Елордада азамат экс-сүйіктісін алып қашпақ болған, алайда ауа райы оның бұл әрекетіне тосқауыл болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“102” пультіне 20 жастағы қызды еркінен тыс Daewoo Nexia автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Қоңырау шалушының хабарлауынша, кешкі уақытта туысы екеуі жұмыстан қайтып келе жатқанда, тұрғын үйдің ауласында оларға көлік жақындап келіп, ішінен төрт жігіт түсіп, әпкесін күштеп көлікке отырғызып алып кеткен. Арызданушы таныған ұрлаушылардың бірі олардың ауылдасы болып шыққан. Бұрын олар қарым-қатынаста болған, бірақ көп ұзамай олар айырылысып, аралары алыстап кеткені белгілі болған.
Көлік пен ұрланған қызды іздеу үшін қалада “Ұстау” жоспары енгізілді. Бірден жедел ізіне түскен полицейлер күдіктілер тізгіндеген көлікті аңдып, тоқтатты. Белгілі болғандай, жігіттер оны Түркістан облысына апармақ болған, бірақ ауа райының қолайсыздығынан қаладан шыға алмаған.
Қазіргі уақытта адамды бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер атап өткендей, баптың санкциясы үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.