таныстырылды. Осыған дейін 65 мың тыңдаушы оқыту курсынан өтсе, биыл 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыру көзделген. Курстан өткен азаматтардың үштен бір бөлігінде екі немесе одан да көп несиесі бар. 58 пайызы көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Платформа 24 сағат жұмыс істейді. Жоба аясында білім алған азаматтар жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін аша алады.

Платформа әр пайдаланушының қажетіне бейімделген бірегей оқыту құрылымын ұсынып, озық технологиялық шешімдермен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны «Halyk Bank» (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), «Jusan Bank», «Bank RBK», «Nurbank», «Еуразиялық банк», «Altyn bank», «Банк ЦентрКредит», «Freedom bank» және «Bereke bank» қолдады.

Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді.

«Жобаға қатысушылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн-платформа әзірленді. Онда 24/7 режимінде қолжетімді қаржылық сауатты арттыру курсынан бастап, түрлі санаттағы қатысушыларға арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі білім беру ресурсының ауқымды спектрі бар. Сонымен қатар, күндізгі форматта білім алғысы келетін азаматтар сайтқа кіріп, курсқа жазыла алады. Ал семинарға қатыса алмайтын адамдар үшін сайтта бейне сабақтар мен әдістемелік материалдар орналастырылады», - деді Әлішер Өмірбаев.

Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева несие бойынша 90 күннен астам уақыт төленбей келген берешегі бар отандасымыздың саны 2 млн-ға жуықтайтынын айтты. Бұл – халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың шамамен 20%-ы.

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар.

Сонымен қатар сарапшылар, мектеп, колледж және білім ордалары шәкірттеріне арналған оқу құралдары әзірленгенін атап өтті. Бұл қадам шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қолда бар қаражатқа барынша жауапты қарауды үйретуге мүмкіндік береді. Дәл осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқыту курсын әзірлеп, оны биыл айналымға енгізу жоспарлануда. Ал мектеп қабырғасында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының мамандары тәуелсіз сарапшылар мен мұғалімдерді тарта отырып, қолданыстағы «Жаһандық құзыреттілік» пәніне аудит жүргізді. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінен, «Қарызсыз қоғам» жобасының педагогтары мен сарапшыларынан құралған жұмыс тобы оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға арналған жаңа курс бойынша жұмыс істеуде.