Елімізде бұқараны баспанамен қамту бағытында жанданып жатқан жо­балар аз емес.
«Әулиеата жастары»: жоба жалғаса ма?
коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
499
оқылды

Екі жыл бұрын Жамбыл об­лыстық Жастар саясаты мәселелері бас­қармасы «Әулиеата жастары» жо­басын қолға алған. Игі бастама алғашқы жылы-ақ жемісін бергенін жасырмай­мыз. Алайда биыл жобаны қаржы­лан­дыру тоқтатылады деген әңгіме ел ішін желдей кезіп жүр. 

 Жалпы, «Әулиеата жастары» жобасы облыс бойынша барлық деңгейде талқыланып, сараланып, мақұлданған. Бағдарламаны әзірлеуде өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Нәтижесінде, «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен облыс әкім­дігі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. 

Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған­дықтан, бұл бастама талай жастың төбесін көкке жеткізгендей еді. 

Бағдарлама шарттары бойынша алғашқы жылы жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін бекітіліп, несие беру уақыты 19 жылға межеленді. Ал пайыздық мөлшерлеме – 5, бастапқы жарна 5 пайызды құрады. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және журналистика саласында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатыса алатын болып шешілді. Бұған қоса, бағдар­ламаға қатысушы конкурсқа өтінімді толтыру кезінде облыс аумағында өзі еңбек ететін сала­да соңғы бір жылдан кем емес уақыт жұмыс істеуі, «Отбасы банкінде» жинақ шотының болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 140 470 теңгеден аспауын қажет етті.

Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» арасын­­да бекітілген өзара келісім негізінде бюджеттен 500 миллион теңге бөлінсе, қатысушыларға құжат тапсыруға берілген 10 күннің ішінде 591 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, 21 адамнан жасақталған комиссия шешімімен барлық талапқа сай келетін 41 жас баспаналы болу бақытына кенелді. 

Ал былтыр баспанамен қамтылатын жас­тардың санын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен – 1 млрд теңге, «Отбасы банкінен» 1 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Соны­мен қатар бағдарлама талаптарына да бірқатар өзгеріс енгізіліп, қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеге дейін көтерілген. Алдыңғы жыл­ғы 5 салаға тағы дін саласының қызметкер­лері қосылды. Нәтижесінде, өтінім қабылдау­дың төрт кезеңі бойынша 677 өтінім қабыл­данып, комиссия шешіміне сәйкес, 226 қа­тысу­шыға «Отбасы банкіне» жолдама берілді. 451 өтінім талаптарға сай келмеуіне байла­нысты қанағаттандырыл­мады. Берілген 226 жолдама бойынша 82 қатысушы түрлі себеппен банк іріктеуінен өтпей қалса, 144 азамат тұр­ғын үй алды. Қоян жылының қорытындысы бойынша, тек Тараз қаласынан 132 адам баспана кілтіне қол жеткізсе, денсаулық сақтау саласынан 69, білім беру саласынан 21, журналистика саласынан 18, спорт саласынан 10, мәдениет саласынан 9 және дін саласы бойынша 5 азамат қоныс тойын тойлады.

Алайда бағдарламаның екінші кезеңі аяқталған соң ел арасында «2024 жылдан бастап «Әулиеата жастары» жобасы тоқтайды екен», «Бағдарлама «Отбасы банкіне» тиімсіз болыпты» деген сынды әңгіме тарала бастады. Бұл хабар алдыңғы жылдары іріктеуден өте алмай, бар үмітін биылға артып отырған талай жастың көңілін су сепкендей басқаны рас. Осы орайда, жобаның ендігі болашағы жайлы білмек мақсатта Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхарға хабарластық. 

– Қазір бағдарламаның биылғы кезеңінің шарттарын нақтылап жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз басқарманың атынан облыс әкім­дігінен 1,5 миллиард теңгеге сұрау жолда­дық. Сондай-ақ «Отбасы банкіне» 1 миллиард теңге бөлуге сұраныс бердік. Қос тараптан 2,5 миллиард теңге бөлінген жағдайда биыл 170-ке жуық жасты баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы. 

Бұдан бөлек, биыл да бағдарлама талап­тарына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Ж.Зұлпы­хардың сөзіне сүйенсек, осы жылы «Әулиеата жастарына» қатысуға мүмкіндігі бар 6 сала қыз­меткерлерінің қатары тағы бірнеше сала­мен толықпақ. Алайда олар нақты қандай саланың мамандары болатындығы әзірге белгісіз. Себебі барлық мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы