Биыл елді мекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды.
Төтенше жағдайлар министрі су тасқыны қаупі жоғары өңірлерді атады
Фото: ТЖМ
2,018
оқылды

Үкіметтің бүгінгі отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі  жағдай бойынша елдегі су тасқыны жағдайы біршама тұрақталған.

– Сонымен қатар Қазгидрометтің ақпан және наурыз айларының соңындағы алдын ала болжамына сәйкес, республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық нормамен мол жауын-шашын түсуі мүмкін. Осыған байланысты  10 өңірдің елді мекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, ал Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерінде қардың көп еруіне байланысты су басу қаупі бар,–  деді Әрінов.

Шыңғыс Әрінов ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізгеніне тоқталды.

“Көктем” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты құлақтандыру пысықталды, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды.

– Елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу, арықтарды, каналдарды, сондай-ақ авто және теміржолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту нақты түрде жүзеге асырылды. Елді мекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылды. Бірақ жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, бұл жеткіліксіз, – деп нақтылады министр.

Кейінгі үш жылдағы статистикаға сәйкес, қабылданған алдын алу шараларына қарамастан, жылда Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басып келеді.