Депутаттың айтуынша, бүгінде көп университеттерде бұл қызметтің қадірі кеткен.
Депутат ЖОО-дағы Директорлар кеңесінің жұмысын жоққа шығарды
ru.freepik.com
759
оқылды
«AMANAT» фракциясының депутаттарының атынан мәжіліс депутаты Марат Башимов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

 – Еліміз бойынша жоғарғы оқу орындарындағы Директорлар кеңесі ретінде жобалық басқарудың жаңа әдістері енгізілгені бәріне белгілі. Әрине, басында осы идеяны жүзеге асырудағы жолдары мен демократиялық принциптер айқын көрінді. Бірақ 3-4 жылдық жұмыстың нәтижесінде, көп университеттерде бұл қызметтің қадірін кетіріп жіберді.  Мысалы, жақында ғана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы студенттермен болған жағдай тәуелсіз қоғамдық ұйым жұмысының нашарлығын ашық көрсетіп отыр. Жай ғана белгілі әлеуметтанушы, сарапшы Гүлмира Илеуованың жағдайын алып қараңыздар. ҚазҰУ басшылығының пайдасына қарай, оны директорлар кеңесінен шығарып тастады. Мұндай білікті кадрды, яғни гуманитарлық ғылымның маманын қоғамдық ұйым мүшелігінен шығару қаншалықты қажет еді деген сұрақ туындайды. Оған қоса, Ғылым және Жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан кейбір ректорлар Директорлар кеңесін өз адамдарымен ауыстырып қойған. Себебі, олардың сөзін сөйлеп, ісін қолдап-қуаттап отырады.

Өкінішке қарай, бүгінгі оқуы орындарынң жүйесі бұрынғы саяси режимнен қалған жағымсыз процестердің бәрін бойына сіңіріп алған. Тіпті, университеттерде әлі өктемшілдік: оқытушыларға қысым жасау, олардың бастамаларын басу мәселелері әлі бар. Оқу орындарындағы сыбайластық жемқорлықтың өзі ушығып тұр.  Сонымен қатар жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, барлығын толыққанды бақылауда ұстайды.  Соның салдарынан  дамуға, жаңашылдыққа әкелетін дүниеге қорқынышпен қарайды. Ал бұл дегеніміз – бүкіл білім беру жүйесінің алға жылжуына, олардың алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкес болуына кедергі келтіреді.

Біріншіден, коммерциялық емес заңды тұлғалар шеңберінде құрылған Директорлар кеңесінің жүйесі ректорлардың жасырын қарсылығына байланысты ЖОО жүйесінде әрең жұмыс істеді, бірақ үмітін ақтамады. Екіншіден, ректорлар студенттер мен оқытушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын құруға әлі бастамады. Өйткені, олар беделіне нұқсан келтіретін барлық нәрседен қорқады. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы барлық директорлар кеңестерінің атқарып жатқан істерін бақылауға алу керек. Әсіресе,  студенттер мен оқытушылардың құқығын қорғауға байланысты  жұмыстың қаншалық тиімді атқарылып жатқанын тексеруді сұраймын,  – деді Марат Башимов.