Оның айтуынша, облыс аумағына қалың қар түсіп, борандатуда.
ШҚО әкімі өңір тұрғындарына үндеу жасады
1,979
оқылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ауа райына байланысты өңір тұрғандарына  үндеу жасады, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, облыс аумағына қалың қар түсіп, борандатуда. Соңғы күндері жауын-шашынның екі айлық нормасы жауды. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы бір метрден асты. Ауа райына байланысты республикалық маңызы бар 6 және облыстық 8 бағыттағы жол жабылды. Оларды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. 

"Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жалпы саны 400-ге жуық арнайы техника тартылды. Төтенше жағдай қызметінің жедел желісі іске қосылды. Волонтерлер жеке секторларда қарды тазартуға көмек көрсетуде. Осындай қиын уақытта күндіз-түні тынбай жұмыс істеп тұрған мекемелер мен қол ұшын беріп отырған жанашыр азаматтарға алғысымды білдіремін! Облыста қар көшкіні қаупі бар 487 аймақ тіркелген. Олар – Қазселденқорғау орталығы мамандарының бақылауында. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етуге тиісті тапсырмалар берілді. Бүгін түнде ауа температурасы минус 35 градусқа дейін төмендеп, қардың арты аязға ұласпақ. Мен, облыстың барлық тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын! Алыс жолға аса қажет болмаса, шықпауды сұраймын! Облыстағы жағдай менің жеке бақылауымда", – деді ол.