Ата-анасы ұлын бір күн бойы іздеп, нәтиже болмаған соң полицияға хабарлаған.
Түркістан облысында із-түзсіз жоғалып кеткен жігіт көршісінің үйінен табылды
Фото: polisia.kz
11,432
оқылды

Түркістан облысында мойнындағы көп қарызын ата-анасына айтуға қорыққан жігіт көршісіне ескертпестен оның үйінде жасырынып жүрген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өзінің 23 жастағы ұлының сағат 21:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.

Ата-анасы ұлын бір күн бойы іздеп, нәтиже болмаған соң полицияға хабарлаған.

«Тәртіп сақшылары бірден жоғалған ер азаматты іздеуге жұмылдырылды. Учаскелік полиция инспекторлары сол маңдағы барлық көше мен аулаларды мұқият қарап шығып, тұрғындардан сұрастырды» – делінген хабарламада.

Екі күнге созылған жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ғайып болған жігіт көршісінің үйінен табылды. Тәртіп сақшылары анықтағандай, 23 жасар жігіттің жеке басында үлкен сомада қарызы болған. Ол жағдайды ата-анасына жеткізуге қорқып, көршісіне айтпастан оның үйінде тығылып жүрген.

Бүгінде оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Іздеуге атсалысқан полицейлерге ата-анасы алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.